Судья мінбері | Судебная система

Рухани жаңғыру кілті – мемлекеттік тілде

 

Мемлекеттік тілдің аясы кеңіді. Халықтың ұлттық санасы оянып, тарихы мен өткеніне үңілген тұста оған әрине, ең алдымен, тілі, салт-дәстүрі көмекке келеді. “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында Елбасы Н.Назарбаев та әр халыққа өз туған тілі қажет екенін, рухани жаңғыру үшін оның мәртебесі биік болуы қажет екенін баса айтқан-ды. «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деген болатын Президент. Ол ізгі қасиет ана тілінде жатыр. Әлемдік өркениет көшіне де қазақ ана тілі арқылы ілеседі. Бүгінгі жас ұрпақтың да көңіл көкжиегі туған тілі арқылы қалыптасады. Ұлттық сананың қозғаушысы да осы тіл. Ендеше, бұл елдіктің көрнісі. Сол себепті де мемлекеттік мекемелер мен бүкіл күштік құрылымдар, Қазақстанның қозғаушы тетіктері өз ана тілінде іс қағаздар толтырып, қызмет көрсету міндеттерін де мемлекеттік тілде атқаруға тиіс.

Қазіргі таңда Қазақстан билігі мен атқарушы тетіктер осы міндет үддесінен шығуға тырысуда. Халық демократиялық ашық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан кез келген шенеуніктен мемлекеттік тілді талап етуге құқылы екендігін түсінді. Елдегі сот саласы да халықтың талап-тілегімен санасып, қазіргі таңда бүкіл іс-қағаздарын, сот процестерін мемлекеттік тілде жүргізіп жүр. Елдің тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін Қазақстан Үкіметі де мемлекеттік тілдегі бағдарламаларын кеңейтіп, қазақ тілінің аясын ұлғайтты. Мемлекеттік тіліміздің құқығы ел заңдарымен қорғалады. Тілді қорлауға, ешкімнің мазақ етуіне жол берілмейді. Мемлекеттің жаңа, жас кадрларды да мемлекеттік сауаттылыққа баулып, ел заңдарын мемлекеттік тілде сөйлету іс-шаралары да бүгінде жақсы нәтижелерін бере бастады. Қазақтың белгілі ақыны М.Жұмабаев: “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” – деген болатын. Ендеше, мемлекеттік тілі, туған тілі әрбір қазақстандық үшін үлкен мақтанышқа айналуы керек. Рухани-мәдени байлықтың көрнісі іспеттес болған туған тіл ұрпаққа да таза қалпында аманатталатын болса, қазақ тілінің келешегі кемелдене түседі. Президент

Н. Назарбаевта «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз», – деген-ді. Ендеше, мемлекеттік тіл мәртебесінің әрқашан да биіктей беретіні анық.

Э.Асубаева,

Панфилов аудандық сотының судьясы,

Алматы облысы

Комментарий

Бөлісу | Поделится