Судья мінбері | Судебная система

Жемқорлыққа төзбестік ахуал қалыптастыру – оны жоюдың бірден-бір жолы

Елімізде жемқорлықпен күрес ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңының, сондай-ақ, арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарламалар негізінде іске асуда. Бұған қоса «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 13-қадамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселесі көрсетілді. Тіпті, сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс-әрекеттің алдын алуға көмектескендерге үкімет тарапынан арнайы сыйақы да қарастырылып, қауіпсіздіктері заңмен қамтамасыз етілді. Мемлекет басшысы халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында «Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресуге аударылып отыр. Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет» деді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барлық адамдардың заң мен сот алдында теңдiгiн сақтауды; мемлекеттiк органдардың қызметiн анық құқықтық регламенттеудi, мұндай қызметтiң заңдылығы мен жариялылығын, оған мемлекеттiк және қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуді; мемлекеттiк аппараттың құрылымдарын, кадр жұмысын жеке және заңды тұлғалар құқықтары мен заңды мүдделерiн қозғайтын мәселелердi шешу рәсiмдерiн жетiлдiруді; жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, сондай-ақ, мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық, саяси-құқықтық ұйымдық-басқару жүйелерiн қорғаудың басымдығын қалыптастыруды мақсат етеді.

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттік қызмет пен жергілікті басқару органдарында тыйылмай тұрғаны бүгінгі күннің ащы шындығы. Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру мақсатында сот саласына жаңа ақпараттық технологиялар, атап айтқанда, «Сот кабинеті» сервисі, «Төрелік» ақпараттық жүйесі, т.б. енгізілді. Сот процесстерінде ауди-бейне жазбалардың қолданылуы, сот кабинеті мен ақпараттық киоскі, осы секілді оң өзгерістердің әрқайсысының жемқорлыққа жол бермеуге өзіндік әсері бар. Заманауи ақпараттық технологияларды қолдану нәтижесінде сот қызметінің қолжетімділігі, ашықтығы мен тиімділігі артты. Бүгінде сотқа келіп түскен істер, талап арыздар, шағымдар судьялар арасында автоматты түрде бөлінеді.

ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңында мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтар туралы мәліметтері бар материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жөнінде заңда көзделген шараларды қолдануға міндетті екені көрсетілген. Мұны айтып отырғанымыз, мемлекетіміздің дамуына орасан зардабын тигізетін жегіқұртпен қоғамның әр мүшесі үздікссіз әрі ашық түрде күрессе ғана нәтижеге жетеміз. Лауазым иелерінің заңды белден басуына қарапайым тұрғындар немқұрайдылығы да сеп болуда. Олар

кез-келген проблеманы заңды айналып өтіп, шешуге болады деген түсініктен аса алмауда. Барлық салада сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту басты мақсат десек, құзырлы органдардың жемқорлыққа жол бергендерді халыққа ашық түрде жария етуі көп адамға сабақ болар еді.

Жемқорлықпен күрес ең алдымен адами фактордың таным-түсінігіне, рухани кемелділігіне байланысты. Әркім өз отбасында парақорлықтың зияны мен зардабын ұғындырса жастар да бұл дерттен аулақ болады. Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы ерекше. Әрбір азамат өзінің қызметін адал атқарып, туған елінің шынайы патриоты болғанда ғана қуатты мемлекет құрылады. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Дегенмен, бес саусақтың бірдей еместігі секілді адамдар да әртүрлі. Елге адал қызмет ететіндер де, керісінше, қылық жасайтындар да бар. Содан болар, халық несібесі мен ел қазынасына қол салатындардан арылу барлық мемлекеттің өзекті мәселесіне айналып отыр.

Кез келген мәселені заңды жолмен шешуге, заңды құрметтеуге үйренсек, келеңсіз, жемқорлық құбылыстар өзінен-өзі тыйылады. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуал қалыптастыру оны ауыздықтаудың бірден-бір жолы екені анық.

Абзал Қожанов, Талғар аудандық сотының судьясы

Алматы облысы

Комментарий