Қоғам | Общество

ШҚО-да дәрігерлер әйелдің асқазанынан 32 сантиметр болатын ұйысқан шашты алып шықты

Шығыс Қазақстан облысында онкологиялық орталық дәрігерлері сирек кездесетін дертке шалдыққан әйелге ота жасады. Олар пациенттің асқазанынан «шаш ісігін» алып шықты.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі yk.kzбасылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Дәрігер Ербол Құсайынов әйелдің асқазанынан трихобезоарды алып тастады. Пациент екі жыл бойы тамақ ішкеннен кейін асқазанында ауырлық сезімі пайда болып, күш түсетінін айтыпты. Сонымен қатар ас қорытылуы нашарлап, асқазаны ауырған. Салдарынан ол аз тамақтанып, қатты арықтап кеткен. Оның кіндігінің төменгі жағындағы эпигастральді аумағында қатты әрі үлкен зат пайда болыпты.

Анықталғандай, әйелдің асқазаны күрт өзгеріп, ұлғайып, кіндігінен төмен түсіп кетіпті. Оған асқазанда тұрған қатты зат себеп болған.

Ота барысында дәрігерлер әйелдің асқазанын тұрып қалған қара түсті, қатты затты алып шықты. Ол екі бөліктен тұрады және көлемі 32х6,0х5,0 сантиметр болатын шашпен оралған.

Отадан кейінгі уақытта тиісті ем-дом жасалып, бір аптадан кейін пациент үйіне жіберілді.

«Безоарлар – ас қорыту жолдарына, әсіресе асқазанда, адам жұтып қойған түрлі заттардан түзілетін зат. Олар сирек кездеседі. Қазіргі уақытқа дейін 500-ден аса жағдай тіркелген. Ал трихобезоар тек пациенттердің бір пайызында болады. Ол адам шаш немесе жүнді жұтып қойған жағдайларда аталған заттардың асқазанда жиналып қалуынан пайда болады. …

Нәтижесінде асқазанда «шаш ісігі» пайда болады. Ол оралып, жабысып қалған шаштардан тұрады. Оған май мен шырыш сіңіп қалады», – дейді онкологиялық орталықтың баспасөз хатшысы Думан Махамбетова.

Комментарий