Құқық | Право

“Заңға қайшы”: Бұрынғы вице-министрдің сотында адвокаттар мен прокурорлар қырқысып қалды

Күні кеше Қарағандыда еліміздің энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Анатолий Шкарупаның соты басталды. Экс-шенеунік Сарань қаласының әкімі болған кезінде бюджеттен 215 миллион теңге жымқырды деп күдіктелуде. Алайда сот басталмай жатып адвокаттар мен прокурорлар айтысып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТКарнасына сілтеме жасап.

Бастапқыда адвокаттар прокурорларды ауыстыруды талап етті. Артынша экс-шенеунікке қатысты қозғалған іспен толық таныспағандарын айтып, тіпті, қылмыстық іс тоқтатылсын деп арызданды.

Адвокаттардың сөзінше, тергеуді Нұр-Сұлтан қаласының прокурорлары жүргізген. Ал сот отырысында 115 томдық айыптау қорытындысын қарағандылық прокурорлардың жүргізуі «заңға қайшы» деп отыр. Сонымен қатар олар қолдарына істің тек 110 томы берілгенін жеткізді.

Ендігі сот төрағасы адвокаттардың осы арыздарына қатысты шешім қабылдауы тиіс.

«Тергеу жүргізген астаналық прокурорлар сотқа да қатысуын талап етемін. Олар жеті ай бойы жүргізген 115 томдық істі қарағандылық әріптестері бірнеше күннің ішінде қалай зерттеп алды? Өзім іспен бес ай бойы таныстым және ақталып шығатыныма сенімдімін. Сол кезде тергеуді шала жүргізген прокурорлар жауапқа тартылуы керек деп есептеймін», – дейді сотталушы Анатолий Шкарупа.

Еске сала кетсек, энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Анатолий Шкарупа 2018 жылдың қараша айында қамауға алынған еді. Ол Қарағанды облысы Сарань қаласының әкімі болған кезінде мемлекеттік бюджеттен 215 миллион теңге жымқырды деп күдіктелген.

Комментарий