Елең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

Қазақстанда қандай банктер арқылы пара берілетіні белгілі болды

Бүгінде сан алуан электронды жүйелер арқылы пара беру әрекеттері жыл сайын көбейіп келеді, соның ішінде Halyk bank пен Kaspi bank те бар

 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі параның қай банктер арқылы берілетінін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Тергеуші Данияр Бигайдаровтың айтуынша, бүгінде сан алуан электронды жүйелер арқылы пара беру әрекеттері жыл сайын көбейіп келеді.

“Биыл Kaspi банктің төлем жүйелері арқылы пара беру фактілері анықталған. Соның ішінде Kaspi Gold, Kaspi әмиян және тағы басқа қызметтер бар. Мысалы, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының  басшысы бөлім басшысы арқылы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерін жұмысқа алғаны үшін 700 мың теңге көлемінде пара алған. Ол ақша Kaspi Gold арқылы аударылды”, – деді Бигайдаров астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, басқа банктердің есепшоттары арқылы пара беру әрекеттері де аз емес. Мәселен, Павлодар облысында АП-162/10 мекемесі басшысының міндетін атқарушы Хасенов пара алғаны үшін 6 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Ол сотталушының жазасын қысқарту туралы ұсынысты сотқа жолдағаны үшін 200 мың теңгенің парасын Halyk bank-тегі есепшотына аударту арқылы алған.

Бұдан бөлек, елімізде Kiwi әмиян, Olimp букмекерлік кеңсесінің логиндері мен ұялы телефонға баланс салу арқылы пара беріледі. Атап айтқанда, Батыс Қазақстанда ұлттық ұланның әскери бөлімше бастығының орынбасары Омаров пен киім-кешек қызметінің бастығы Қыдыров кәсіпкерден 300 мың теңгенің парасын Kiwi әмиян арқылы алған. Қарағанды облысында түрме қызметкері Курков деген азамат 12 миллионның айыппұлын төлейтін болды. Ол сотталушының жағдайын жақсартқаны үшін 200 мың теңгені Olimp букмекерлік кеңсесіндегі логиніне салып беруді талап еткен.

“Ал Солтүстік Қазақстанда Исраилов деген азамат мүгедектік туралы анықтама үшін параны ұялы телефонға баланс салу арқылы берген. Негізі, ондай қылмыстарды анықтау қиын емес. Осы салада проблема жоқ”, – деп атап көрсетті Бигайдаров.

Комментарий