Қоғам | Общество

Нағыз емшіні алаяқтан қалай ажыратуға болады? Емшілер ассосациясының төрағасы түсіндірді

Елімізде емші атану үшін қандай қасиет болуы керек, кімдер атана алады, адам емдеу үшін кімнің рұқсатын алады. Stan.kz тілшісі Қазақстан халық емшілері қауымдастығының төрағасы Зиядан қажы Қожалымовпен кездесіп, емшілік пен адам емдеуге қатысты егжей-тегжейін біліп қайтты. Еліміз Тәуелсіздігін алып, іргесі қаланып жатқан тұста, осыдан 28 жыл бұрын құрылған Қауымдастықтың құрамында екі мыңға жуық емші бар.

Зиядан қажы, емші деген кім? Оларға сенуге бола ма?

Біріншіден, емшілік – ата-бабадан таралатын текті қасиет. Екіншіден, оқығаннан пайда болатын қасиет. Үшіншіден, не білімі жоқ, қасиеті жоқ адамдар өздігінен күн көру үшін бастайды. Ал бақсылық ертеректе адам пайда бола бастағаннан бері бар. Бақсылықтың құрамында емшілік те, көріпкелділік те, телепатиялық та, құмалақшылық та, сынықшылық та, жауырыншылық та, ақындық, сазгерлік те бар. Кейбіреуі өздерінің жын-перілерін шақыру арқылы емдерін жасап, өздеріне адамдарды иландырады. Ал әлемде иландыру деген ғылым бар. Мәселен, сену-сенбеу осыдан шығады. Егер сіз бірнәрсеге сенсеңіз, жолыңыз болады. Ал сенбесеңіз, онда жолың байлануы мүмкін.
Алайда, кейде медицина бақсылықты жоққа шығарып жатады…
Біз емшілерге қарсы шығуымызға болмайды. Бірақ емшіге деген көзқарас кейіннен өзгерді. XIII ғасырда Өзбек хан ор қазып бақсылар мен емшілерді тірідей көмген. Ал кейінгі Кеңес заманында олар қудаланды, жындыханаға салынды, жер аударылды, ұрпақтарын өмірбақи бақылаушы мемлекеттік орындардың есебіне қойды. Оларды ешқандай жерге жұмысқа алмады. Біз осы нәрселерді көзбен көргенбіз. Егемендік алғаннан кейін емшілікті біз қолға алдық. Десе де алғашқы замандарда сауатсыз емшілер көп болды. Олардың істемегені жоқ. Солардың барлығының айтқанына сенді жұрт. Оларды қолдан құдай жасады. «Аққулар», «ордалар» деген топтар қаптап кетті. Қазір де бар. Оларды заң жүзінде қазір де жауып жатыр. Міне, осылар халқымыздың санасын улады. Мәселен, олардың айтып жүргендеріндей әулиелердің қабірін құшақтауға, олардың бастарына түнде түнеп, бақсы ойнауға немесе олардан тілеу тілеуге болмайды. Бірақ тарихымызда ізі қалған кісілердің зиратына барып, Алладан тілек тілеу керек.

зядан ата
Халық емшілер ассоциясында емшімін деп келген барлық адамға лицензия беріле ме? Қанша емші тіркелген?
Бұл халық емшілер ұйымына 28 жыл болды. Алматы облысы бойынша 2000 адам тіркелсе, қазір соның 15-20-сы ғана жұмыс істейді. Бірі өзінің сауатсыздыған, енді бірі отбасылық жағдайы бойынша кетті. Көбі денсаулығына байланысты қойды. Ал сауатсыз емшіні біз не істейміз? Құжатты олар менің өзімнен алады. Үш жыл бойы емшілерді тұрақты оқытып келемін. Емшілердің барынша сауатын ашып жүрген жайымыз бар. Халық емшісі қазақ тарихын білуі керек. Хабарсыз кеткен емшілерді тіркеуден алып тастаймыз. Өйткені олар біздің құжаттарды пайдаланып қылмыс жасап қоюы мүмкін. Біз жарғы бойынша жұмыс істейміз. Ол жерде егер емші бір жылғы жарнасын төлемесе немесе хабарсыз кетсе шығару керегі айтылған. Солардың төлеген жарнасының арқасында әлі күнге дейін газетімізді шығарып келеміз. Әйтпесе Денсаулық сақтау саласымен 20 жыл бойы күресіп келдік. Олар емшілер ұйымын құлатуды ойлап келді. Барлық мемлекеттік ұйымдар маған жабылды. Бірақ қазір оның өздері жабылып қалды да біз ғана қалдық. Тыныш қана жұмысымызды істеп жатырмыз.

Емшілер жыл сайын сынақ сияқты бірдеңеден өте ме?
80% ауру сенімнен жазылады екен. Сөз терапиясы арқылы. «Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады» деп бекер айтылмаған. Қазақтың бір ауыз сөзі баласызға сәби сыйлаған. Ендеше «Сіз жазыласыз», «Сіз әдемі адамсыз», «Сіздің ауруыңыз қазір қояды» десе адамның өмірге деген махаббаты ашылады. Ал 20% ауруға салып жатқан укол, ішкен дәрі-дәрмектерің әсер етеді екен. Сөз терапиясын дамыту керек. Сол үшін біз емшілерді шешендікке үйретіп жатырмыз. Бізде ғылыми лаборатория бар. Ол адамның жан-дүниесін тексереміз. Қасиеті ғарыштық па, әлде ата-бабадан берілген ба соны анықтаймыз. Бұларды арнайы АҚШ-тан алып келген аппарат арқылы байқаймыз. Екінші, биоқуатты тексереміз. Үшінші, менен тексеріледі. Содан сен көріпкелсің бе, бақсысың ба, құмалақшысың ба соған байланысты құжатын алады. Ол бір жылға ғана беріледі. Емшілердің негізгі жұмыс орны осы болады. Бірақ ешқандай айлық берілмейді. Шетелге шықса, міндеттемені мен беремін.
Емшілерге медициналық білім керек пе?
Емшілер ұйымының ішінде профессор, дәрігерлер де бар. Қытайдан келген дәрігерлердің көбісі де осында тіркелген. Егер медициналық білім аламын деген емшілер болса, онда еш қарсылық жоқ. Оқып жатқандары да баршылық. Негізі оқығаны жақсы.
Соңғы уақытта емшілердің қолынан қаза тапқандар көбейіп кетті… 
Қателік жасап отырған емші дәрігерлерді естіп жүрміз, әрине. Бірақ олар біздің ұйымға кірмейді. Бірақ жанама ашып алған ұйымдар көп. Оған біз ештеңе істей алмаймыз. Арнайы заң бар. Солар қарасын.
Өзіңіз емшілікпен айналысасыз ба?
Мен емшілікпен шұғылданбаймын. 1999 жылға дейін айналыстым. Содан кейін ғылымға кеттім, қазір шаруам көп. Бір адамды емдеу үшін уақыт керек. Ал мен емшілікпен айналысып кетсем, мына ұйымға кім қарайды? Ғылыммен кім айналсып, кім кітап жазады? Мен тек емшілерге нұсқаулық беремін. Құдай маған құдіретті жіберді. Кейіннен тарихыңды жаз деді. Мені «Ғарышпен байланысатын адам» деп алғаш сырымды Мекемтас Мырзахметов тапқан болатын.
Ал кейбір емшілер көздеріне бірнәрсе елестейтінін айтып, адамдарды сол бойынша емдеп жатады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
Кейде күйзеліске түскенде, қайғы әсер еткенде, жоқшылық, ашаршылық кезінде, жұмыссыздық, жанұядағы береке кеткенде тағы басқа жағдайда адам стресске түседі. Сондайда денедегі қуат кетіп, әлсіздік пайда болады. Дене тепе-теңдігін жоғалтады. Міне, сол кезде адамның көзіне неше түрлі нәрселер елестеп, бір түрлі жағдайға душар болады. Ал оны бір қасиетке балап, емші болып кету ол – адасу. Ондайға сенбе. Мұның барлығы жын-шайтанның әрекеті.
Дайындаған Анар Дәукен

Комментарий