Қоғам | Общество

Қант диабеті

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда қант диабетімен ауыратындар саны 310 мыңнан асады. Екінші типтегі қант диабетіне шалдыққан 291 мың адамның 65 пайызы – әйелдер. Тегін емделетініне қарамастан диабет айылын жияр емес. Мамандардың айтуынша, науқастардың көбі ауруын асқындырып алып, соңы мүгедектікке әкеп соқтыратын жағдайлар жиі кездеседі.

Сусамырдың пайда болу себептері қандай?

Диабет – зат алмасу процесінің бұзылуынан болатын эндокриндік аурулар тобына жатады. Бұл дертке шалдыққан адамдардың ағзасында глюкозаның сіңу процесі бұзылады. Инсулин – көмірсу алмасу процесіне тікелей жауап беретін гормон. Онсыз қант организмдегі жасушаларға сіңбей, қан құрамында қалып қояды. Салдарынан жүйке тіндері мен органдар жұмысы бұзылады.

Жалпы, инсулин әбден зерттелген гормон. Соған қарамастан диабеттің пайда болу себебі әлі күнге дейін белгісіз күйінде қалып отыр. Әдетте, дәрігерлер мұны тұқым қуалаушылықпен байланыстырады. Сондай-ақ, диабет ұйқы безі аурулары, гепатит немесе өзге де аутоимундық сырқаттар, дұрыс тамақтанбау мен зиянды әдет салдарынан пайда болуы мүмкін.

Диабеттің түрлері

Диабеттің негізгі деген төрт түрі бар: бірінші және екінші типтегі созылмалы диабет, гестациондық диабет және сусамырдың өзге формалары. Гестациондық диабетке кейбір жүкті әйелдер шалдығуы мүмкін. Ол жүктілік немесе босану кезінде қиындықтар тудырып, екінші типтегі диабетке ұласып кетеді. Ал, бірінші типтегі диабетте организмді ұйқы безіндегі зақымданбаған жасушалар шабуылдай бастайды. Салдарынан инсулин тиісінше бөлінбей, науқас қандағы қант мөлшерін үнемі тексеріп, инсулин егіп жүруге мәжбүр болады. Қант керісінше, аз болса (гипогликемия), оны шырынмен немесе мұзкәмпитпен көтеру қажет. Статистикаға сүйенсек, әдетте диабеттің бұл түрі балалар мен жасөспірімдер арасында кездеседі.

Инсулинге тәуелді тіндердің гормонға сезімталдығы жойылған кезде екінші типтегі диабет басталады. Инсулин дұрыс бөлінгеніне қарамастан, глюкозаның сіңу қызметі бұзылып, қан құрамында қалып қоятын болады. Аталған дерт тырнағына ілінгендердің 85-90 пайызы диабеттің дәл осы түрімен ауырады. Олардың басым бөлігі – ересектер.

Диабеттің белгілері

Диабеттің негізгі симптомдарының бірі – гипергликемия немесе қандағы қант деңгейінің көтерілуі. Оған шалдыққан адам үнемі шөлдеп жүреді, кіші дәретке шектен тыс көп барады, шаршағыш келеді, себепсізден себепсіз аза бастайды. Аяқ-қолдың жансыздануы, ауыруы да – сусамыр белгілерінің бірі. Қан құрамында қант көбейіп кеткеннен кейін жүйке жүйесі зақымданып, диабеттік нейропатияға ұласады. Дер кезінде дұрыс диагноз қойылса мұны тоқтатуға, тіпті, емдеп жазуға да болады. Уақтылы емделмесе аяқ-қолдың ауруы күшейіп,

жазылып болмайтын жаралар пайда болады. Екінші типтегі диабет басталғанда науқастың көру қабілеті нашарлап, көз алды тұманданады. Тиісінше емделмесе пациент көз жанарынан мүлдем айырылып қалуы мүмкін.

Аурудың салдары ауыр

Қандағы қант деңгейін реттемесе науқас кетоацидоз, диабетик табаны, жүрек, аяқ ауруына ұшырап, аяқ-қолынан, жанарынан айырылады.

Кетоацидоз – инсулин тапшылығынан пайда болатын ауру. Аталған гормон жетіспеген жағдайда қандағы қант деңгейі көтеріледі. Бірақ ол энергияға айнала алмайды. Салдарынан организм қосымша энергия көзін іздеп, майларды іріте бастайды. Содан кейін кетонды (ацетонды) денелер қосылып, адам ағзасындағы қышқыл мөлшерін арттырады. Кетоацидозды ауыздан шығатын ацетон исінен, құсықтан, шөліркеу, іштің ауруынан да байқауға болады. Мұндай науқас кейде есінен танып қалады.

Диабетик табаны синдромы жүйке жүйесіндегі ақаулар кезінде күшейеді. Нәтижесінде табанның жұмсақ бөлігі жарақатқа, инфекцияларға сезімтал болып, шіри бастайды. Уақтылы ем қабылдамаса гангрена, язва сынды іріңді жаралар көбейіп, аяқты кесіп алып тастауға тура келуі мүмкін.

Ұлттық қант диабеті регистрінің мәліметінше, жыл басында еліміз бойынша қант диабеті деген диагнозбен есепте тұрғандар саны 309 мыңға жетіп жығылған. Оның 18 мыңы бірінші типтегі диабетпен, 291 мыңы екінші типпен ауырады. Екінші типтегі диабетке шалдыққандардың 65 пайызы – әйелдер. Сусамырға шалдыққан отандастарымыздың 6 мыңға жуығы катарактадан зардап шексе, 3 мыңы инфаркт алған. Бір мың адамның аяғы немесе қолы кесілген.

ДДСҰ аурудың жыл санап өршіп бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Атап айтқанда, 1980 жылы бұл дертпен ауыратындар саны 108 миллион болса, 2014 жылы 4 еседей артып, 422 миллионға жеткен. Доктор Крис Федтнердің пікірінше, қазіргі адамдардың эпидемияға энергияны аз жұмсап, калорияны шектен тыс көп қолданатын өмір салты кінәлі. Қарыштап дамыған технологиялар қолмен атқарылатын жұмысты азайтып, адам еңбегін станоктарға алмастырды. Отырып жұмыс істейді, артық тамақ жейді, жаяу жүрмейді.

Ауырмайтын жол ізде

Диабеттің алдын алу үшін: салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, шектен тыс тәтті немесе майлы тамақтардан бас тарту, спортпен айналысу, темекіден бас тарту, дәрігерге уақтылы қаралып, қандағы қант мөлшерін анықтап отыру қажет.

Әлемнің кейбір елдерінде диабеттің алдын алу мақсатында бірқатар тағам түрлерін сатуға тыйым салынған. Немесе зиянды тағамдарға көп салық салынады. Мәселен, Венгрия билігі құрамында байытылмаған майлар, транс-майлар, қант пен тұзы көп тағамдарға салынатын салықты көтерді. Азық-түлікке салық енгізілген төрт жылда қазынаға 200 миллион евро түскен. Оның 95 мыңы дәрігерлер жалақысына 25 пайыз үстеме ретінде қосылды. Тұрғындардың басым бөлігі салық салынатын өнімдерді азайтып, пайдалы тамаққа бет бұрған.

Ал, Франция, Португалия, Мексика, Чили, Вьетнам сынды бірқатар елдерде қант салығы қолданылады. Шри-Ланка «Сен ойлағандай тәтті емес» деген слоганмен әлеуметтік жарнама жасады. Авторлар аяғы кесілген прәндік-адам, көзінің қарашығы жоқ фигуралар арқылы диабеттің ампутация, инсульт, соқырлық сынды салдары жайлы баяндауға тырысқан. Биыл сәуір айында Британия билігі де қант салығын салды. Британдықтар түскен қаржыны салауатты өмір салтын қалыптастыру, мектепке дейінгі балаларды дұрыс тамақтандыру бағдарламаларын ынталандыруға жұмсамақ. Салық салынатын тағамдар тізімінде алкогольсіз сусындар, атап айтқанда, құрамындағы қант мөлшері 100 миллилитрге 5 грамнан тура келетін сусындар бар. Көп ұзамай Fanta сусындардағы қант мөлшерін 6,9 грамнан 4,6 грамға дейін төмендетті. Өкінішке қарай, заңды айналып өтетін, қант орнына қант алмастырғыш пайдаланатын компаниялар да жетіп артылады. Биылдан бастап қазақстандық мектептерде газдалған тәтті сусындар мен шоколад сатуға тыйым салынды.

Диабет тегін емделеді

Қазақстанда қант диабеті тегін емделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде диабетке шалдыққан пациенттерге 48 түрлі дәрі мен медицина бұйымдары беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин де бар.

Диабетті диетаның, жаттығулар мен дәрі-дәрмектің көмегімен емдеуге, сол арқылы оның асқынуына жол бермеуге болады. Ең алдымен әр пациент өз денсаулығы үшін өзі жауапты: ол арнайы күнделік ашып, күн сайы қан мен несептегі қант деңгейін, несептегі ацетон мөлшерін, салмағы мен қан қысымын жазып жүруі тиіс. Бұл науқастың ахуалын анықтап, емдеу схемасын ауыстыруға, терапияны, диета мен физикалық жаттығулар бағытын реттеп отыруға көмектеседі.

Қандай маманға қаралған жөн?

Диабет белгілерін байқаған жағдайда эндокринолог-дәрігерге қаралу қажет. Ең алдымен қандағы қант мөлшерін анықтау үшін анализ тапсырасыз (қанды аш қарынға тапсырады). Сонымен қатар, дәрігер сізге глюкозаға төзімділік сынамасына, несептегі глюкоза құрамын, қандағы инсулин, С-пептид және гликирленген гемоглобин мөлшерін анықтауға жолдама береді.

Диагноз расталса пациентті ең алдымен «Диабет мектебіне» жібереді. Әрбір емхана жанында жұмыс істейтін бұл кабинеттер глюкометрдің көмегімен қандағы қант деңгейін өлшеу, дұрыс тамақтану мен инсулин екпесін салу жолдарын үйретеді. Бұл екпелер қарынға немесе санға салынады. Жалпы, диабетпен өмір сүруге болады. Бірақ ол тәртіп пен өзін-өзі бақылауды талап етеді.

Комментарий