Судья мінбері | Судебная система

Ел мүддесіне қызмет ету – абыройлы міндетіміз

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі» деп аталып, онда мемлекет дамуының басты он бағыты айқындалды және оларды іске асыруда үкімет пен құзырлы органдарға нақты тапсырмалар жүктелді. Жалпы алғанда жолдауда мемлекет дамуын жаңа деңгейге көтеру, Қазақстанның озық отыз елдің қатарынан көрінуі жолында атқарылуға тиіс іс-шаралар, мысалы, халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот пен құқық қорғау жүйесін реформалау, әділетті әлеуметтік саясат және өңірлерді дамыту сынды, т.б. ауқымды мақсат-міндеттер нақтыланды.

Жолдаудың екінші бөлімінде президент азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігіне тоқталып, сот шешімдерін мұқият саралауды, дау шешуде бірыңғай сот тәжірибесі қамтамасыз етілуін, әкімшілік сот төрелігін енгізуді, заңнамадағы барлық қарама-қайшылық пен түсініксіз тұстар азаматтардың пайдасына қарастырылуы керектігін нықтады. Сондай-ақ, мемлекет басшысы заңдарымызды ізгілендіруге басымдық беріліп, қатаң жазалау тәжірибесінен бас тартсақ та елімізде ауыр қылмыстар саны азаймағанын жасырмады. Сондықтан, бірқатар қылмысқа қатысты қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігін ұсынды. «Егер бейбіт шерулер заң бұзу мен халықтың мазасын алу мақсатында болмаса, шет жақтан емес, арнайы орын ұсынып, митинг өткізуге рұқсат беру керек. Конституцияға сай емес әрекеттер, бұзақылық акциялар заң аясында тоқтатылады» деген президент үкіметке браконьерлер жазасын қатаңдатуды да тапсырды.

Жолдауда мемлекеттік қызметшілердің жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес мәселелері көтеріліп, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті қойылды. Сыбайлас жемқорлықпен күрес нормативтік құқықтық жүйедегі институционалдық өзгерістерсіз іске аспайтынын ескерген президент тәжірибеде бұрын болған, кейін қысқартылған нормативтік құқықтық актілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жұмысын қайта жандандыруды да атап көрсетті.

Жолдауда жер, тіл, мемлекеттік сатып алу, Ұлттық қор қаражаты, мұғалімдердің жалақысы, жатақхана, тұрғын үй, жергілікті әкімдердің қызметі, т.б. халық көкейінде қордаланған көптеген мәселе айтылды. Сонымен қатар, мемлекет басшысы қазіргі жаhандану дәуірінде адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптардың жаңа деңгейге көтерілуіне байланысты сапалы білім алу – қарқынды дамудың басты шартына айналатындығын баса көрсетті. Мемлекеттік қызметкерлер саны 2024 жылға қарай 25 пайызға қысқаратыны да көрсетілді.

Президент жолдауы ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі десек, маңызды құжатты жан-жақты талқылап, атқарылар істерді жүзеге асыру әрқайсымыздың абыройлы міндетіміз. Жолдауда еліміздің тыныс-тіршілігінің барлық салалары бойынша бүгінгі күннің өткір мәселелеріне

терең талдау жасалды. Халықтың әл-аухатын жақсарту, денсаулығын сақтау бойынша жұмысты жалғастырудың қажеттілігіне баса назар аударылды. Бұл үшін мемлекеттік деңгейдегі негізгі міндеттің бірі – азаматтық қоғамды нығайту және қолдау болып табылады. Жолдауда көрсетілгендей, заманауи тиімді мемлекет құру үшін барлығымыздың азаматтық жауапкершілігімізді арттырып, ел игілігі үшін бірлесе еңбек етуіміз керек. Президенттің бастамалары қазіргі заман талабына сай және алдағы уақыттағы ел дамуындағы басым міндеттерінің барлығы табысты жүзеге асырылатынына сенеміз.

Дінасыл Жанатқызы,

Түрксіб аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий