Оқушы білімін бағалаудың жаңа жүйесі. Ата-аналар неге наразы? | |
Қоғам | Общество

Оқушы білімін бағалаудың жаңа жүйесі. Ата-аналар неге наразы?

2016 жылдан бері 1-10 сынып оқушылары кезең-кезеңмен жаңартылған білім мазмұнына көшті.

Қазақстан мектептерінде білім мазмұнының жаңаруымен бірге бағалау жүйесі де өзгеріске ұшырады. Критериалды бағалау жүйесі аталатын жаңа жүйе оқушының материалды игеруі мен практикалық дағдыларды қалыптастыруына негізделеді. Жүйеге сәйкес, бағалаудың үш түрі бар. Олар: формативті, бөлімдік жиынтық және тоқсандық жиынтық бағалау.

Формативті бағалауға сәйкес, мұғалімдер оқушыларының ата-аналарына түсініктемелер мен ұсыныстар беру арқылы кері байланыс орнатуы тиіс. Ауызша және жазбаша жүзеге асатын бағалаудың бұл түрі бөлімдік, тоқсандық және жылдық бағаларды есептеуде ескерілмейді. Ал жиынтық бағалау әрбір кезең (бөлім, тоқсан) қорытындысында балл қою арқылы жүзеге асады. Жылдық баға кезеңдерде қойылған балл бойынша автоматты түрде есептеледі.

“Критериалды бағалау жүйесін енгізу оқушылар мен ата-аналарға, тіпті, мұғалімдерге де оңай тимеді. Себебі, оқу бағдарламалары өзгерген қоймай, олардың мазмұнын бала санасына сіңіру әдістері де өзгерді. Білім саласында жиілеп кеткен реформалар мен өзгерістер әрдайым жаңа қиындықтар әкеледі”, – дейді сарапшы Дана Рау.

Оның сөзінше, 5 балдық бағалау жүйесіне үйренген ата-ана енді баласының үлгерім деңгейін түсіне алмай әлек. Баланың үлгерімі жақсарғаны мен нашарларғанын бақылау мүмкін емес.

Балада ынта, мұғалімде уақыт жоқ

Дана Рау баға қойылмайтынын білетін оқушының тапсырма орындауға деген ынтасы да, қызығушылығы да төмендеп кеткенін айтады.

“Мұғалімнің ата-анамен орнатқан байланысы жақсы нәтиже берген жоқ. “Жақсы, сен меңгердің”; “Саған қайталау керек” сынды жалаң пікірлермен бағалау баланың да, мұғалімнің де уақытын алатын болды. Яғни, тайм-менеджмент ескерілмеген”, – дейді Дана Рау.

 

“Жаңа мазмұн дайындыққа бұрынғыдан екі-үш есе көп уақытты талап етеді. Мұғалімнің өзінің сабақ жүктемесі аздай, енді оның үстіне әр сабаққа формативті бағалау тапсырмалары мен жаңа әдіс бойынша сабақ жоспарларын әзірлеуі, оқулықтан тыс мәліметтер іздеуі, кезеңдер сайын оқушылардың үлгерімін бағалауы қажет”,– дейді сарапшы.

Кемшілігі көп асығыс енгізілген жүйеге наразылық танытушы көпшілік петиция жазуға мәжбүр болған. Алайда Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова оқушылардың білімін критерий бойынша бағалау жүйесіне қарсы ұйымдастырылған петиция туралы хабардар еместігін жеткізді. “Біз петиция туралы білмейміз. Оны анықтау біздің құзіретімізге жатпайды”, – деді Шолпан Каринова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтен кейін тілші сауалына берген жауабында.

 

Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі өкілдері мұғалімдермен кездесулер өткізіп, біршама өзгерістер жасауға келісілді.

“Аз болса да, алға басу бар. Алдағы уақытта білім мазмұны бойынша әлі талай талқылаулар болады. Білім және ғылым министрлігі қоғамның, мұғалімнің назын ескереді деп үміттенеміз”,– дейді Дана Рау.

 

Бір күндік шаруа емес

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, мектептерде мұғалімдермен және ата-аналармен түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіліп тұрады.

“Біз мектеппен де, мұғалімдермен де, сол секілді ата-аналармен де түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Критерий бойынша бағалаудың сұрақтары қаншалықты жақсы екенін, алдағы уақытта нені жетілдіретінімізді және қалай жұмыс істейтінімізді көрсетеміз. Жаңа жүйені енгізу бір күннің шаруасы емес”, – деді вице-министр

Оның пікірінше, ескі және жаңа бағалау жүйесінде орындалатын бақылау жұмыстарының санында елеулі айырмашылық жоқ. Ал бағалаудың жаңа жүйесі оқушыларды өз бетінше ізденуге ынталандырады және оқу бағдарламасын меңгеруді қамтамасыз етеді. Яғни, білім сапасын арттыруға ықпалы мол.

“Балаларым қиналуда”. Ата-ана пікірі

Төрт бірдей баласының сабағына бас-көз болып жүрген Айнұр Жақсылықова жаңартылған білім мазмұнына мүлдем қарсы.

“Балаларымнан бұл жүйені мен де түсіне алар емеспін. Күнделікті баға қоймағандықтан, балаларда сабақ оқуға құлшыныс жоқ. Есесіне,тоқсан соңында күні-түні ұйықтамай дайындалып, жүйкелеріне жүк түсіп жатыр. Баға объективті емес, себебі тоқсан бойы оқығанын бір мезгілде бағалау мүмкін емес”, – дейді Айнұр.

Білім және ғылым министрлігінің өкілдері болса, жоба бекітілген ережеге сай жүзеге аспай отыр. Ережеге сәйкес, бөлімдік және жиынтық бағалау саны күніне 3-тен аспауы тиіс. Ал оқушыларға шамадан тыс салмақ түсірмеу үшін оларды тапсырудың икемді кестесін жасауға болады.

 

“Шынын айту керек, іс жүзінде барлығы ережеге сай жасалмайды. Осыған орай, біз курстар, семинарлар, тренингтер арқылы педагогтардың біліктілігін арттыру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Бізге ең бастысы оқушыларды оқыту процесін қолдауға және ынталандыруға бағытталған бағалаудың жаңа жүйесінің ерекшеліктерін педагогтарға, ата-аналарға түсіндірген маңызды”, – дейді Шолпан Каринова.

Талқылауға мұғалімдер де белсене атсалысып келеді

“Олар өзара пікір алмасып, жаңа жүйенің негізгі мәселелерін талқылайды. Алайда барлығы бірдей ескі жүйеге оралуға болмайтынын айтып отыр. Себебі бұрын фактологиялық білімге басымдық берілді. Ондайда оқушыларға өңделген және дайын материалдар ұсынылды”, – деді вице-министр. Оның пікірінше, бұрын ақпараттық білім беру басым болған. Ал критериалды бағалау жүйесі баланың ойлау дағдылары мен алған білімін қаншалықты қолдануға қабілетті екенін анықтауға мүмкіндік береді. Бұрынғы және жаңа жүйенің жүктемесі бірдей, бірақ критериалды бағалаудың артықшылықтары көп. Оқушылар “4” пен “5” алу үшін жұмыс істемейді, ұпай жинау арқылы оқу бағдарламасын меңгеруге тырысады. Осының арқасында білімнің сапасы да артады.

 

Ескі жүйе кезінде бастауыш сынып мұғалімдері күн сайын дәптер тексеретін. Қазақ пен орыс тілдері, математика, физика, химия мен биология мұғалімдері үшін солай болды. Себебі, орта және жоғары сыныптарда жазбаша, зертханалық және практикалық жұмыстар көп. Бүгін осы мұғалімдер жиынтық тексерулер кезінде қиындық көріп жатқан жоқ. Әрине, бұрын жазбаша жұмыстары болмаған және оқушылардың ауызша жауаптарын ғана бағалауға үйренген пән мұғалімдер қиналып жатыр”, – дейді Шолпан Каринова.

Комментарий