Судья мінбері | Судебная система

Білікті судьяларды даярлау – заман талабы

Судьялар корпусының кәсіби деңгейіне қазіргі заманның қоятын талабы күн өткен сайын артып келеді. Сондықтан елімізде болашақ судьяларды даярлау ең жоғары стандарттарға сәйкестендірілу үстінде. Жоғары білікті судьялар корпусын қалыптастыру үшін сот жүйесінің кадрларын даярлау бағытындағы талаптардың артуы елімізде жүргізіліп жатқан реформалармен де астасып жатыр.

Қыркүйек айының басында өзінің Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауын жариялаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет. Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие» деп, судьялардың тәуелсіздігі мен мәртебесінің маңызы зор екенін тағы бір атап өткен болатын. Сот жүйесінің сапалы дамуын және кадрларының жаңаруын қамтамасыз етіп, үздік заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау, судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою бүгінгі күні сот саласының күн тәртібіндегі мәселеге айналып отыр.  Айта кетер жайт судьяларға қатысты талап пен жауапкершіліктің күшеюі бірнеше жыл бұрын Елбасының Ұлт жоспарында да атап өтілген болатын. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында көзделген судьяларды оқыту мен тәжірибе арасындағы өзара байланысты күшейту бағытындағы жұмыстардың жемісті жүргізілуі еліміздегі білікті судьялар корпусын қалыптастырып қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы соттың тиімділігін артыра отырып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге ықпал етті.

Осы орайда айта кетер жайт, соңғы жылдары Қазақстан Республикасында сот жүйесі мен судьялардың мәр­тебесін арттыру, сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту жөнінде көптеген нақты заңдар мен Президент Жарлықтары өмірге жолда­ма алды. Атап айтқанда, «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы конститу­циялық Заң» (2000 жылғы 25 желтоқсан), «Сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту шара­лары туралы» (2000 жылғы 1 қыр­күйек), «Сот әкімшілігінің жаңа жүйесінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі шара­лар туралы» (2000 жылғы 12 қазан) Қа­зақстан Республикасы Президентінің Жар­лықтары , «Қазақстан Республикасы Жо­ғарғы Сот Кеңесі туралы Қазақстан Рес­публикасының Заңы» (2001 жылғы 1 мау­сым) қабылданды. Ал 2007 жылы елімізде жүзеге асырылған Конститу­ция­лық рефор­маларға сәйкес Соттар және сот төрелігі туралы Конституцияның бірнеше бапта­рына елеулі өзгерістер мен толық­тырулар енгізіліп, сот жүйесін жетілдіруге жол ашатын маңызды шаралар қолға алынды.

2011 жылы «Сот жүйесі және судья­лардың мәртебесі туралы» Конституциялық Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгі­зіліп, жергілікті және облыстық соттардың әлеуеті кеңейтілді. Үш сатылы сот жүйесі: бірінші саты – аудандық соттардан, екінші саты – облыстық соттың аппеляциялық, кас­сация­лық алқалардан тұратыны, үшін­ші саты – Жоғарғы Соттың қадағалау функ­циясын сақтап қалуы заңдылық ше­ші­мін тапты.

Аталған нормативтік-құқықтық актілер елімізде сот жүйесін, оның қызметін дамы­туға, судьялардың беделін арттыруға айтар­лықтай негіз жасады. Сот қызметі қазіргі уақытта өмір талабына сай елімізде орын алып жатқан әлеуметтік-экономикалық, саяси-ұйымдас­тырушылық өзгерістерге сәйкес жүзеге асырылуда.

Жалпы еш­кімнің де сот төрелігін жүзеге асыру ісіне араласуға, олардың қыз­метіне қандай да болмасын ықпал етуге құқы­ғы жоқ, бұл сияқты әрекеттер заңмен қуда­ланады. Бұл заң талаптары, мұны бұлжытпай сақтау әркімнің міндеті. Судьялары қара қылды қақ жарған әділ елдің болашағы да жарқын екенін тәжірибе байқатып келеді. Сондықтан судья мәртебесін қамтамасыз ету уақыт талабы болып отыр.

Жанна Еркінқызы, Қапшағай қалалық сотының судьясы

Комментарий