Судья мінбері | Судебная система

Жолдау сот жүйесіне үлкен міндет жүктеді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты өзінің бірінші Жолдауын Қазақстан халқына жариялаған болатын. Жолдауда атап өтілген мәселелердің осы уақытқа дейін айтылып келген мәселелермен, Елбасы Жолдауымен  астасып жатуы ел тарихындағы құқықтық реформалардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын аңғартады. Жүйелілік бар жерде сала алға қарай дамиды. Сондықтан сот саласындағы өзгерістерден күтер үміт мол!

Мемлекет Басшысының Жолдауында саяси, экономикалық және әлеуметтік сұрақтармен бірге азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сот жүйесіне қатысты мәселелерге де айрықша назар аударылғанын байқадық. Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы екендігін атап өткен Президент сот шешімдерінің сапасын арттыруға, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыруды қамтамасыз етуге, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу және одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру жөнінде тапсырмалар берді.

Жоғарыда атап өткеніміздей бұл бағытта бастап жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Атап айтқанда, соңғы екі жыл отандық сот жүйесі дамуының маңызды кезеңі болды. Сот қызметінің сапасы артып, заманауи цифрлы жүйеге бетбұрыс жасалды. Ұлт Жоспары аясында соттарды одан әрі жаңғыртудың маңызды құралы болып табылатын «Сот жүйесінің жеті түйіні» басым бағыттарын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Тиімді судьялар корпусын қалыптастыру, судьяларды артық жүктемеден арылту, соттардағы жұмыстың жаңа форматтарын енгізуге бағытталған 17 заң жобалары дайындалды. Сот процестері түсінікті, қолайлы және ақылға қонымды болып, соттардың жайлылығы артты, республика соттарында қазіргі заманғы және келушілерге қолайлы фронт-офистар ашыла бастады. Жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқан елімізде әсіресе сот саласы жаңа реформаларға тез бейімделді. Бүгінде сот саласындағы көптеген жаңашылдықтар сот қызметінің сапасын арттырып қана қоймай, саланы дамытқанын көз көріп отыр.

Мемлекет Басшысының өз Жолдауында баса назар аударған сот шешімдерінің сапасын арттыруға жеке тоқтала кету керек. Жоғарғы Сот жергілікті соттар және заң қауымдастығымен бірлесіп, аталған бағытта үлкен жұмыстар атқарды. Аталған жұмыстың нәтижесіде Жоғарғы Соттың «Сот үкімі туралы» және «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, сонымен қатар «Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі іс бойынша соттың қаулысы туралы» жаңа нормативтік қаулысы қабылданды. Бұрын егер сот шешімдері жүйеленбеген, көптеген керек емес ақпараттардан тұрса және қарапайым азаматтарға түсініксіз және қол жетімді болмай «ауыр» заң тілінде жазылса, қазір сот актілерінің нысаны мен тілі күрт өзгерді. Сот актілері қысқа және үйлесімді жазылуда. Заң терминологиясының қасаң сөздерінен арылуда. Ең бастысы, енді іс бойынша шешім жариялағаннан кейін судья процес қатысушыларына қабылданған шешімнің уәждерін түсінікті және қарапайым тілде түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап беруде. Бұл жаңашылдықтар практикада өзінің тиімділігін дәлелдеуде. Ең бастысы халық пен сот қызметінің арасын жақындатуда.

Жанна Еркінқызы, Қапшағай қалалық сотының судьясы

Комментарий