Қоғам | Общество

«Қазақты қазақ еткен басылымға» 100 жыл!

Еліміздің бас басылымы саналатын «Егемен Қазақстан» газетіне биыл 100 жыл. Аталмыш мерейтойға орай бірқатар шаралар жыл басынан бері өтіп жатыр. Жақында басылымның 70 жыл мекені болған Алматыда кезінде редакция орналасқан үйге мемориалдық тақта орнатылды. Салтанатты рәсімге келгендердің қатарында ақын-жазушылар, ардагер журналистер бар. Мерзімді басылым әуелі «Ұшқын» деген атпен шығып, кейін газеттің атауы бес рет өзгерген. Аталмыш басылымды Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов сынды Алаш арыстары басқарды. Қалам иелерінің «егеменнің» тарихын бүкіл қазақ баспасөзінің тарихымен бірге ұштастыруы сондықтан.

Сонан соң, Ұлттық кітапханада «Ұшқыннан басталған Egemen Qasaqstan» мерекелік іс-шарасы өтті. ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан 1919-2019 жылдар аралығындағы «100 жыл – 100 газет!» атты кең көлемді көрме ұйымдастырылып, әр жылдары қызмет еткен редакторлардың шығармалары қойылғанын ерекше атап өтуге болады. Жиынға арнайы қатысқан Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев газет басшысы Дархан Қыдырәліге сый-сияпат тапсырып, ыстық лебізін білдірді.

– Республикадағы маңдайалды басылым «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Бүгінге дейін газеттің 29696 саны жарық көріпті. Ғасырлық тарихы бар бұл газетті қолына алған әрбір оқырман мұндағы ақпараттың шынайылығына, көтерген тақырыбының маңыздылығына кәміл сенеді. Себебі мемлекеттік мүдде мен журналистік биік талапты тең ұстайтын басылымның кәсіби деңгейі, ұстанған бағыты өзгерген емес. Сондықтан да Елбасы тарихи газетке «Еліміздің бас газеті» деген атау берсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күнделікті шолу жасайтын газеттерінің арасында аға басылым көш басында тұр. Алматыдағы үлкен филиалы қала әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Бүгінгі мерейлі жиында тарихи газеттің барша ұжымын құттықтаймын!», – деді қала әкімі.

Жаңа дәуірде «Егемен Қазақстанға» Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Әбдірахманов сияқты қаламгерлер басшылық етсе, қазір Дархан Қыдырәлі басқарады.
«Ең әуелі бас басылымымыз, қазақ баспасөзінің ұстаханасы «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі шараны «Тағзым күні» деп атадық. «Еге­меннің» тағдыры да, тарихы да Алматымен тығыз бай­ла­нысты. Осы газетте еңбек еткен ардагер тіл­шілер, басылымды шығаруға бел шеше кірісіп, бүкіл өмірін ар­нап, дүниеден өткен марқұм қыз­меткерлердің ұрпақтары бүгін ара­мызда отыр. Біз 100 жылдық жылнамамыздың барлығын сканерден өткізіп, цифрлы архивін жасақтадық. Сол жинақты бес томға топтап, кітап етіп әкелдік», – деді Дархан Қыдырәлі.

«Егемен Қазақстан» газетінің төрағасы осыдан соң «Егемен» ардагерлеріне мерейтой медальдарын табыстады.  Ардагерлер арасынан сөз алған Сарбас Ақтаев: «Егемен – ел газеті» деген тіркес қазір қанатты сөзге айналып кетті. Өз басым бұл газетті қазақты қазақ қылған, ұлтымызға қазақ атын қайтарып берген құдыретті басылым дер едім. Бұл жолда Сәкен Сейфуллиннің есімін ерекше атап өтуімізге болады. Сонау 1921 жылы газеттің «Еңбек туы» атын өзгертіп, «Еңбекшіл қазақ» деп қоюдың өзі батылдық ғана емес, батырлық еді. Төбеден төніп тұрған  Кеңес өкіметі бар, айнала семсер алып жүгіретін сыбырлақтар бар, солардың ешбірінен қаймықпай, тарихи әділдік жасаған да осы газет», – деп газеттегі еңбек жылдарын еске алды. Бұл күнде газеттің республикадағы барлық өңірде, сондай-ақ Алматы қаласында өз тілшілер желісі жұмыс істейді. Ата басылымды біздің ұжым да мерейлі 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды!

 

Мөлдір БЕГІМБЕТ,

«Заң газеті»

Комментарий