Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Ержан Нүкежанов, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы:«Теріс ағымдар жетегінде кетудің басты себебі – тәрбиеде»

Нұр-Сұлтанда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің ұйымдастыруымен дін саласындағы мәселелерді БАҚ-та жариялау бойынша журналистерге арналған оқыту тренингі өтті. Оның басты мақсаты – БАҚ-тағы діни тақырыпты және дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру және шеберлігін шыңдау.

Дін тақырыбына қалам тербеп жүрген журналистер, дінтанушылар және сарапшылармен діни бағыттағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасу, БАҚ арқылы тұрғындарға дұрыс әрі шынайы ақпарат жеткізудің тәсілдері мен әдістерін қарастыру, экстремизм және терроризмнің алдын алу мәселелерін ашу бойынша мемлекеттік органдар мен БАҚ-тың өзара ынтымақтастығын арттыру. Тренинг кезінде сондай-ақ, дін тақырыбында белсенді түрде материал жариялаған журналистерге сый-құрмет көрсетіліп, алғыс хат табысталды. Оған қазақ тілді БАҚ өкілдері арасынан Baq.kz ақпарат агенттігінің продюсері Олжас Сәндібекұлы, kazislam.kz сайтының тілшісі Ермұрат Назарұлы, «Заң газетінің» тілшісі Ерлік Ержанұлы, Hola news ақпараттық порталының журналисі Айжан Қалиева, SAF media студиясның директоры Салтан Сайранұлы ие болды.  

– Бұл мәселеге көңіл бөліп отырған себебіміз, біздің негізгі жұмыс дін саласындағы радикалды ағымдардың алдын алу бойынша қазіргі кезде 3 бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біріншісі, алдын алу, түсіндіру шаралары. Екіншісі, ағымдар жетегінде кеткен немесе сол топтардағы азаматтарды райынан қайтару, жақындату. Үшіншісі, қарсы насихат. Интернет желісінде, БАҚ-тарда белгілі бір радикалды ағымдарға, ойларға қарсы іс-қимыл өткізу. Көп мәселе сіздерге байланысты. Мысалы, көптеген теріс ағымдар қазір интернет желісінде жұмыс істейді. Ол жасырын емес. Біздің Сирияға кеткен азаматтарымыз да сол насихаттың жетегінде кеткен болатын. Бұл жерде нақты айтып кететін бір мәселе бар. «Жусан» операциясымен келген адамдармен кездестім. Бізде олар Сирияға әлеуметтік жағдайларына немесе білімінің таяздығына байланысты кеткен деген жаңсақтау пікір бар. Олардың арсында да университетті жақсы бітірген, көзі ашық азаматтар бар, – дейді Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов. Оның айтуынша, Ақтаудағы бейімдеу лагерінде 1-3 ай бойы олармен жұмыс істеген кезде психологтар олардың теріс ағымдар жетегінде кетуінің басты себебі тәрбиеде жатқанын анықтаған. Яғни, мектеп, студенттік шақтадағы адамдармен жеке қарым-қатынасында жан жылуының аздығы өз ықпалын тигізген.

«Жалпы теріс ағымдардағы адасқан адамдармен жұмыстың мәселесі өте көп. Кей кезде қандай жұмыстар жасалып жатқаны БАҚ-та шала айтылып, оған терең талдау жасалмай жатыр. Мысалы, «Жусан» операциясы кезінде елге келген адамдардың көбі көп балалы аналар. Жолдастары соғыста қайтыс боп кеткен. Олар балалары бар болғанмен, құжаты жоқ болғандықтан әлеуметтік көмек алу кезінде қиындықтар бар. Заңға сәйкес құжаттарды реттеу керек. Сол себепті әкімшілік болып, жергілікті басқару органдары болып, бұл мәселелерді де қарастырып жатыр. Өйткені, олардың балалары Сирияда туылған. Оны дәлелдеу үшін геномдық экспертизадан өту керек. Бұдан бөлек денсаулығына қатысты және тағы басқа мәселелері өте көп. Сіздерге айтайын дегенім, дін мәселесін қозғаған кезде тек басын шалмай, негізгі діңгегіне дейін зерттеп қарасаңыздар. Халыққа оны түсіндіру үшін талдамалық материалдар да керек. Егер сіздер оны жалпы халыққа дұрыс түсіндіре білсеңіздер, біздің жұмысымыздың пайдалы коэфициенті де жоғарылар еді. Мысалы, қазір түрлі әдістемелер бар. Бірақ негізгі мәселе теріс ағымдарда адасып жүрген адамдармен жеке жұмысқа тіреліп тұр. Соған мән берсеңіздер жақсы болар еді», – деген Е.Нүкежанов алдағы уақытта орыс тілді БАҚ өкілдері үшін де оқыту тренингі ұйымдастырылатын айтты.

Дінтанушы Тұрар Әбуовтың пайымдауынша, бізде кейбір азаматтар дін мен дәстүрді, әдет пен ғұрыпты, салт пенен сананы шатыстырып жатады. Кейде әдет пен ғұрыпты дәстүрге кіргізіп жібереді немесе кейбір дәстүрді әдет-ғұрыпқа кіргізіп жібереді. Әдет-ғұрыптың мағынасы бір. Дәстүр – заң-қағидаға келіп жатады. Ру сұрау деген бізде дәстүр. Себебі ру сұрау өзіңнің тектілігіңді, жақыныңды табуға үлкен мүмкіндік береді. Өкінішке орай, қазір кейбір адамдар руын емес, дінін сұрайтын болды. Сіз мұсылмансыз ба? Қай жамағатынансыз? Қай мазхабты ұстанасыз деген сияқты.

«Дін мен дәстүрдің ұштастығы, бір-бірімен сабақтастығы құстың екі қанаты іспетті. Бірінен бірінің ажырап кетуі мүмкін емес. Олар бір-біріне тәуелді. Себебі ислам дінінде пәтуа берудің бір шарты жергілікті дәстүрмен санасу. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанында Ғұламалар кеңесі жұмыс жасайды. Олар діни басқарманың пәтуасын қабылдайды. Өзекті мәселелерге нақты шешім айтады. Бірақ біз бір нәрсені білуміз керек, пәтуаның Қазақстан үшін ешқандай заңдық күші жоқ. Қазақстан зайырлы мемлекет. Оның зайырлылығы – мемлекеттің діни нормалармен емес, құқықтық нормалармен басқарылатынында. Ешуақытта билік құрылымдары діни басқарманың пәтуасын басшылыққа алмайды», – дейді Тұрар Түгелұлы.

Оның сөзіне қарағанда, дін мен дәстүр тақырыбында материал жазғанда абай болу керек. Астарына, мәніне терең үңілу қажет. Жақында бір интернет сайтта дәстүрлі емес діндердің қоғамға зияны туралы мақала жарияланды. Тақырыбы өте даулы. 18 конфессияның екеуі ғана дәстүрлі деп танылғанымен, өзгелердің зиянын тақырып ретінде алуға болмайды. Олар да өз құқығын қорғауы мүмкін. Сол сияқты, ислам ағымдарының зияндылығы деген термин де дұрыс емес. Исламда ағым жоқ, бағыт қана бар. Мұндай жағдайда исламның атын жамылған діни ағымдар деп қолданған дұрыс. Қазір дін ұстанған азаматтардан халық қорқады. Мұғалімдермен кездескен кезде олар қара киім киген ата-аналардан қорқатынын жасырмады. Мұндай ата-аналар діни сенім бостандығы Ата заңда жазылған дейтін көрінеді. Онда ар-ұждан бостандығы деп жазылған. Діни сенім туралы сөз жоқ. Бұл тек діни ұйымдар туралы заңда ғана таратылып жазылған. Сондықтан дін туралы жазғанда әрдайым мамандардың кеңесін алып тұрған артық болмайды.

– Қазақстан барлық этностың жетілгеніне тәуелді. Себебі бүгінгідей мылтықсыз майданда әртүрлі ақпараттардың, идеологияның келуі халықты ұстанған салт-дәстүр, санасынан айыруды көздеп отыр. Әрбір ұлт, этнос өзінің құндылықтарымен рухтанғанда ғана сырттан келген өзге жат идеологияны қабылдамайды. Бұл біздің салтымызға, дәстүрімізге, санамызға жат дейді. Ал өзінің салтынан, дәстүрінен, санасынан айырылған этнос сырттан келген біреудің қаңсығын тақсық деп қабылдайды. Бұл мемлекеттің тұрақтылығына, тәуелсіздігіне үлкен нұқсан келтіреді. Мұны кейбір ғалымдар мәдени федонизм дейді. Өзінің салт-дәстүрімен рухтанбаған кейбір азаматтар сырттан келген әртүрлі ағымдарды керемет деп адасып жүр. Жастарды қайта бейімдеуде қиындық туып жатыр. Олардың қоғамға қайта бейімделуі, оралуы, ұлттық рухпен сусындауы қиынның қиыны. Бұл іспен тек дінтанушылар ғана емес, психологтар, әдебиеттанушылар да жұмыс жасауы керек. Біздің бүгінгі қоғамда радикалды идеологияның жетегіне кеткен азаматтарды тек қана теологтар мен дінтанушылардың немесе имамдардың мойнына жүктеп қоя салған. Себебі имамдардың өзіне салт-дәстүрді жетік білу қажеттігі туып жатыр. Оны тек қана діни тұрғыдан емес, құндылықтармен қатар алып жүруі керек, – дейді дінтанушы Т. Әбуов.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,

 «Заң газеті»

Комментарий