Қоғам | Общество

Медициналық сақтандыру қоры кеңес береді

Медициналық сақтандыру жарнасын төлеу тәртібінде өзгерістер бар ма? Артық төленген соманы қайтарып алудың жолдары қандай? Әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарды кім сақтандырады? Бірыңғай жиынтық төлемді қалай төлеуге болады? Медициналық сақтандыру қоры қызметкерлері келер жылдан бастап енгізілетін міндетті сақтандыру жүйесіне қатысты осы және өзге де сұрақтарға жауап береді.

Қордың Алматы қалалық филиалы таратқан хабарламаға сүйенсек, филиал қызметкерлері тұрғындарды апта сайын Еңбекпен қамту орталығында күтеді. «Түсіндіру жұмыстары келер жылдан бастап толыққанды іске қосылатын сақтандыру жүйесіне дайындықтың негізгі бағыттарының бірі. Бұл шараның Еңбекпен қамту орталығында жүргізілуінің өзіндік себебі бар. Өйткені, қала тұрғындары, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар аталған орталықтарға жиі атбасын бұрады», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, МСҚ мамандары алматылықтарға мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілетін кепілдендірілген тегін медициналық көмек жайын да түсіндіріп беруге дайын. Естеріңізге сала кетсек, тұрғындар тегін көмекті тек мемлекеттік емханалардан ғана емес, мемлекеттік тапсырысты орындап отырған жеке меншік клиникалардан да ала алады.

Алматы қаласы бойынша консультациялар әр аптаның бейсенбісі күні, сағат 11:00-ден 13:00-ге дейін, Назарбаев даңғылы, 50 үйде өткізіледі. Сондай-ақ, ақыл-кеңес сағаты бейсенбі күндері сағат 15:00-17:00 аралығында қала әкімдігінің Қоғамдық қабылдау бөлімінде (Абай даңғылы, 90) жалғасын табады.

Комментарий