КОНКУРС ДЕТЕКТИВ

«Конокрадтың» кегі

Құйқасы басына дейін ырсия тілінген қойдың басы Шәріптің алдына жеке тартылды. Жырынды қулардың ішіндегі сөзге шешені Толыбай:

-Шәке, сіз сүйсіне жейтін жылқы етіне жетпесе де, өзіңізге арнап сойылған қой. Бұйырса, жақында бір елі қазысы бар жабағының етінің де дәмін татармыз. Алысқа ұзамай-ақ, осы қаланың айналасында мал бағып отырған жеке қожалықтардың жуанын жонып жеп күн көріп жатырмыз,- деп сөз бастап. – Ал енді, мына соңыңыздан ерген бөлтіріктерге батаңызды беріңіз!

Толыбайдың төңірегіндегі төрт-бес жігіт қопаңдасып, қолын жайды. Темір тордың ар жағындағы өмірінде кітапты том-томымен оқып тастаған Шәкең ешкімнен сөз сұрамайды. Ақыл мен айла тұнып тұрған қысық көзін жұмып, қолын жайып, жақсы сөздерді жаудырта келіп:

Сәтті болсын істерің,

Тәтті болсын түстерің,

Жұмсақ болсын ішкенің,-деп бет сипады.

Толыбайдың төңірегінің барлығы өңкей бір жүзіктің көзінен өтетіндей жылпостар. Үш-төрт күнде бір марқа сойылады. Шәріп те үш-төрт күнде бір бас мүжиді.

Тарғытайдың арғы жақ-бергі жағында атақты баукеспе ұры атағы аспандап тұрған Шәріп абақтыдан босаған соң, Түгіскен ауданындағы үйінде екі-үш ай болып, қаладағы ескі көз іні-бауырларының тамырын басып қайтпақ ниетпен Ертіс бойындағы ескі шаһарға келіп қалып еді.

Не аз-маз жиған байлығы жоқ, не жасы келгенде талғажау қылатын зейнетақысы жоқ, жер-көкке симай жүрген ұры қайда барады?! Міне, Шәріптің бостандықтағы адал адамдардың арасынан орын таба алмай, өзінің кешегі сыралғы түрмелес достарын іздеп, қалаға келіп қалған сыры осы еді.  Солардың бес-алтауын осы қаладан тапты. Обалы нешік, бәрі «Шәке» деп,  «Әке»  деп құрдай жорғалап, күтіп алысты.

Дембелше келген дене бітімінен құрыштай қажыр мен қайрат-күші ап-анық сезіліп тұратын Шәріп ыңғай бір «сен тұр, мен атайын» дейтіндей азаматтар жиылып, дүрілдесіп отырған осындай отырыстардың бірінде тыңнан бір әңгіме бастады.

-Ей, жігіттер, барымта жолында жон арқама оқыстан сойыл тисе «қыңқ» демейтін Шәріп едім, сендерге айтпасқа болмай отыр. Ана жақтан келгелі қаншама айдың жүзі болды, мына жаңа өмірге сіңісе алмай-ақ қойдым. Кемпір болса ауру, жалғыз сиырдың емшегіне қарап отырған жай бар,-деп сөзін күмілжи бастай беріп еді, кезінде темір тордың ішінде өзі бөлтірігінен «бағып-қаққан» қасқырлар арғы сөзді ләмінен түсініп, жамырап қоя берді:

-Шәке, бізге тақау көшіп келіңіз. Жол қаражатына саспаңыз, үйді өзіміз әпереміз. Үйін өткізе алмай жүрген немістер қаншама. Тіпті өзіміз көшіріп әкелеміз ,-деп даурықты.

Шәріптің жас кезінен бергі бір қасиеті, ойланып барып ақылға қонымды сөзін бір-ақ айтатын-ды.   Бұл жолы да сол әдетінше сөйлеп кетті.

-Жігіттер, менің мойнымда екі жылға белгілеген полициялық бақылау бар. Сендердің ешқайсың да маған ермеңдер. Өздерің арақты азайтып, топтанып жүргенді қойыңдар. Қаланың ішінде үй тонап, қорадан мал ұрламаңдар. Біз үшін жанталасып мал өсіріп жатқан шаруа қожалықтары жетеді. Солардың арқасында күн көруіміз керек. Артық ақшаларыңа ауылдан мал сатып алып, ара-тұра ашық түрде пайдасына базарға шығарыңдар. Бұл конспирация. Алда-жалда ұстала қалсаңдар, коммерциямен айналысып жүрген адам сияқты болып шыға келесіңдер. Қазіргі заманда ақшаға бәрін де сатып алуға болады. Айы-күні қойылмаған, мөр басылған таза анықтама құжаттарды құпия сақтаңдар. «Авторитеттер» мен «рэкеттерден» аулақ жүріңдер. Біздің күнкөріс жолымыз олардан өзгеше. Осы айтылғандарды есте ұстаңдар. Ал, мен жүрейін,-деп жолға қамданды.

Жігіттер де қозғала түсіп, бір-екеуі пойызға билет алуға вокзалға кетті, енді бір-екеуі дүкенге жүгірді. Балабек бұларды ешқашан өз аттарымен атаған емес. «Еншілеген» есімдері де қызық. Дала қазағына белгілі аңдардың аттары – қарсақ, түлкі, саршұнақ, суыр, борсық, күзен, шибөрі-шакал, қасқыр болып кете береді. Осыларды басқарып ұстап жүрген Қасқыр – Толыбай түрмеде Шәріптің қолбаласы болған, үш-төрт рет отырып шыққан, басқалардан гөрі ақылды, аңғарымды жігіт. Сол: «Шәке, мына ақшаны әжетіңізге жаратарсыз, бұдан көбірек болмай қалды. Молдауын көшіп келгеннен кейін көрерміз»,-деп шалдың қолына елу мың теңге ұстатты.

Тағы басқа үш-төртеуі Шәріптің сөмкесін көтерісіп, аудан жаққа жүргелі тұрған пойызға мінгізіп жіберді.

 

***

Купелестері орта жастағы қазақтың екі жігіті. Кәсіптің көзімен Шымдыкенттен Ресейге бара жатыр. Екеуі жол сөмкелерінен жеміс-жидек, өрік-мейіз, сол сияқты жеңіл-желпі тағы бір нәрселер шығарып, үстелдің үстіне қойып, шалды дастарханға шақырды.

Шәріп өз сөмкесін ашса, жігіттер былбырап піскен семіз қойдың етін жамбасымен, белдемесімен тұтас салыпты. Бұдан өзге қымбат шұжық, тәтті тоқаш та бар. Екі жарты қымбат арақ, бір шөлмек армян конъягі да жүр. Шәкең осының барлығын үстел үстіне қойғанда, оңтүстіктік екеу абдырап-ақ қалды.

Жан қалтасынан өткір бәкісін алып, тоңазыған жамбасты жоңқалай турап отырып:

-Жігіттер, жақын келіңдер. Қайсысынан ішеміз?-деді.

Бұл екеуі күмілжіп, жасқана берген соң, үш стаканға конъякті ашып, құйды. Содан бұлардың еріктеріне қоймай, екі реттен  тартқызып жіберді.

Біраздан кейін әңгіме қызды. Екеуі кәсіпкер. Немерелес ағайын екен. Шардара жағынан қауын-қарбыз, өрік-мейіз дегендей, жеміс-жидек, көкөністі он вагонға тиеп, Кемер қаласына жөнелткен. Соларды көтерме бағамен өткізіп қайтпақ. Қысқасы, миллионмен ғана сөйлесетін ірі саудагерлер. Бірінің аты – Құралхан, екіншісі – Жұлдызбек.

Шәріп әңгіме әбден қызған кезде:

  • Құпия болмаса, осы саудаларыңнан тазасымен қанша пайда түседі?-деп сұрады.

Шәріптің ас та төк жайып тастаған дастарханына риза болып, көңілі шалқып отырған Құралхан:

-О не дегеніңіз, ақсақал?! Ешқандай құпиясы жоқ,-деді жалбалақтап. – Бір сапардан төрт-бес миллион табамыз.

-Ал, Шәке, өзіңіз қандай кәсіппен айналысасыз? Тегін адам емес екеніңізді бағанадан-ақ байқағамыз. Дәл сізді бір зейнетақыға қарап отырған  ауылдың жуас шалына ұқсата алмаймын,-деп әңгімені іліп әкетті Құралхан.

Ішкі сезу жүйесі қайқая тартылған жебенің жібіндей серіппелі  Шәріп қолға өзі келіп қонғалы тұрған құсты ішкі түйсікпен сезді. Ортадан жоғары дәулеті бар адамға ұқсап сөйледі. Үш жүздей жылқысы, жүзден аса ірі қара, бес жүздей қой-ешкісі бар. Жеңіл көлік, жүк машинасы, трактор мен басқа да керек-жарақ техникасының өзі бір төбе. Қожалығында екі ұлы отбасымен, одан өзге бес-алты жұмысшысы бар.

Бұның бипаздап, дәмін келтіре айтқан әңгімесі ана екеуінің қолайына жаққан болуы керек, бір-біріне қарап жымыңдасып қойды.

Жердің тесігін жамаған Шәріп:

-Е, қарақтарым-ай, әншейін күнкөрістің қамы ғой,-деп мүләйімсіді.

-Шәке, бізге өсіруге жүзден аса жылқы керек. Арқада жылқы ежелден молынан өскен ғой. Сіз секілді кесек фермерлермен келісіп, саудалассақ, мұнша басты бір жерден, бір қолдан таба аламыз ғой. Ақшамыз бар,-деп сөз қыстырды Жұлдызбек. – Және де біз бірден КамАЗ-ға тиейміз.

Тісқаққан Шәріп әңгіменің осылайша өрістейтінін бағанадан болжап қойған. Сондықтан әңгімені былай тарқатты:

-Жігіттер, бұл жақтан тірі жылқы әкете алмайсыңдар. Облыстың әкімі жарлық шығарып қойған, облыстың малы басқа өңірге шықпауы керек деген. Сондықтан әкімшіліктен ол малға анықтама құжат та бермейді. Сатыла қалған күннің өзінде екі жүз елу мыңнан кем болмайды. Өзім де сексен жылқымды сата алмай отырмын. Балаларға көзім тіріде Астанадан жайлы бір пәтер алып берсем деп едім…

Шыдамсыздау Жұлдызбек Шәкеңнің сөзін аяқтатпай, киіп кетті:

-Сіздің сексен басыңызды біз сатып аламыз. Анықтама құжат үшін саспаңыз. Тек келетін күнін айтсаңыз болды.

Шәріптің өзімен сөйлесіп отырған адамның ішкі ойын оқып отыратын қасиеті бар. Газет-журналды құшақ-құшағымен қарайтын ол Ресейдің жас  премьер-министрі  Медведевтің адамның көзіне қарап-ақ ойын тап басып айтатын қасиеті бар дегенді бір жерден оқып қалып еді. Бұл да сол  Аюдан кем емес. Сол машығымен: «Е, мына сорлылар арқаның аңқау шалына кезіктік деп мәз болып отыр-ау. Несі бар, көрелік ақырын»,-деп бір түйіп қойды көңіліне.

Адрес алмасылды, хабар Шәріптің өзінен болады. Екі жігітке Қасқыр-Толыбайдың телефонын берді. Жаңа таныстар осылайша қызды-қыздымен отырғанда, ышқына пысылдаған пойыз бір кезде Ертіс бойындағы қалаға да келіп жетті.

 

***

Шәріп шеткі аудандағы иесіз қалып бара жатқан ауылдан қалаға көшіп келді. Жігіттері арзанға бір үй сатып алып қойыпты. Қоныс той тарқаған соң, Шәкең іске бірден кірісті. Көрші ауданның Тарғытай сілемдеріне жағалай қоныс тепкен жеке шаруа қожалықтарын зерттеді. Бөрілері бұған мынандай дерек жеткізді. Бұлар білетін бір дөкей Қоңызбай қыстағынан қожалық ашқан. Дәл Шәкең шымқаланың жігіттеріне көсіліп айтқанындай, оның қолында да жүзден аса жылқы, жүз бастай ірі қара, бес жүз бас қойы бар көрінеді.

Дөкейдің аты – Қорабай. Оны Толыбай-Қасқыр біледі. Он бес жыл бұрын Керекудің  бір абақтысында бірге отырған. Осы «ешкі» Қорабайдың кесірінен зонада екі жыл қосып алып, Семейдің қатаң тәртіпті абақтысынан бір-ақ шыққан. Мерзімін әупіріммен әзер тауысқан. Қорабай да ұрлықпен байыған. Қазіргі аудандық полиция бастығының бірсыпыра  малы да соның қолында.

Шәріп жоспарын былайша құрды. Талдықала  жақтағы нағашыларын сағалап бара жатқан мүсәпір түрінде күре жолдың бойында, Қорабайдың қожалығының тұсынан түсіп қалады да, қыстағына жаяу-жалпылап барады.

Жеке қожалықтарда малшы-жалшы тұрақтамайтыны бесенеден белгілі жәйт. Байлар бұлардың адал ақысын бергісі келмейді, жалшысын алдап-сулап, қорқытып-үркітіп ұстайды. Бұл сорлылар ретін тауып, қашып шығып, ізін суытады.

Сондай тегін жұмыс қолына дағдыланған Қорабай, әрине, өз аяғымен келген жалшыны бас салары хақ. Шәріп қожалыққа сіңіп алған соң, әрбір оныншы күні жол бойына мал жайып шыққан кезде бұның өзі хабар береді. Аналар аудан жаққа бара жатқан көп көліктің бірі болып, «ақауларын жөндеп» жатып бұны күтеді. Мәселенің жай-жапсарын сол кезде тиянақтайды.

Шәріптің болжамы дәл шықты. Қазан айының бас кезінде жол сөмкесін ияғына асқан шал абалаған иттерді таяғымен жасқап, Қорабайдың есік алдында отырды. Мұның қырағы көзі талай жайды байқап үлгерді. Қойшының үйі мен қора-жай көптен жөндеу көрмей, тоза бастапты. Қой шарбақ та құлағалы тұр.

Бір кезде есік сықырлай ашылды. Семіз денесін әзер қозғап Қасқыр сипаттағандай қыли көз Қорабай шықты есіктен. Амандық-саулық сұрамастан, тәкаппарси сөйлеген ол:

-Әй, шал, қайдан жүрген жансың? Қайдан шығып, қайда бара жатқан пендесің?-деп сұрады.

Талдықала жақтағы нағашыларын сағалап бара жатқан пенде. Вокзалда түнеп жатқанда, қалтасында қалған үш-төрт мың теңгесін, төлқұжатын ұрлатып алған. Вокзалдың кезекші полициясы өзін екі тәулік аш қамап, ақыры қуып шыққан. Баратын жері – Алакөлдің жағасында, Мұқаншы ауданынан алыс емес. Сол жаққа жаяулап шыққанына бүгін үшінші күн. Өтіп жатқан көліктер алмайды. Біреулері отырғызып еді, жолда тоқтап, араққа тойып алған соң, өзді-өзді төбелесіп, бұны жарты жолда тастап кетті. Жан шықты дегенде осы қыстақтың төбесін көріп, сағалап келіп отырғаны осы.

Шәріп кісіге жанама ат қоюға шебер. Тұрған бойы, сөйлеген сөзі, қимыл-әрекетіндегі ерекшеліктерін тап басып, дөп қоя қояды. Қорабайға да «Қораз» деп ат қойып үлгерді.

Шәріптің версиясын мұқият тыңдаған Қорабай-Қораз біраз ойланып отырды да:

-Әй шал, бірер ай қой бағып беріп, жолыңа қаражат таппайсың ба?-деді алакөзденіп.

-Ауыр жұмысқа жарамаймын, ат үстінде қойыңды бағып, күзетіп берер едім, бірақ төлқұжатым жоқ, мені жұмысқа кім алады?-деп мүләйімси қалды.

-Жүр, үйге кіріп әңгімелесейік,-деген Қорабай үйге бастады. Бір әдеміше, қырықтан асқан қараторы әйел биязы ғана амандасып, шай қамына кірісті. Қолы берекелі, жинақы әйел сияқты.

Бұрыш-бұрышта жайрап жатқан бөс шөлмектер көзге түседі. Яғни, Қорабай ащы суға кетәрі емес. Бір кезде иман жүзді, ибалы әйел:

-Ата, шайға келіңіз,-деп төр жақтан орын нұсқады.

Енді бір кесе шайды ұрттай бергенде, Қорабай:

-Әй шал, атың кім?-деп қыли көзімен ажырая қарады.

-Атым – Табылды,-деді Шәріп мүсәпірси,-әкем марқұм көп қыздан кейін сағынып көрген ұлы болған соң, осындай оғаштау ат қойыпты.

Қорекең қарқылдап тұрып күліп алды.

-Әкең атыңды өте тауып қойған екен. Сен шал маған дұрыс табылдың!

Әйел ожар күйеуінің мына қылығына тыжырына қарап алды да:

-Мынау отырған үй иесінің аты Қорабай, менің есімім – Бәзила,-деді биязы қалыппен.

Екеуінің тұрмыс құрғандарына жиырма жылдай болыпты. Үш баласы қалада, шал-кемпірдің қолында тұрып оқып жатыр. Мынау сол кісілердің жалғызы. Сондықтан мінезінде оспадар қылықтары да бар.

Сонымен, Шәріп осында бір айға қалып, күніне екі мың теңге ақыға қой бағуға келісті.

-Бірақ қораның алдындағы арбада жатасың. Ұзақ түнде ұйықтай бермей, ара-тұра мал күзетесің,-деп түйді Қораз.

***

Шәріптің жауыр торы атқа жарбия мініп, бір отар қойдың соңынан ергеніне оншақты күн болған. Отарды күнара күре жолдың бойына жаяды. Жан-жақтан жол бойындағы жазыққа отар-отар қой келеді. Қойшылар бір-бірімен даурыға амандасып, ұзақ күнге әңгіме соғады. Бұған да керегі осы. Жер жағдайын сұрастырады, Қорабайға қатысты әңгіме-дерек жинайды. Бір күні қойшылардың  Әлімғазы деген біреуі мынандай әңгіме айтты.

  • Осы жақтан Төскестіге баратын жолдың бойында, Байбақты деген жерде қыстақ салып едік, биыл бітпей қалды. Келесі жылы мына Қорабай иттің жанынан кетпесек болмайды, биылдың өзінде оншақты сиырды құртып жіберді. Қаладан баукеспе-ұрыларды өзі бастап әкеліп, мал тиейтін ат-көлігін де өзі шешеді. Бұл ит сізге де көк тиын төлемейді. Өзіңіз сияқты панасыз адамдарға малын баққызып, ұнамаса, ұрып-соғып қаңғыртып жібереді де, қаладан басқасын алып келеді. Полициялардың көбімен жақсы, тегін малшы тауып беретін солар. Бастығы анау бір подполковниктің бұл итте отыз-қырық жылқысы, сол шамада ірі қарасы, кемі жүздей қойы бар. Өзгесін неғылайын, екі жылдай осының малын баққан панасыз жас жігітті ұрлыққа аттандырып, бір ат жетектеп келе жатқанда ұстатты да, соттаттырып жіберді. Ол жігіт бұл иттің көп былығын білетін, сондықтан құртып жіберді. Бұл иттің мойнында көп адамның обалы жүр…

Әлімғазы тісін қайрап, кіжіне барып әзер тоқтады.

Шәріп сол күні машинасын «жөндеп жатқан» Толыбай мен Тоқанға кездесті. «Жоспар пісуге таяу. Енді оншақты күннен кейін келіңдер»,- деп қайтарып жіберді.

Бұл кезде қыстақтың иттері Шәріпке әбден бауыр басып, иісіне үйреніп  алған. Және де қойлы ауылдың тыныс-тіршілігін әбден зерттеген. Жылқыны бір сорлы орыс жігіт бағады. Ол бейшараны Өскелең қаласынан алдап-сулап алып келген де Қорабайдың полицей достары. Ол сағат түнгі бір кезінде жылқыны қамап, қораның аузын бекітіп, атын шөпке қояды да, ұйықтауға үйге кіреді. Содан таң атқанша үйден бір адам сыртқа шықпайды. Шәріп болса, арбаның үстінде кигізге оранып, үш-төрт сағат ұйықтап алады да, таң ата жылқыларға су беріп, жаяды. Қарашаның алғашқы аптасының соңына қарай Алматы жақтан жүз бас жылқысына сатушы күтіп отырған Қорабай өткізетін жылқысын іріктеп, кейінгі  күндері жемдеп, атшаптырым албарда ұстап отыр еді.

Сиырды қазақтың бір кемтар жігіті бағады да, қоймен бірге келіп, қамап тастаған соң, үйдің отын-суына көмектеседі. Күн шыға шайын ішіп болған бұлар мал соңында кете береді. Күндегі жұмыс кестесі осылай жалғасып отырады.

***

Биыл ақыраптың аяғына дейін күн тамаша тұрды. Қазанның соңғы күні Шәріп Талдықала жақтағы көптен көрмеген нағашы жұртына бірер күнге ғана барып келуге қоқаңдаған Қорабайдан әзер деп рұқсат алды. Пәтшағар тек екі күнге ғана жіберемін деп, бір айлық еңбегіне бес мың теңгені әрең қиып босатты. Ой жақтағы тас жолдың бойында кезінде өзі ауыздандырған бөлтіріктерімен кездеспекке уағдаласқан күн осы еді.

Сақал-шашы өсіп кеткен Шәріп мына түрімен мүсәпірдің нақ өзі. Ал оның ішінде пісіп тұрған әйдік жоспарды Қорабайдың қу құлқын тескен сасық көкірегі қайдан сезсін?! Жаяу-жалпы кетіп бара жатқан Шәріптің езуіндегі «Тоқта бәлем, көп ұзамай андағы  былшық басқан қыли көзіңнен аққан жас еңірегенде етегіңе  толар!»,-деген ащы кекесінді байқамады.

«Бөлтіріктерінің» ішіндегі ең бір ептілері Толыбай мен Тоқан әлекедей жаланып, жолға симай жүр екен. Екеуі мінген «күркілдек» ескі көлікпен Әлімғазының Байбақты қыстағын бетке алып тартып кетті.

Әлімғазы айтса айтқандай, өздері де бір жайлы жерді иеленген екен. Бөгде-бөтен, сыбай-салтаң ат басын бұра бермейтін оңаша тау іші. Қорабай қырттың қонысының түстік жағы. Екі ара ұзаса отыз шақырым болар. Қора-жайы сыңғырлап даяр тұр. Барымта жылқыны уақытша қоралауға таптырмайтын жер. Шәріп жота басына  жалғыз өзі аяңдай басып шықты. Айла ұялаған ақылды көздерін алыстан мұнартқан белес-белдерге жүгіртіп, маңайын болжап біраз тұрды. Өзі ғана білетін ішкі жоспарын ойша тағы бір тиянақтап, төменге түсті.

Ай сәулесі жүдеп, ақшолаң тарта бастаған шақта екі бөлтірігімен бірге қарт Қалбаның тағы бір қойнауында бала-шағасымен қожалық құрып, өз бетімен тіршілік жасап жатқан ескі көз танысы Кәлімбектің қыстағына қонаға сау етіп жетіп келді.

Кәлімбек жастау кездерінде бірге жүріп, жылқы бағысқан жуастау азамат еді. Аяз мен ақтүтек боранға қарамай, құлқынсәріден ат жалына жабысып, түн қатып, құс-ұйқылы жүретін кезді ұмытпапты, құшақ жая қарсы алды.   Алақаны ат сауырынан ажырамаған, бұрынғының һас батырларындай құрығына сүйеніп ат үстінде ұйықтай беретін алапат жылқышы Шәріптен үйренгені көп еді. Оң жақ білегінің күшімен-ақ  шекеленген қашағанның басын кегжитіп оңай тоқтатын Шәріптің дүлей күшіне «Ойпырым-ай!» деп таң қалатын. Шәріптің екі бөлтірігіне ескі шақтағы әңгімесін тауысып біте алмай, түннің бір уағына дейін отырысты.

Таңертең аттанарда Шәріп ескі досына бұйымтайын айтты. Кәлімбекке «Мына жігіттердің таудан түскен елу-алпыс жылқысын оңтүстік жақтың жігіттері үптеп, яғни, «оптом» сатып алмақ. Олар келгенше осы маңға иіре тұрса, қарсы болмассың?!»,-деді. «О не дегеніңіз, қашан да «пажалыста»!»,-деді Кәлімбек қалбалақтап. Шәріптің  баукеспелік кәсібі жайында алыста жатып-ақ оқта-текте естіп қалып жүруші еді. Бірақ оны көңіліне аса кіді ала қойған жоқ.

Шәріп күнілгері барлауды осылайша аса тиянақты жасап қайтты. Қалаға оралып, жергілікті полицияға уақытында келіп, осында екенін растап, белгі соққызды.

Ертеңінде өте сауатты, орысша-қазақша сөйлегенде, сөздің түбін түсіретін Толыбайды оңтүстіктің үлкен шаһары Шымдыкентке аттандырып салды. Толыбай ол жақта Құралхан, Жұлдызбекпен кездесіп, жонынан жарылғалы тұрған сексен жылқыны алып кетуге кемі бес-алты «КамАЗ»-бен бері шығулары керек.

Шәріптің өзі де іле «бөлтіріктерінің» көмегімен тапқан жүк машинасына жақсы жаратылған бес-алтты атты тиеп, қос жеңіл көлікке жылқы қуып үйренген жырынды жігіттерді отырғызып, Қорабай мырзаның қонысын бетке алып жолға шықты.

Таңертең түтілген қоңыр түбіт жүнге ұқсап селдір  тұман түсіп еді, енді сейіліп, қырбақтап қар ұшқындай бастады. Сақадай сайланып шыққан сабаздарға сөз болып па тәйірі, дуылдасып отырып, діттеген жерлеріне жетіп келгендерін  сезбей де қалды.

Қорабайдың қонысы жым-жырт ұйқыға кеткен кезде, Шәріп қыстаққа жаяу келіп кірді. Алпамсадай бес-алты ит алғашқыда әупілдеп үрмек болғанымен, Шәріпті алыстан танып, құйрықтарын бұттарына қысып, еркелей жүгірді. Бұларға деп алдын-ала салып алған жарты қап майлы жіліктің бір-біреуін ауыздарына тістеп, жөндерімен кетті. Шәріп албардың есігін еркін ашып, ашық жерде қамауда тұрған, жұнттай семіз жылқыларды дүрліктірмей, асықпай айдап шықты. Етектегі  сай ауызында жарау атқа мініп күтіп тұрған епті жігіттер әбжіл қимылмен  ат тұяғының тысырын білдірмей, алдарына салып Байбақтыға қарата айдай жөнелді.

Сексен бас тоқ жылқыны қызыл май етіп алмас үшін, жая айдап, таң бозы білінгенде отыз шақырым жердегі Әлімғазының қыстағына ілікті. Осында біраз іркіліп, қалың жылқыға тезек тастатты да, мүлде басқа, қиғаш бағыттағы Кәлімбектің қоныстап отырған «Қалбасайын» бетке алды. Енді Тарғытайдың сан-салалы жықпыл-жықпыл сайларынан Шәріптің шаңын да таба алар ма екен, Қорабай?!

Қораз таңертең борсық қарынын тыр-тыр қасып тұра сала, далаға шықса, семіздіктен жарылардай болып тұрған сексен жылқысы жер жұтқандай жым-жылас жоқ, мұны көріп жер сабалап ойбайлады да қалды. Атқа мініп, із кесетін ерлік бұған қайдан келіпті, ауданға, көптен бергі «крышасы» – полиция бастығы Ерденге шапты. Қуа шыққан қуғын Байбақтығы дейін із кесіп келді де, жалған долбармен айдалаға лағып кетті.

Жылқыны екі-үш күн тоқтамай жайып отырып айдаған Шәріптің жігіттері оңтүстік бағыттағы үлкен тас жолдан бұрылыс тұстан тауға қарай кететін тастақ қара жолдың қырықыншы шақырымында, өте қолайлы жерді мекендеген Кәлімбектің қонысына жетіп, бір-ақ тыныстады.

Шәріп осы маңдағы үлкен темір жол бекетінен Шымдыкентке телефон шалды. Арада екі күн өтті ме, өтпеді ме, Толыбайдың жолбасшылығымен алты тіркемелі  сужаңа жүк көліктерін соңына ертіп, екі «Джиппен» Құралхан мен Жұлдызбек те жетті. Жайдақ жерге тұра-тұра қалған «КамАЗ»-дарға жылқыны тоғыту тісқаққан пысық жігіттерге түкке де тұрған жоқ. Жарты күнде жылқының шып-шырғасын шығармай тиеді де,  Құралхан сол жерде Шәріппен есеп айырысты. Миллиондаған қыруар көп ақшаны шытырлатып санап, Шәріптің қолына ұстатты. Өздерімен ала келген қымбат-қымбат «ащы судың» түр-түрін шығарып, алдыңғы күні осында жетісімен ыспор жігіттер сойып тастаған семіз жабағының қос елі қазысын тіске басып, сәтті сауданы «жуып» тастады.

Саудагер жігіттер аман-есен аттанып кетісімен, Шәріп алғашқыда келіскендей, әркімнің қолақысы мен жолақысын қылдай етіп үлестірді. Әрине, жіліктің майлы басы өзінде қалды. Ескі досы Кәлімбекке екі семіз бие атады. Тағы он басты шып-шырғасын шығармай сойғызып,  серіктерінің арасында қылдай етіп бөлгізді.  «Тек,-деді Шәріп шегелеп,-бұл істің ізі суығанша үйлеріңе бір жілік апарушы болмаңдар. Тау-тастың арасында ет сақтайтын қуыс-муыс көп қой, қазір күн салқын,  тоңазып жақсы сақталады».

 

Бірдеңені біліп-сезіп айтпаса, Шәріп – Шәріп бола ма! Көп ұзамай артына шала байланған, соңынан «конокрад» деген сөз ерген атақты баукеспе ұрылардың үйлеріне тінту жүргізілді. Олардың арасында осы жолы Шәріптің маңында болғандар да бар. Ауданның полициясы қанша тінтіп-тергегенмен де, ешқандай айғақтың ұшығын шығара алмады.

Әрине, алдыменен басты күдікке ілінген Шәріп болуы заңды еді. Тінту оның үйіне де жасалды. Базардан алынған көже-қатықтық аз-маз көксоқта еттен басқа ештеңе табылмады. Тіпті, тінту жүргізген полицияның жігіттері Шәріптің жадау тірлігін көріп жандары ашып та жатты. Топты бастап келген, шені жағынан үлкендері Темірқан деген майор жігіт Шәріптің сақал жүні үрпиген жүдеу өңіне көз жүгіртіп, жасы келіп қалған адамға іштей мүсіркей қарап:

-Қит етсе бізден көреді екен деп, тінту жасады деп көңіліңізге алмаңыз. Көршілес ауданның бір дәулетті азаматының Тарғытай тауындағы қалың жылқысының арасынан жүз басын ылғи бір семіздерін таңдап отырып айдап кетіпті. Содан сайда сансыз, құмда ізсіз, ұшты-күйлі жоқ. Аяқ жетер жердегі атақты барымташылардың барлығын тексеріп жатыр. Сізден күдіктеніп отырған жоқпыз, жоғарыдан түскен нұсқау солай,-деді.

Шәріптің ай сайын жергілікті полицияға барып, «аман-саумын, ешқайда кеткен жоқпын» деп соқтырып отырған белгілерін қарап шықты. Бәрі дұрыс. Тәртіп бұзылмаған.   

Полицияда да инабатты жігіттер аз емес, күнәсізбін деп мүләйімси қараған Шәріптен кешірім сұрай-сұрай аттанып кетісті.

Тағы да бірер апта өтіп, қуғынның аяғы сұйыды-ау деген кезде, Шәріп екі-үш жігіттің басын қосып, ана жолы тау ішіне тығып кеткен жылқы етін таратқызып берді.

Қорабайдың семіз жылқыларының етіне тұз әбден сіңіп, жақсы тоңазыпты. Тарғытайдың  шүйгінді жайылымында тебіндеп, оты қанып, тоғайған қалпы, тоғын басып, тұяқ серіппей жусап жатып семірген  жылқының ерен дәмді еті-ай, шіркін!

 

Манат ОСПАНОВ.

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ

Загрузка...

Басқа да | О другом

Комментарий