Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды сақта!

ҰРПАҒЫН ӨСІРЕТІН БОЛАШАҚ АНА БОЛҒАН СОҢ, ҚАЗАҚ ҚЫЗ БАЛАНЫҢ ТӘРБИЕСІНЕ ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛГЕН. ДЕНСАУЛЫҒЫНА ДА ЖАС КЕЗІНЕН ЖІТІ НАЗАР АУДАРҒАН. ӨКІНІШКЕ ҚАРАЙ, БҮГІНГІ ЖАҺАНДАНУ ЗАМАНЫ ОСЫ АСЫЛ ДӘСТҮРІМІЗДІ НЕШЕ ТҮРЛІ ЖАҒЫМСЫЗ ӘДЕТТЕРМЕН БҰЗЫП БАРАДЫ.

Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде жасөспірім қыздардың шаш жұлысып, тырнақтасып, жұдырықтасып жатқан видеоларын жиі байқап қаламыз. Бұл жат қылықтарға баратын нәзік жандылардың қатары өсіп бара жатқанын көрсетсе керек. Ендеше, бұл жерде екі тараптың бірінің құқығы бұзылып, психологиялық соққы алатыны даусыз. Ал, оның соңы жасөспірімнің болашағына кері әсерін қалдыруы әбден мүмкін. Сондықтан, мектептер мен колледждер ғимараты, аулалар бейнебақылау камераларымен бақыланып, мұндай келеңсіздіктерге жол берілмеуі тиіс. Себебі, жасөспірім қыздар еліміздің болашағы және ертеңгі ұлт анасы. Өкінішке қарай, олардың құқықтары мен денсаулықтары туралы статистикалық деректер де дабыл қағарлық жағдайға жеткен.
Мәселен, соңғы екі жылдың мәліметін салыстырсақ, кəмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық құқықбұзушылық 14,7 пайызға өскен. Осындай қылмыстық істер салдарынан өлім-жітім 25 пайызға артқан. 16 жасқа толмағандарға қатысты жыныстық жақындасу мен жыныстық сипаттағы зорлықтар 59,7 пайызға көбейген. Жасы кəмелетке толмаған қыз балаларды жезөкшелікпен айналысуға итермелеу 100 пайызға еселенген. Бұл енді сұмдық жағдай. Бойжетіп келе жатқан қыздардың арасында беті ашылған, ашынған, адасқан қыздардың үлесі көбейгені алаңдатады. Сол себепті, қоғамда дабыл қағылып, бұл келеңсіздіктен арылтатын, оған қарсы тұратын кешенді іс-шара қабылдануы қажет-ақ. Деректерді тағы сөйлетсек, өткен жылы елімізде 50 мыңға жуық қаракөз гименопластиканың көмегіне жүгінген. Пәктігін сақтай алмай дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндердің қатары бұдан да көп дейді гинеколог-дәрігерлер. Ең сорақысы, қыздардың «пəктігін» сататын халықаралық сайттардың анкеталық базасында қазақстандық қыздардың қатары көбейген. Мұның бәрі ұлттық дәстүрімізді сақтамау мен сырттан келетін жат әдеттерге қарсы тұратын иммунитетіміздің әлсіреуінен деп білген жөн. Сондықтан, қыз балалардың ерте жастан некеге тұруы, жыныстық бопсалау, жыныстық қарым-қатынасқа түсу, қыз алып қашу, жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырау фактілерінің белең алуымен қоғам болып күреспей, дұрыс нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. ҚР Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия бас болып отбасы, мектеп, орта және жоғары оқу орындарындағы тәрбиені жетілдіру арқылы жат әдеттерден қоғамды сауықтыруы қажет. Әйтпесе, еліміздегі 18 жасқа дейінгі қыздардың денсаулықтары туралы мәліметтер де мәз емес. Дəрігерлердің тексеруінен өткен дені сау қыз балалардың саны – 46,9 пайыз.
Сондай-ақ, 18 жасқа дейін бірінші рет тексерілген қыздардың 25 пайызында жыныстық жолдарының қабынуы, яғни гинекологиялық аурулар анықталған. Ал, 22 пайызында жыныстық жолмен жұққан инфекциялар белгілі болған. Соңғы 5 жылда жасы кəмелетке толмай жатып жүкті болған жеткіншектердің саны 33 мыңнан асқан. Бұлар 15-17 жас аралығындағы қыз балалар. Олардың 10 мыңы түсік жасатуға мəжбүр болған. Жалпы, бұл келеңсіздік әлем елдерінің көпшілігін алаңдатып тұрған мәселе. 2018 жылғы Дүниежүзілік банк пен Әйелдердің проблемаларын зерттеу халықаралық қорының (ICRW) мәліметтері бойынша, жыл сайын әлемде кемінде 15 миллион жасөспірімнің некесі тіркеледі екен. БҰҰ қорының мəліметтеріне сенсек, Қазақ еліндегі жасөспірімдер арасындағы жүктілік мың адамға 28 оқиғадан келетін көрінеді. Сол себепті әр ата-ана өсіп келе жатқан ұл-қызына жыныстық қарым-қатынас туралы жөн сілтеп, тәрбиесіне назар аударғаны дұрыс. Қыз балаларды әлеуметтік желілердегі зорлықшылардан сақтандыру, құқығын қорғау мен олардың репродуктивтік денсаулығын сақтау бұрынғыдан да өзекті болып барады. Заман жаңарды, заң талаптары қатайды десек те, елімізде «қыз алып қашу ойыны» әлі тыйылған
жоқ. Сонымен қатар, соңғы уақыттары діннің атын жамылып, бүгін үйленіп, ертесі «талақ» етіп тастап кететіндер де заңның құрығынан құтылып кетуде.
Бұған жасөспірім қыздардың құқықтық сауатсыздығы мен жалған діннің соқыр сеніміне ерулері себеп болуда. Ықтиярсыз жыныстық қарым-қатынасқа түсу, зорлық-зомбылыққа ұшырау қыз тағдырын бүлдіріп қана қоймай, толысып-жетілмеген ағзасына қалпына келместей зиянын тигізеді. Ең өкініштісі сол, осы құқығы ерте бұзылған қыздар туған сәбилерін қоқыстар мен əжетханаларға тастап кетіп жатыр. Тірі қалғандарының тағдыры мүлдем бұлдыр…
Заңгерлердің пікіріне сүйенсек, елімізде жыныстық зорлық ауырлығы орташа деңгейдегі қылмыс болып саналады екен. Сондықтан, зорлықшыл ары кетсе 5 жылға сотталады. Немесе мұндай жағдайдың 70 пайызы екі жақтың мəмілеге келуімен тынады. Ал, дамыған Еуропа елдерінде зорлау ауыр қылмыс болып есептеледі. Сол себепті де, заңгерлер Қылмыстық кодекстен зорлықтан кейін екі жақтың бітімге келуі туралы шартты алып тастау қажеттігін айтады. Қорыта айтқанда, біз көтеріп отырған еліміздің болашағы болар жасөспірім қыздардың құқықтарын қорғау мен денсаулықтарын сақтау күрделі мәселе. Құзырлы органдар тиісті шаралар қабылдамаса, ертең бәрі де кеш болуы әбден мүмкін.

Берік АТАШ, әлеуметтанушы:
«Жазаны қатайтқан жөн»
– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қыз балалар мен аналардың денсаулығы қазіргі жағдайда, шынында да, өткір мәселеге айналып отыр. Бұған мектептен бастап орта және жоғары оқу орындарында жіті назар аударылуы қажет деп есептеймін. Мұндай мәселелермен айналысатын арнайы ресми институттар болғанымен, қазіргі таңда қыз бала тәрбиесімен шұғылданатын арнайы мемлекеттік мекемелер жоққа тән. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыйым» деп, олардың тәрбиесі мен денсаулығына аса сақтықпен қараған ғой. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елімізде жыныстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр. Бұл зорлықтардың көбі халқымыздың болмысына байланысты, «ұят болады» деген желеумен жария болмай қалатыны жасырын емес. Ал, бұл келесі бір қылмыстың туындауына себеп болады. Сондықтан, әрбір зорлық-зомбылық құқыққорғау органына белгілі болып, зорлықшыл міндетті түрде жазаға тартылуы қажет. Бұл арада жазаны қатайтқан жөн. Зорлықшыл 10-15 жылға сотталар болса, ойланар ма еді?!
Құралай ТӨЛЕУҒАЛИ, №148 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
«Бірдің қылығы үшін көпке топырақ шашуға болмайды»
– Бұрымдылардың оң-солын тануына, бой түзеуіне, келбеті мен сымбаты жарасқан қыз болып өсуіне жол сілтейтін тәрбие жұмыстары мектеп тарапынан жолға қойылған. Мәселен, 1-4 сынып қыздары арасында «Шашбаулым» клубы, 5-8 сынып қыздары арасында – «Ақжүніс», 9-11 сынып қыздары арасында «Сырғалым» клубы жұмыс жасайды. Клубтың мақсаты қыз бала бойындағы имандылық пен инабаттылықты дәріптеу, нәзіктік пен сұлулыққа баулу, білім мен өнерге құштарлықтарын ояту, ізеттілік пен кішіпейілділіктерін арттыру. Қоғам ағысынан қалмай, қазақы биязылықты сақтай отырып заманауи болуға тәрбиелеу. Жылдық жоспар бойынша, мектеп психологімен бірлесе отырып, қоғамда беделі бар әйел азаматшалармен кездесулер өткізу арқылы болашаққа деген сенімділіктерін арттырып, ақ жаулықты әжелер тобымен бірлесе отырып, отбасындағы орындарын айқындап, медбикелермен жүздестіріп, қыз бала гигиенасы туралы жан-жақты ақпараттар беріледі. ХІХ ғасырда бүрмелі етек, үкілі кәмшат киіп жүретін қыз таппайтынымыз анық. Заманауи киініп, еуропаға еліктеп жүргеніміз де шындық. Иә, қыз балалар жайлы келеңсіз пікірлер орын алуда. Әлеуметтік желілерде тарап кеткен қыздар арасындағы төбелес, жалаңаштанған видеолармен көпке топырақ шашуға болмайды. Олар бір қарын майды бұзып жүрген «құмалақтар». Анасынан алған тәрбиесін жадында сақтап, өз орнын білетін, өзгеге үлгі бола алатын қыздарымыз аз емес.
Нұрболат АБАЙҰЛЫ

Комментарий