Құқық | Право

Алқабилер соты неге дамымай отыр?

Алқабилер сотының енгізілгеніне он жылдан асса да, бұл тақырып күн тәртібінен түсер емес. Жыл сайын алқабилердің қатысуымен өтетін сот төреліктерінің саны да көңіл көншітпейді. Осы орайда, алқабилер соты неге дамымай жатыр, жалпы бұл институт керек пе деген сауалды қаузап көрген едік.

Асқар БЕЙІМБЕТОВ, Алматы облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы:
– Бүгінде алқабилер сотына жүгінетіндер аз. Мысалы, 2018 жылы Алматы облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының өндірісіне түскен қылмыстық істердің төртеуі алқабилердің қарауына берілсе, оның біреуі аяқталды. Екеуі 2019 жылға өтіп, қаралып жатыр.
Бірінші кедергі, халықтың құқықтық сауатының төмендігі институттың дамуын тежеп отыр. Алқабилерді іріктеу «Алқабилер туралы» заңда көрсетілген тәртіппен кездейсоқ таңдау рәсімі арқылы жүргізіледі. Жергілікті атқарушы органдар алқабиге үміткерлердің алдын ала тізімін жасап, соның ішінен жиырма бесін кездейсоқ таңдап алады да, оның 12-сі алқаби болады. Іріктеліп алынған 12 азаматтың 10-ына алқабилер сотында төрелік ету құқығы беріледі. Екі адам қосалқы ретінде таңдалып алынады. Тағы бір мәселе, алқабилер тізіміне енген азаматтар тұрғылықты мекенжайынан табылмай біраз қиындық туғызса, кей азаматтар негізгі жұмыс орнынан босай алмайтындықтарын желеу етіп, сот процесіне келмейді. Негізі, олар сот процесіне бастан аяқ қатысуы керек. Жұмыс беруші тараптар да қызметкерлерін алқабилер тізімінен көруді қоштай бермейді. Сондықтан, алқабилерді іріктеу тәртібі мен олардың міндеттерін әлі де болса халыққа түсіндіру қажет. Сосын, біз алқабилер сотының қарауына жататын істер бойынша тараптарға бұл істі алқабилердің қатысуымен қарауға болатынын түсіндіреміз. Бұл мәселе сотқа дейінгі тергеу кезінде де тараптарға айтылады. Десек те, сотқа жүгінушілердің көпшілігі қылмыстық іске алқабилер емес, судьяның қазылық еткенін қалайды.

Жандос ТҰЯҚОВ, адвокат:
– Алқабилер соты енгізілгеніне біраз болса да, халықтың бұл жаңалықтан хабары аз. Бәлкім, бұл алқабилер тек аса ауыр қылмыстарды қарайтындықтан болар. Көп жағдайда, алдын ала тергеу органдарында жасаған қылмысы толық дәлелденген азаматтар алқабилер сотына жүгінуді құп көрмейді. Өйткені, алқабилер көбіне қылмыстық жағдайларға баға бергенде эмоцияның жетегінде алдарында тұрған қылмыскерді қатаң жазаға кесіп жіберуі мүмкін деп қорқады. Мен өзін әділетсіз айыпталдым дегендерге алқабилер сотына жүгінуге кеңес берер едім. Себебі, бұл біріншіден, еліміздегі демократияның жарқын көрінісі, екіншіден, құқыққорғау органдарындағы кейбір қатып қалған қағидаларды бұзады. Сол сияқты, мұндай сот отырысына қатысқан адвокаттар да өздерін әдеттегіден еркін сезінеді. Тараптар да сот залында өздерінің эмоциялық жағдайын ешкімнің шектеуінсіз көрсетіп, ойларын ашық айтады. Мысалы, дәстүрлі сот отырыстарында судья сот залындағы жағдайды өз бақылауына алып, кейде сотқа қатысушылардың артық ауыз сөйлеуіне тыйым салып отырады. Ал, алқабилер тараптардың көңіл-күйіне дейін назар аударып, тіпті өздерін сол адамның орнына қойып, істі өн-бойларынан өткізеді. Нәтижесінде, алқабилер қылмыстық істегі судьялар мен прокурорлардың мән бермеген ұсақ-түйектерін байқап, істің әділ шешілуіне септігін тигізеді. Өз басым мұндай сот отырысына 2009 жылы бір-ақ рет қатыстым. Сонда байқағаным, алқабилер заңдық білімінің жоқтығына қарамастан қылмыстық іске барынша әділ баға беруге тырысады. Оларды алдарындағы адамның «обал-сауабы» көбірек ойландырады. Ал, судьялар бірінші кезекте заңды басшылыққа алып, содан кейін ғана өздерінің ор-ождандарына, ішкі түйсіктеріне жүгінеді. Сондай-ақ, алқабилер ешкімге жалтақтамайды. Жалпы, алқабилер сотының негізгі артықшылықтары осы десек, ал оны дамыту уақыт еншісіндегі мәселе.

Комментарий