Құқық | Право

Заңдарды жетілдірудегі мақсат – адам құқығын тиімді қорғау

Жуырда Алматы облысы Талғар ауданына қарасты «Ақбұлақ» қонақ үйінде еліміздің қылмыстық саясатын одан әрі жетілдіру мақсатында алқалы жиын өтті. Биыл сегізінші рет ұйымдастырылған «Тиімді қылмыстық саясат және қылмыстық сот ісін жүргізудің заманауи үлгісі – азаматтардың конституциялық құқықтарын тиісінше қорғаудың кепілі» атты халықаралық конференцияға ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми бастаған бірқатар құқыққорғау органдарының басшылары қатысты.

Атап айтқанда, ҚР Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин, ҚР Бас прокуроры мен Ішкі істер, Әділет министрінің орынбасарлары Марат Ахметжанов пен Рашид Жақыпов, Жанат Ешмағамбетов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар мен шетелдік сарапшылар, ұлттық сарапшылар және үкіметтік емес ұйым өкілдері бар.
Аталған шараны Астанадағы ЕҚЫО Бағдарламалары кеңесі және Герман халықаралық құқықтық ынтымақтастық қоры, ҚР Жоғарғы Соты және Бас прокуратурасы ұйымдастырды. Екі күнге созылған конференцияда еліміздің құқықтық заңнамаларына енгізілген
соңғы өзгерістердің тәжірибе барысындағы пәрмені сөз болып, ондағы олқылықтар мен
артықшылықтар жайлы айтылды. Шараның алғы сөзін сөйлеген ҚР Конституциялық
кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми қолданыстағы Қылмыстық және Қылмыстық процестік кодекстерді бұдан әрі жетілдіру қажеттілігін күн тәртібіне қойды. Үш сессиядан тұрған жиынның бірінші бөлімінде «Сотқа дейін іс жүргізу реформасы: қазіргі жағдайы мен келешегі» атты тақырып талқыланса, екінші кезекте «Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау басымдықтарының негізінде сот төрелігін жаңғырту» мәселесі сөз болды. Осы орайда, ҚР Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин өз баяндамасында қылмыстық процесте бәсекелестік қағидатын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталып, сот жүйесінде заңның үстемдігі артып, сәйкесінше халықтың сотқа деген сеніміне қол жеткізілгенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың ақпан айында қылмыстық процеске тартылған адамдардың құқықтары мен мүдделерін сақтау және қамтамасыз ету мақсатында сот төрелігіне бағытталған екі бірдей заң қабылданғаны жайлы айта келе, «сотталғандар арасында үкімді орындау сатысында, соның ішінде, жазасын өтеушілер мен жәбірленушілер арасында медиацияны қолдану бойынша заңға түзетулер енгізу керек» деген ұсыныс білдірді. А.Рахметулин Жоғарғы Соттың «Сотқа дейін және сотта татуласу» жобасын іске асыруы, жазалау практикасынан арылу, сотқа дейінгі қылмыстық іс жүргізуді сот арқылы бақылау институтын нығайту, мүлікті тәркілеу институтын реформалау туралы сөз етті. Ол қылмыстық істердің орнына тек айыптау актісі мен қорғау актісін сотқа жіберуді, алқабилер сотының соттылығын және үкімді орындау сатысында сот бақылауын кеңейтуді, электрондық сот ісін жүргізуге толығымен көшуді ұсынды. Ал, Конституциялық кеңес мүшесі Иоганн Меркель ортаға медиациялық келісіммен немесе бітімгершілікпен шешілген істер қайталанған жағдайда тиісті шара қолданудың заңдық тетіктерін жетілдіру қажеттігі жайлы ой тастады. Өйткені, тәжірибеде кейбір азаматтардың заңдарымызды ізгілендіру мақсатында жасалған мұндай өзгерістерді пайдаланып, қайта-қайта құқықбұзушылық жасауды әдетке айналдырғаны байқалады.
Яғни, бір рет заң бұзып, қарсы тарап кешіргендіктен немесе өзара келісімге келгендіктен заң алдында жауапқа тартылмағандар, кейін сол құқықбұзушылықты қайталап жатады. Сондай-ақ, алқабилер институтының ойдағыдай дамымай жатқанына қынжылыс
білдірген И.Меркель шын мәнінде мұның өте ауқымды жұмыс екенін, бұл мәселенің
әлі де болса пысықталатын тұстары көптігін қаперге салды. Алқабилер сотында төрелік
ететін азаматтарды іріктеуден бастап оларға жалақы төлеу, соттағы судьяның рөлі секілді сұрақтардың да қайта қаралатынын айтты.
Сонымен қатар, аталған жиында заңдарымызды заман талабына сай жетілдіруде халықарлық тәжірибелерге ден қою, ең бастысы адам және оның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың озық үлгілерін қолданысқа енгізу мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, халықаралық талаптарға сай, сотталған шетелдіктерге қатысты шартты түрде – мерзімінен бұрын босату және жазалау шараларын ауыстыру туралы сот актілерін орындау бойынша құқықтық механизмдерді әзірлеу қажеттігі, үкімді айыппұлды өндіру бөлігінде орындауды ІІМ ҚАЖ комитетіне беру мәселесін қарау маңызды. Сондай-ақ, сотталғандар арасында үкімді орындау сатысында, оның ішінде, жазасын өтеушілер мен жәбірленушілер арасында медиацияны қолдану бойынша заңға түзетулер енгізу сынды тың ұсыныстар айтылды.
К.ЫСҚАҚОВА,
«Заң газеті»

Комментарий