Құқық | Право

ЖАҢА ИНСТИТУТ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ АХУАЛЫН ЖАҚСАРТА МА?

Елімізде әкімшілік әділет институты енгізілмек. Қазір оның тетіктері Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жаңа жобасында жан-жақты пысықталып, талқыланып жатыр. Ол қабылданса, мемлекеттік мекемелердің әрекетіне көңілі толмайтын азаматтарға қолайлы жағдай туатыны айтылуда. Расында солай ма?

Мәди КӨШІКБАЕВ, Алматы облысы Қарасай аудандық сотының төрағасы:

– Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің сот жүйесіне қаратып айтқан тапсырмалардың бірі. Жоғарғы Сот осы бағытта ауқымды жұмыстар атқаруда. Кейінгі жылдары мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы дау-дамай жиілеп кетті. Сотқа түскен арыз шағымдардың үштен бірі осындай даулар.
Қазіргі таңда мұндай істер тек ҚР Азаматтық процестік кодекстің 29-тарауына сай қаралады. Яғни, мемлекеттік биліктің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне қатысты дау айту туралы істер бойынша іс жүргізудің басқа заңдық тетіктері жоқ. Қолданыстағы осы заң бойынша, азаматтар мемлекеттік мекеменің әрекетіне қатысты сотқа жүгінсе, ол мемлекеттік мекеменің заңсыздығын әшкерелейтін фактілерді өздері тауып, жинақтап ұсынуы тиіс. Алайда қарапайым азаматтарда ондай мүмкіндік бола бермейді. Нәтижесінде сот алдында ештеңе дәлелдей алмай, жеңіледі. Сотқа факт керек, судья қолданыстағы заңды басшылыққа алады. Міне, ҚР Жоғарғы Соты осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында әкімшілік әділет институтын енгізбек. Әрине, ол үшін алдымен жаңа заң қабылдануы керек. Бұл заң азаматтар мен мемлекеттік органдардың сот процесіндегі рөлін ауыстырады деп күтілуде. Азаматтар бұрынғыдай мемлекеттік мекеменің немесе лауазымды тұлғалардың заңсыздығын дәлелдеймін деп әуре-сарсаңға түспейді. Керісінше, мемлекеттік органдар өз әректтерінің заңды екенін өздері дәлелдеуі тиіс. Бұл мемлекеттік органдардың заң алдындағы жауапкершілігі мен тәртібін күшейтіп, азаматтардың мойнына түсетін салмақты азайтады. Яғни, ендігі жерде мемлекеттік орган азаматтарға қатысты қандай да бір шешім немесе әрекет етпес бұрын, оның қаншалықты заңға сай екендігіне көз жеткізулері қажет. Бұл азаматтардың құқығы аяқ асты болмауына, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы құқықтық қарым-қатынасты реттеуге мүмкіндік береді. Тағы бір айта кетерлігі, келешекте мұндай даулар әкімшілік соттарда қаралмақ. Сондай-ақ, осы санаттағы дауларды тек арнайы маманданған білікті судьялар қарайтын болады.

Шыңқуат БАЙЖАНОВ, адвокат:

– Әкімшілік әділет институтын дамыту мәселесінің өзектілігі уақыт өткен сайын артып келеді. Себебі, күні бүгінге дейін сот төрелігінде жеке азаматтар мен мемлекеттік органдар немесе лауазымды тұлғалар арасындағы дау қарала қалса, көп жағдайда азаматтар жеңіліс табады. Нәтижесінде қарапайым азаматтардың сотқа сенімі азайып, аты дардай мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың жеке азаматтарды ойсырата жеңуі белең алды. Әрине, бұл дұрыс емес. Бұлай кете берсе, «қолынан келгендер
қонышынан басып», заңның өзі халықты дәрменсіз күйге түсіреді.
Осыдан кейін заңға деген сенім де төмендейді. Ал заңға сенбеген, оның пәрменін сезіне алмаған адам еріксіз оны айналып өтуге әрекет жасайды. Өз кезегінде азулы мемлекеттік мекемелер мен түрлі мемлекеттік ұйымдар, ондағы лауазымды тұлғалар өздерінің құзыреті мен қызмет бабын асыра пайдалануы мүмкін. Сондай-ақ, бұл жемқорлық індетін таратуға да таптырмас мүмкіндік. Сондықтан, мұны тез арада шешу керек. Тиісті заң сөзбұйдаға салынбай қабылдануы тиіс. Әлбетте, бізді ҚР Жоғарғы Сотының осы бағытта атқарып жатқан істері қуантады. Әсіресе адвокаттар қауымы үшін бұл сеңнің қозғалуымен тең болып тұр. Шыны керек, азаматтар мен мекемелер арасындағы дауға адвокаттар аса араласқысы келмейтін. Себебі, оңай емес. Сот процесі кезінде прокуратура мекемені 100 пайыз жақтап сөйлейді. Судья да көбіне мемлекеттік мекеменің мүддесіне басымдық береді. Әсіресе бірінші сатыдағы соттар. Біз мұндай жағдайда жоғары тұрған соттарға жүгініп, әділдікке қол жеткізуге тырысамыз. Сосын мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар адвокат жалдап та әуре болмайды. Заңгерлерін жібереді де, тып-тыныш жұмыстарын жүргізе береді. Ал қарапайым азаматтар болса адвокат жалдап, өз шағымдарының дұрыстығын дәлелдеу үшін табанынан тозып, түрлі бюрократиялық кедергілерге ұшырып, аяғында жеңіліп қалады. Бұл әділ емес…

Сауалнаманы әзірлеген Камила ЫСҚАҚОВА, «Заң газеті»

Комментарий