Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

ТАЛҚЫДА – ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІК-ПРОЦЕСТІК КОДЕКС

ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІК-ПРОЦЕСТІК КОДЕКС ЖОБАСЫНЫҢ ТАЛҚЫҒА САЛЫНЫП ЖАТҚАНЫНАН ЖҰРТШЫЛЫҚ ХАБАРДАР. ӘКІМШІЛІК ӘДІЛЕТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДҰРЫС ЖҰМЫС ІСТЕУІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН БҰЛ ЗАҢНАМАДА МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР МЕН ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ АРАСЫНДАҒЫ ЖАРИЯҚҰҚЫҚТЫҚ ДАУЛАРДЫ ТАРАЗЫЛАУДЫҢ ЗАМАНАУИ ҚАҒИДАТТАРЫ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН. ЯҒНИ, ЖАҢА КОДЕКС – МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖОЛДАУЫНДА БЕРГЕН ТАПСЫРМАСЫНЫҢ ЖЕМІСІ.

Дәл осы мәселеге неге Президент айрықша назар аударып отыр? Жария-құқықтық дауларды реттеу үшін арнайы заң қабылдаудың қажеті бар ма? Бұл сұрақтар бүгінге дейін заңгерлер арасында жиі талқыға түскені рас. Бірақ, заң қоғам қажеттілігіне сай дайындалғанын мойындауымыз керек. Шындығында, әкімшілік әділет
институтын енгізетін уақыт жетті. Мұндай құжат бүгінде Латвия, Болгария, Нидерланды секілді елдерде бар. Арнайы заң жұмыс істеп тұрған соң өз шағымының тыңғылықты зерттелетініне, сапалы қаралатынына азаматтар да сенеді. Содан болар, бұл елдерде жария-құқықтық даулар бойынша арызданатындар да аз емес. Қарапайым ғана мысал, Қазақстандағы әрбір 1000 тұрғынның тек біреуі ғана мемлекеттік құрылымдар жұмысына қатысты арызданады екен. Ал өркениетті елдерде әрбір мың тұрғыннан беске жуық шағым түседі. Сондай-ақ шағымдардың қорытындысы да көңіл көншітпей отыр. Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті ұсынған мәліметке қарасақ, 2017 жылы Азаматтық процестік кодекстің 29-тарауы бойынша (мемлекеттік биліктің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы істер бойынша іс жүргізу) елімізде 18307 арыз қаралып, 10370-іне қатысты шешім шығарылған. Осы істерде мемлекеттік органдардың пайдасына шығарылған шешімдер саны екі есе жоғары екенін көреміз. Яғни, қарапайым халық екі есе ұтылып отыр. 2018 жылғы жағдай да мәз емес. Бұл жылы да қаралған істердің көп бөлігінде мемлекеттік құрылымдар басым түскен. Әрине, таразының бір басында қолында үлкен билік бар, құзыреті мықты мемлекеттік орган тұрса, екінші басында құқықтық сауаттылығының өзі күмәнді қарапайым азаматтар тұрғандықтан жеңістің кімнің жағында болатыны белгілі емес пе?! Теңсіздікті жоюға, азаматтардың құқығын қорғауға қолайлы жағдай туғызуға мемлекет міндетті. Мұндай деректер Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жедел қабылдануын талап етіп отыр. Жаңа кодексте судья белсенділігін арттыруға ден қойылған. Соған сәйкес, енді қазылар мемлекеттік органдар мен жеке азаматтар әкелген дәлел-дәйектерді қанағат тұтып, шешім шығармайды. Қажет еткен жағдайда судья істі нақтылауға көмектесетін дәлелдерді, құжаттарды қосымша сұратуға құқылы. Егер сот дәйектер толық емес деген жағдайда өз бастамасымен оларды жинатуға да мүдделі. Ең бастысы, ендігі жерде әкімшілік мекемелер
өз істерінің дұрыстығын өздері дәлелдеуі керек. Азаматтар мұндай әурешіліктен босатылады. Сонымен қатар, жария-құқықтық даулардың қаралу тәртібі бүгінгі заман талаптарына сәйкес келмейді. Осы уақытқа дейін бұл мәселе Әкімшілік рәсімдер туралы кодекс аясында шешілгені белгілі. Ал бұл кодекс негізінен таза әкімшілік-ұйымдастырушылық жұмыстарын реттеуге бағытталған. Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмасының мәні де осы түйткілді жоюға арналуы тегін емес. «Әкімшілік әділет жария-құқықтық дауларды қараудың мықты механизмі» деп бағалаған Президент мемлекеттік орган мен азаматтар арасындағы дауда дәлелдерді жинау ғана емес, сол дәлелдердің шынайылығына жауаптылықты да құзырлы орындарға жүктеуді тапсырған. Сондай-ақ, заңнамадағы түсініксіз, бір-біріне қайшы тұстар азаматтардың пайдасына шешілуі
тиістігі туралы айтылған ұсыныс та құптарлық. Міне, мемлекет басшысының алғашқы Жолдауында берген міндеттемелерін орындау мақсатында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасы жасалып, қазір көпшілік арасында қызу талқыланып жатыр. Жеке азаматтардың құқығын қорғауға жол ашатын, әурешілігін азайтып, сенімін көбейтетін бұл құжат қазақстандық заңнамалардың сапалық жақтан өсуіне, құқық үстемдігін нығайтуға серпін береріне сенімдімін.

Б.ТӘЖІХАНОВ,
Алматы қаласы
мамандандырылған ауданаралық
әкімшілік сотының төрағасы

Комментарий