Саясат | Политика

Қазақстанның Ресеймен шекарасындағы өткізу пункттері жылдам жаңғыртылады

Омбыдағы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында өткізу пункттерін модернизациялау жоспары ұсынылды, бұл мақсатқа қаражат бөлінді

 Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан мен Ресей шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғырту жоспары өте жылдам орындалатынын хабарлады.

Песковтың айтуынша, бейсенбіде Омбы қаласында өткен Ресей-Қазақстан форумында екі ел басшыларына осы мәселе бойынша жеке презентация ұсынылды.

“Шынында да, ондағы жағдай белгілі, жүк көліктері ұзын-сонар кептелісте тұрады. Яғни, бұл Азия – Еуропа, Солтүстік – Оңтүстік және тағы сол сияқты негізгі бағыттардағы қатынасты баяулатады”, – деді Путиннің баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша, форум аясында инфрақұрылымды Ресей тарапынан тиісті деңгейге шығару жоспары ұсынылды, қаражат бөлінді. Модернизация жоспары өте тез орындалады”, – деп толықтырды Песков.

Бұған дейін Ресей 314 миллион доллар немесе 20 миллиард рубльге Қазақстанмен шекарадағы өткізу пункттері жаңғыртылатыны хабарланған болатын.

Комментарий