Құқық | Право

ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІЛЕР ЖЫЛЫ СӨЗГЕ ЗӘРУ

Биік дуал. Қатаң тексеру. Орнынан ауыр қозғалатын темір есіктер мен тікенек сымдар. Түзеу мекемесінің табалдырығын аттағанда алғаш көзге шалынған бұл көріністер еңсемізді езіп жібергенмен, көп ұзамай мұнда да қайнаған өмір барын байқадық.

Түзеу мекемесі ауласының бір бұрышы спорт алаңына айналыпты. Жазасын өтеушілердің бір тобы сол жерде түрлі спорттық құрылғылармен жаттығып, енді бірі ауланы айналып жүгіріп жүр. Доп теуіп, футбол ойнап жатқандарды да көзіміз шалды. Жазасын өтеушілердің тағы бір тобы мәдени-іс шараларға арналған залда концерт көруге жиналыпты. Бұл ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Алматы облысы бойынша
департаментінің ЛА-155/12 мекемесіндегі көрініс. Талғат Қожахметов есімді кәсіпкер азаматтың жоғарыдағы
түзеу мекемесіне арнайы өнерпаздарды алып барып, концерт қойғысы келетін ниетін естігенде елеңдеп қалдым. 1500 жазасын өтеушіге арналған мекеме 2011 жылы құрылған. Қазір мұнда 905 адам отыр. Сотталушылардың дені адам өлтіріп, қарақшылық әрекеттер жасаған. Десе де, жабық мекеме басшылығы олардың түзеліп, еркіндікке шыққан соң қылмысын қайталамауы үшін барлық жағдайды қамтамасыз етіп жатыр екен. Осы орайда соңғы жылдары қолға алынған түрме реформаларының оң нәтиже беріп жатқанын
байқадық. Тіпті, кәсіптік білім беріп, түрме ішінде жұмыс істеуге мүмкіндік қарастырылған. 2019-2020 оқу
жылында колледжге 4 мамандық бойынша 100 жазасын өтеуші қабылданыпты. Электр газ дәнекерлеуші, тігінші, компьютер операторы, құрылысшы мамандықтарын алып шығатын олардың білімі бостандыққа шыққан соң да кәдеге жарары анық. Оқу орнын бітіріп шыққан соң жазасын өтеушілерге мемлекеттік үлгідегі диплом мен сертификат беріліп, түзеу мекемесінде жұмысқа тартылады. Сондай-ақ, түзеу мекемесінің аумағында жалпы білім беретін мектеп те жұмыс істейді. Ол жерде қазір 14 жазасын өтеуші дәріс алуда.
Мекемеде түрлі қоғамдық мәдени іс-шараларға, бұқаралық спортты насихаттауға ерекше мән берілетінін байқадық. Түрме тұрғындарының өз бетінше шығармашылығын дамыту мақсатында арнайы клуб та құрылған. Клуб аясында жазылған музыкалық композиция республикалық байқауда 1-орынды жеңіп алыпты. Ал кәсіпкер Талғат Қожахметов бастап апарған «Альянс» шығармашылық тобы қойған концертте әскери-патриоттық бағыттағы әндерді сотталушылар да шебер орындады. «Альянс» өнерпаздарымен бірге
өнер көрсеткен олардың талабы көп көңілінен шықты. Мекеменің тәрбие ісі жөніндегі бөлім басшысы Сергей Зубарь «Қателік жасап, түрмеге жабылғаны болмаса, бұлар да қарапайым адамдар. Рухани қолдауға зәру.
Сондықтан, барлық мерекелерді мүмкіндігінше атап өтуге, мәдени-спорттық іс-шараларды жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Көпшілік болғандықтан, өнерпаз, дарынды жандар баршылық. Бір сөзбен айтқанда бұл жерде де
шығармашылық орта бар. Сыртқы дүниеден қол үзіп қалмай, бұлар да өзінің қоғамның бір мүшесі екенін сезінуі керек. Түзеу мекемесінің басты міндеті – осында жазасын өтеп шығатын әр адамның алдағы өміріне дұрыс бағыт-бағдар беру, қайта қылмыс жасап, теріс жолға түсуіне тосқауыл қою», – дейді. Мемлекет тарапынан бекітілген атаулы мерекелерде түрлі іс-шаралар, концерттер осы жердегі жазасын өтеушілердің
күшімен ұйымдастырылады екен. Тіпті клуб аясында сотталушылар әртүрлі тақырыптарда пікірталас ұйымдастырып, ой бөлісіп тұрады. Жылына 4 рет Ашық есік күні де ұйымдастырылады. Бүгінгі күні түзеу мекемесіндегі кітапхана қорына 5754 кітап жиналған. Бізді аталмыш мекемеге бастап апарған кәсіпкердің бұл үшінші іс-шарасы. Осыған дейін де түрмеде концерт ұйымдастырып, футбол сайысын өткізген кәсіпкер өзінің ісін аса жарнамалағысы келмеді. Бар болғаны «Түзеу мекемесінің тәрбие бөлімінің басшылары өтініш айтады, мен қайырымдылық ретінде олардың ұсыныстарын қолдаймын» дейді.
Сіз не дейсіз?
Гүлжәмилә БАЙТЕМІРОВА, Алматы облыстық ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс тобының маманы:
– Мұндай шараларды өткізудегі басты мақсат – жазасын өтеушілердің қоршаған ортаға деген оң көзқарасын қалыптастыру, олардың моральды-этикалық ұстанымдарының дұрыс қалыптасуына ықпал ету. Сондықтан, түзеу мекемесінде шараларды жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Жазасын өтеушілер бостандыққа шыққан соң тез бейімделіп, мұнда қайтып келмеуге барынша тырысса, біздің мақсатымыздың орындалғаны.
Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Комментарий