Қоғам | Общество

Алматыда кәуапханалар жабылуы мүмкін

Алматы қаласында ашық отта тандыр нан мен кәуап пісіруге тыйым салынбақшы. Мегаполисті дамыту туралы қабылданған жаңа ережелер бойынша түтіні сыртқа шығып тұратын пештер мен көпшіліктің сүйікті асы кәуап жасауда пайдаланатын мангалдарды қолдануға рұқсат берілмейді екен, Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Алматыда 5000-нан астам қоғамдық тамақтану орны бар, ал Бостандық ауданының өзінде 16-ға жуық кәуап әзіріп сататын орталық бар көрінеді.

Қала экологтары мұндай орындардың ауаның ластануына өз үлесін қосып жатыр деп айтып келгеніне біраз болыпты. Сөздерінше түтін түтетіп, ашық отқа тағам әзірлейтін дәмханаларды қаланың сыртына көшіру немесе оларды мүлдем жабу қажет екен.
«Біріншіден мұндай өзгерістер аз болса да қала экологиясына көмектесетіні белгілі. Ал екіншіден ашық отқа ағаш отын пайдалану азаяды. Ол өз кезегінде ормандағы теректердің шабылуын төмендетеді»- деді эколог Ажар Жандосова.
Қазіргі таңда бұл ереже енді қаралып, талқылану үстінде. Ережемен танысу үшін электронды үкімет сайтына кірсеңіз болғаны.
Дәмхана иелерінің айтуынша, егер кәуапты ашық отқа пісірмесе оның дәмі кетеді. Ал егер кәуапханаларды қаланың сыртына көшіретін болса, ол тағамның бағасының көтерілуіне әкелетіні сөзсіз.
Қала тұрғындарының ойы екіге бөлінді. Бірі бұл бастаманы қолдайтынын көрсетсе, басқалары дәмді тағамды жеу үшін қаланың сыртына шығып жүруді жөн көрмейтіндерін айтты.

Комментарий