Құқық | ПравоҚұқықтық кеңес | Юридическая консультация

Еңбек дауын сотсыз қалай реттеуге болады?

Қазақстан Республикасында әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Мұның барлығы ел Конституциясының 24-бабында бекітілген. Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар. Яғни, әрбір азамат жалдамалы еңбек, жеке еңбек қызметі, мемлекеттік қызмет сияқты Конституцияда көрсетілген құқықтарын әртүрлі нысанда жүзеге асыра алады, ал қызмет түрін және мамандықты еркін таңдау азаматтың өз еркінде.

Еңбек дауы – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, еңбек шарттарының, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау мәселелері бойынша жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында реттелмеген келіспеушіліктерден туындайды. 2015 жылы Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексі қабылданып, (2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) соған орай еңбек дауларын шешу елеулі түрде өзгеріске ұшырады. Өйткені, келіспеушіліктер ең алдымен келісім комиссиясында қаралуға міндетті. Келісім комиссиясы ұйымдарда, және оның филиалдары мен өкілдіктерінде құрылатын тұрақты орган болып табылады. Еңбек кодексінің 159-бабының 1-бөлігіне сәйкес, шағын кәсіпкерлік субъектілерін және заңды тұлғаның атқарушы органының басшыларын қоспағанда, жеке еңбек дауларын – келісу комиссиялары, ал реттелмеген мәселелер не келісу комиссиясының шешімі орындалмаған жағдайда істі соттар қарайды. Аталған норманы енгізу тараптарға қысқа мерзімде және ұйымның ішіндегі азғантай шығынмен жеке еңбек дауларын шешуге мүмкіндік беруді мақсат етіп отыр. Және мұның сөзсіз жағымды тұстары көп. Сот практикасы көрсеткендей еңбек дауларының пайда болуына негізінен жұмыскердің де, жұмыс берушінің де еңбек заңнамасын білмеуі және оны сақтамауы себеп болып табылады. Сондықтан, тараптарға келісімге келіп, дауды шешудің әртүрлі тиімді жолдарын іздеу қажет. Осы жерде келісім комиссиясы мүшелерінің кәсібилігі мен бейтараптылығына күмән келтірмеу керектігін атап өткім келеді. Өйткені, Еңбек кодексіне сәйкес, татуластыру комиссиясы жұмыс берушi мен жұмыскерлер өкілдерінің тең санынан тепе-теңдік негізде құрылады. Оған қоса, келісу комиссиясының тараптары келісу комиссиясының мүшелерін Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының негіздеріне, келіссөздер жүргізу машығын дамытуға және еңбек дауларында консенсусқа жетуге жыл сайын оқытуды жүргізуге міндетті. Сонымен, заңшығарушы келісім комиссиясына аралық функцияны бере отырып, бір уақытта оны міндетті саты ретінде танып отыр. Бұл еңбек дауындағы тараптардың құқықтарын бұзбайды және Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 8-бабының 6-бөлігінде көзделген нормамен үйлесім табады. Келісу комиссиясы келісу комиссиялары шағын кәсіпкерлік субъектілерін және заңды тұлғаның атқарушы органының басшыларын қоспағанда, жеке еңбек дауларын қарайды. Сондықтан, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері, сонымен қатар, олардың филиалдары мен өкілдеріне міндетті түрде келісу комиссияларын құру керек. Осындай комиссия болмаған жағдайда, жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну мерзімінің өтуі, ол құрылғанға дейін тоқтатыла тұрады. Еңбек дауларын реттеуде сотқа дейінгі шешудің тиімді құралдарының бірі – медиация рәсімі. Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылады. Медиация кезінде медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дау (дау-шарды) реттеледі.
Медиация жүйесі мен рәсімін жасау және қолданудың, оның ішінде еңбек қатынастары саласында жұмыстарды күшейту жұмыстарының қажеттілігіне Елбасымыз өзінің «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарламалық мақаласында айрықша тоқталып, медиация институтын дамытуға бағытталған құқықтық базаның қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Қазіргі таңда медиация институты өзінің тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдеп, тек еңбек дауларын ғана емес, басқа да санаттардағы даулар мен дау-шарларды шешудің танымал құралына
айналды. Медиацияның тиімділігін түсінген көптеген компаниялар, жұмыскерлермен жасалатын жеке еңбек шарттарында даулар мен келіспеушіліктер сотқа дейін медиатордың қатысуымен шешілуі мүмкін деген тармақтарды көрсетіп отыр.
Ағымдағы жылдың ақпан айының басында күшіне енген заңнаманың соңғы жаңашылдықтарының бірі – сот бұйрығына қатысты. Мұндай жағдайда дауды медиация тәртібінде реттеу туралы келісімдерді мәжбүрлі түрде орындату тәртібі анағұрлым оңайлатылды. Бұл еңбек даулары бойынша жасалған келісімдерге де қатысты. Қорытындылай келе, осы жерде сот отырысының залы емес, «келіссөздер үстелі» дауларды шешу үшін ең қолайлы орын екендігін айтып өткім келеді. Қоғам мен бизнес өкілдері де түйткіл туындағанда сот талқылауынан гөрі келіссөздер жүргізу арқылы өзара тиімді шешімге, консенсусқа жетуге болатындығына көздері жетіп отыр деп зор сеніммен айтуға болады.
Жолдыбай МЕТАЕВ,
Қостанай облысы
Жангелдин аудандық сотының төрағасы

 

Комментарий