Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

ҚАҺАРМАН ҚАУІПТЕН ҚОРЫҚПАЙДЫ

БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ КЕЗ КЕЛГЕН ЖАҒДАЙДА БАСТАРЫН ҚАТЕРГЕ ТІГІП ЖАТАДЫ. ҚАНДЫҚОЛ ҚАСКӨЙМЕН БЕТПЕ-БЕТ КЕЛЕТІН ДЕ, ЖЕР СІЛКІНІСІ, ТЕХНОГЕНДІ АПАТТАР, ӨРТ ОҚИҒАЛАРЫ СЫНДЫ ҚИЫН КЕЗДЕРДЕ ЕҢ АЛДЫМЕН ҚОЛ ҰШЫН СОЗАТЫН ДА ІШКІ ІСТЕР САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ. СОНДЫҚТАН,
 ТҮРЛІ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРМЕН БЕТПЕ-БЕТ КЕЛЕТІН ҚҰТҚАРУШЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЛІККЕ ПАРА-ПАР.

Сақшылардың да, төтеншеліктердің де тәуекелге бел буатын кездері көп. Әсіресе, соңғы жылдары ішкі істер құрылымының бір бөлімі саналатын төтенше жағдай қызметкерлерінің көмегіне жүгінетіндер күрт өсіп отыр. Статистикаға қарасақ, көп жағдайда құтқарушыларға темір есік кілттеніп, үйде кішкентай балалардың жалғыз қалып қойғаны жөнінде қоңыраулар
келіп түседі екен. Үлкендердің қарауынсыз қалған сәби үшін ашық қалған терезе, сіріңке, электр көздері, газ, тұрмыстық заттардың барлығы қауіп төндіреді. Сондықтан, мұндай құтқару жұмыстары кезінде әрбір минут қымбат. Осы орайда құтқарушылардың еңбегін айғақтар статистикаға да кезек берсек, жыл басынан бері Алматы қаласының құтқарушылары 451 рет көмекке ұмтылып, 963 адамды эвакуациялап, 916 адамның өмірі мен 796 млн теңгенің материалдық құндылықтарын сақтап қалған. 127 авариялық құтқару жұмыстарын жүргізген. Айта
кетер жайт, құтқарушылардың кәсіби мерекесінде олардың арқасында жеке мүлкі аман қалған, ажал тырнағынан аман қалған жандар да арнайы келіп құттықтап, сый-сияпат көрсетіп жатады екен. Құтқарушылар «Біз үшін одан асқан құрмет, марапат жоқ. Кім үшін, не істеп жүргеніңді түсінесің. Адамға көмектесуден асқан қызмет жоқ қой жалпы» дейді мамандықтарына деген мақтанышпен. Биыл 24-ші рет атап өтіліп отырған кәсіби мереке кезінде алматылық төтеншелік қызметкерлер жыл сайынғы дәстүр бойынша №5 өрт сөндіру
бөліміне келіп, өрт сөндіру кезінде қайтыс болған әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Төтенше жағдай кезінде қиындыққа ұшыраған адамның соңғы үмітін жалғауға себеп болатын құтқарушылардың қызмет бабында қаза тапқандары аз емес. 1989 жылы 20 мамыр күні Алматы қаласының Жетісу ауданы аумағында Алматы-2 теміржол бекетінде екі тепловоздың бір-біріне соғысуынан өрт тұтанып, тепловозға тиелген жиһаздар мен бояу өртті өршіте түсіп, алапат жағдай кезінде 9 өрт сөндіруші қаза болады. Тілсіз жаумен жан аяспай күресудің нәтижесінде тағы бір жарылыстың орын алуына жол берілмей, жақын маңдағы тұрғын үйлерге жетпестен өрт өшіріледі. Тағы бір жағдай… 1990 жылы 3 қаңтарда Абай мен Әуезов көшелерінің қиылысында құрылыс алаңындағы кран өртене бастайды. Ерекше батылдықпен кранның төбесіндегі өртті өшіре білген өрт сөндіруші оқыс жағдайға тап болып,
сол жерде қайтыс болады. Бүгінде Шарипов Фрид, Аккулов Құралхан, Сафарғалиев Ильшат, Никуленко Владимир, Абдранов Ислам, Касымов Расул, Маликов Михаил, Алимтаев Сеиль, Искаков Еркин, Ахметов Балабек, Голядкин Павел есімді өрт сөндірушілердің ерлігі әріптестеріне үлгі.

Гүлдана МАРАТҚЫЗЫ, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар қызметі баспасөзбен байланыс бөлімінің өкілі:
– Төтенше жағдайларға жауапты болғаннан кейін түрлі уақиғалар кездеседі. Көбіне кішкентайлардың қараусыз қалуы төтенше жағдайдың туындауына соқтырып жатады. Сондықтан, ешқашан балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Есі кірмегендіктен бала терезеден түсіп кетуі де, газды ашық қалдыруы да, сіріңкемен өрт қаупін туғызуы да, өзі құдыққа, әжетханаға түсіп кетуі де мүмкін. Мұндайда қайғылы жағдай туындауы ықтимал. Осы орайда егер сіздің үйіңізде кішкентай бүлдіршін өсіп келе жатқан болса, қараусыз қалдырмауларыңызды өтінеміз! Бұл сіздердің балаларыңыздың өмірін сақтап қана қоймай, отбасыңызды қайғылы жағдайдан қорғайды. Біздің жұмысымыз табиғи, жол-көлік оқиғалары мен жойқын апаттардың салдарын жою, қаланы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан сенімді қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Алматы қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, олардың теріс салдарын төмендету мәселелері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Шаһардың сейсмикалық қауіпсіздігі, су тасқыны, көшкін, сел және сырғыма қауіпсіздігі, Алматы қаласының гидротехникалық құрылыстарының жағдайы, қаланың ашық аудандарында құрғақ шөптердің тұтануы, таудың орман алқаптарында өрттің жойылуына дайындығы, су қоймаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Алматы қаласы тұрғындары арасында жылу маусымы кезінде көміртегі тотығы мен табиғи газдан улану жағдайларын болдырмау бағытында тұрақты түрде жыл он екі ай жұмыстар тоқтамайды.
Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Комментарий