Шулы іс | Громкое дело

Ажалға араша тұрғандар…

Əдетте бұл тіркесті дəрігерлерге қатысты қолданатынымыз жасырын емес. Алайда кейінгі кезде өзіне қол жұмсамақ болған жандарды құтқарып қалатындардың қатарында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің де алар орны ерекше. Кəсіби міндетін адал атқарып, қырағылық танытудың арқасында өзгелерге өмір сыйлап жүрген тəртіп сақшылары жайында аз жазылып та жүрген жоқ.

Таяуда батысқазақстандық тəртіп сақшысы Орал қаласында суға секіріп өлмек болған 20 жасар бойжеткенді құтқарып қалды. «29 қазанда кезекшіліктен шыққан соң, қызымды театрда өткен би сайысына апардым. Түс кезінде үйге қайтып келе жатқанбыз. Көлігімде анам мен қызым болды. Облыс орталығы аумағынан өтетін Шаған өзенінің көпірінен өтіп бара жатқанда, суға қарап тұрған бойжеткенді көзім шалды. Алғашқыда мəн бермегеніммен, бірнеше секундтан кейін айнадан қарасам, бойжеткен бір аяғын көпірдің қоршау кермесіне салып тұр. Оқыс оқиға болатынын бірден сездім. Көпірден шыға бере тоқтап, кейін жүгіргенімде, көпір үстінде ешкім жоқ еді. Қыз секіріп кеткен екен», – дейді БҚО Полиция департаменті жанындағы оқу-жаттығу взводының жауынгері, полиция капитаны Еркебұлан Сапанов.

Еркебұлан су жағасына жүгіре жеткенде, үрпиісіп тұрған бірнеше балықшыны көреді. Ойланбастан суға секіріп, өзен ортасына, қыз құлаған жерге жүзіп жеткенде, бойжеткеннің денесі су бетінде қалқып тұр екен. Тіршілік белгісі білінбейді. Қызды ала жақын жердегі көпірдің тірек ұстынына қарай жүзеді. Су терең екен, аяғы тимеді. Бетон тақтаға жақындап келіп, бір қолымен тырмысып, өзі шығады. Сосын қызды да тартып, сол цемент алаңшаға шығарып алады. Бірден жасанды демалдыруға, алғашқы медициналық көмек көрсетуге кіріседі.

– Жағадағы балықшыларға «Дәрігер мен полиция шақырыңдар!» деп айқайладым. Олар оған дейін де хабарлап қойған екен. Қыз едәуір су жұтыпты, кеудесін басып, тыныс жолдарын тазаладым. Есін жинап, алақтаған бойжеткен: «Мен қайдамын? Мен өлдім бе?!» деп сандырақтай берді, – дейді Еркебұлан. Кешікпей құтқарушылар жасағы да, «жедел жәрдем» де жетіп, бойжеткенді қайықпен судан шығарып алады.

– Еркебұлан бұл оқиға кезінде кәсіби тұрғыдан өте дұрыс әрекет етті. Біз арнаулы бөлімше жауынгерлерін түрлі жағдайға дайындаймыз, соның ішінде судан құтқару, су ішінде әрекет ету әдістері бар. Еркебұлан оқу-жаттығу сабағын дұрыс меңгергенін көрсетті. Ең алдымен құтқаруға жүгіргенде киімін шешіп үлгерген. Әйтпесе, суға кетіп бара жатқан адам өзін құтқарушының киіміне жармасып, түрлі қайғылы оқиғалар болып жатады. Екіншіден, қызға жеткен соң бірден жағаға сүйремей, ең жақын жердегі құрлыққа жеткізуі де өте дұрыс болған. Өйткені қыз жағаға жеткенше өліп кетуі мүмкін еді. Оған қоса су өте салқын, Еркебұланның өзі де сіңірі тартылып, жағаға жете алмай қалу қаупі болды. Сондықтан болған оқиғада өте жедел әрі кәсіби тұрғыда дұрыс шешім қабылдап, адам өмірін құтқарған жауынгерім үшін мақтанамын, – дейді БҚО Полиция департаменті жанындағы оқу-жаттығу взводының командирі, полиция подполковнигі Ж.Қазмағамбетов. Оның айтуынша, Еркебұлан Сапанов ішкі істер органдарында 2009 жылдың мамыр айынан бері қызмет атқарып келеді.

Алайда, бұл әрекетін ерекше ерлікке санамайтын Еркебұлан: «Менің орнымда болған кез келген полиция қызметкері осылай жасар еді», – дейді қарапайым қалпынан танбай.

Дәл осы Шаған көпірінде 13 қыркүйектегі оқыс оқиға барысында да Орал қалалық Полиция басқармасының айдауылдау қызметі взводының бөлімше командирі, полиция старшинасы Самат Балданов жас қызды ажалдан арашалап қалған болатын. Түс мезгілінде жеке автокөлігімен Орал қаласындағы «Динамо» спорт базасының қасындағы көпірден өтіп бара жатқан С.Балданов сыртқы киімін шешіп, көпірден секірейін деп тұрған 20-25 жас шамасындағы бейтаныс қазақ қызын көреді. Көпірдің тұсынан өте беріп, айнадан қараған кезде, қыздың жоқ екенін байқайды. Сол сәтте тәртіп сақшысы көлігін шұғыл тоқтатып, көпірге қарай жүгіреді. Келіп қараса, қыз көпірдің екінші жағына шығып, төменгі тұсындағы шығыңқы темірге отырып, аяғын салбыратып, қолымен көпірдің темір қоршауынан ұстап, өмірімен қоштасуға дайын отыр екен. Əр секундтың қымбат екенін түсінген полиция қызметкері қызды сөзге тартып, райынан қайтармақ болады. Қолынан ұстаған кезде, бойжеткен көпірден секіріп үлгереді. Алайда полиция старшинасы С.Балданов қыздың сол қолынан қатты ұстап алып, айналасындағылардан айқайлап көмек сұрайды. Көмекке келген белгісіз автокөліктің жүргізушісі екеуі қызды тартып шығарып алып, полиция қызметін мен «жедел жәрдем» шақыртады. «Жедел жәрдем» келгенше, тәртіп сақшысы оны әңгімеге тартып, ақылын айтып отырған сәтте қыз талықсып кетеді. Бойжеткенде эпилепсия дертінің белгілерін байқаған тəртіп сақшысы науқас тілін шайнап тастамас үшін дереу қыздың аузына саусағын салып, алғашқы көмегін көрсетеді. Облыстық ауруханаға жеткізіліп, тиісті ем-домын алған азаматшаның бүгінде жай-күйі бір қалыпты.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады және жоғарыда аталған тəртіп сақшыларының ерлікке пара-пар батыл əрекеттері департамент басшылығы тарапынан ескеріліп, марапатқа ұсынылды.

БҚО Полиция департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің  қызметкері Асылай Ғұбашеваның айтуынша, жыл басынан бері батысқазақстандық полиция қызметкерлері осымен үшінші адамды суицидтен аман алып қалып отыр.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, 2019 жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облысында 130 суицид оқиғасы тіркеліп, 47 адам өз өмірін қиғаны анықталған.

 

Айгүл АХМЕТОВА,

Батыс Қазақстан облысы

 

 

 

Комментарий