Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Ербол АБДРАИМОВ «Ауылды дамытуға әркім өз үлесін қосуы керек»

Ербол АБДРАИМОВ, «Малтабу» жеке кәсіпкерлігі басшысы: 

 

– Ербол Аманжолұлы, маған «туған жерге туыңды тік» дегенді қазір кейбір азаматтар ауылға барып, ат жарыстырып, елдің көңілін көтеру деп түсініп жүргендей көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз?

«Бес саусақ бірдей емес». Әркім қолынан келгенше көмек көрсетіп жүр. Біреулер мешіт салса, екіншілері тойхана, үшіншілер мәдени-спорттық нысандар салып жатыр. Әрине, ауылға мұның бәрі де керек. Дегенмен, бұл жекелеген ауылдардың ғана мәселесін шешіп отыр. Ауылдағы жерлердің жағдайын түзеу үшін жұмыс орындары қажет. Ал, жұмыс болу үшін ауыл шаруашылығын дамыту қажет. Ауыл шаруашылығы дамуы үшін оның өнімдерін тиімді әрі тез сата алатын мүмкіндік болуы тиіс. Ауыл тұрғындары жұмыс іздеп қалаға сабылмай-ақ, әркім өз ортасында еңбегінің жемісін жеп, құрмет-қошеметке бөлене аларына еш күмәнім жоқ. Өкінішке қарай, қазір онда мұндай мүмкіндік болмай тұр. 

– Яғни, maltabu.kz сайтын ашудағы басты мақсатыңыз осы олқылықты түзетуге жасалған әрекетіңіз болғаны ғой?

– Бәріміз де ауылда өстік қой, ондағы барлық мән-жайды білеміз. Туған-туысқандарымыз, жолдас-жораларымыз ауылда тұрады. Солармен кейде хабарласып, хал-жағдай сұрасқан кезде «қорада бір мал бар еді, сойып, етін бөліп, сатып алсаңдаршы» дегенді жиі естиміз. Мұндайда бір-екеуін аларсың, бірақ бәрінің малын сатып ала бермейсің ғой. Яғни, бұл айналдырған 5-6 адамның мәселесі емес, бүкіл Қазақстанның мәселесі. Ауылдағы ағайын маңдай тер, адал еңбегімен өндірген өнімін барлық уақытта бірдей қалаған бағасына өткізе алмайды. Сондықтан, бұл менің бұрыннан ойымда жүрген дүние еді. Себебі, 1991 жылдары газет тарату бөлімінде жұмыс жасадым. Кейін ондағы дүниені әркім жырымдап, біріншісі көлік, екіншісі тұрғын үй және қозғалмайтын мүлік сататын, үшіншісі құрылысқа керек жабдықтарды сататын газет ашып, бөлініп кетті. Ондағы ауыл шаруашылығымен байланысты заттардың бәрі шетте қалды. Сол кезде мал шаруашылығы саудасына арналған жеке газет шығарсам деген ой болған. Ол кезде білімім де, қаржылық мүмкіндік те жоқ қой. Енді «ештен кеш жақсы» деп тәуекел жасап, ойымда жүрген арманымды жүзеге асырып отырмын. 

– Сайттарыңыз нақты қашан ашылды және қазіргі таңда оны пайдаланушылар саны қанша?

– Сайттың ашылғанына бір жарым жылдан асып қалды. Алғашқы хабарландыруымыз 2018 жылдың 5 сәуірінде шықты. Жеке компьютерлерге және смартфон, электронды планшет  сияқты түрлі құралдарға арналған ІОS, Android мобильдік операциялық жүйелеріндегі қосымшаларымыз да бар. Алдымен жеке компьютерлерге арналған және Android қосымшалары шықты, ал ІОS қосымшасының қосылғанына санаулы күн ғана болды. Бүкіл Қазақстан бойынша тегін ауылшаруашылық хабарландырулар сайтын өздерінің мобильдік құралдарына жүктеп алғандардың саны бүгінгі таңда 200 мыңнан асты. Күніне орта есеппен сайтқа 4,5 мың адам кіреді. 

– Интернет сайт болған соң оған кіретін адамдар тек Қазақстан тұрғындары емес шығар?

– Әзірге оқырмандарымыздың басым бөлігі Түркістан облысынан болып тұр. Сондай-ақ, Өзбекстаннан күніне 4-5 қоңырау түседі. Бұдан бөлек  Моңғолия, Ресейден де хабарласып, кеңес сұрайтындар бар. Мәселен, өткен жолы бір азамат Ресейден телефон соғып, Қазақстанда аналық малға шектеудің бар-жоғын сұрады. Шынында да шетелдіктер де, өзіміздің халқымыздың да көбі бізді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты сайт екен деп ойлап қалып жатады. Өкінішке қарай, министрлікке ешқандай қатысымыз жоқ. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласындағы алғашқы қазақша сайт боп ашылған соң тілеулестік ниетін жеткізіп, қызығушылық танытушылар да аз емес. 

– Ол тек ауыл тұрғындарына арналған ба?

– Кеңірек айтар болсақ, «maltabu.kz» екі фермердің ғана мәселесін шешпейді. Байыптап қарасақ, оның бүкіл Қазақстан экономикасына жақсы көмегі бар. Мал бағып отырған адам малын дұрыстап сата алса, қолына ақша түседі. Бұл ең алдымен қазақтың рухын көтереді. Малын сатқан соң ауылдағы ағайын кішкене еркін қимылдайтын еді. Жақсы киінеді, көлігін алады, сосын ақша тауып беріп жатқан малына көңіл аудара бастайды. Бізде ауыл шаруашылығы саласында түрлі ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар бар. Олар өз саласында керемет мамандар. Қай сиыр тұқымы мен бұқаны шағылыстырып, қандай тұқым алуға болатынын, қай төрт түлік түрі қайда жерсініп, қайда жерсінбейтінін жақсы біледі. Алайда, олардың ауылға әлі күнге қажеті шамалы ғана болып отыр. Өйткені, олар да тегін және арзанға қызмет еткілері келмейді. Ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдар сол мамандардың кеңесін ақылы түрде ала алатын еді. Өнімдерін дұрыс, тиімді сата алатын болса, ондай білікті мамандардың кеңестеріне ақы төлеуге мүмкіндік туары сөзсіз.

Содан соң қалалықтардан ауылдан келгендер жүрген жерінде мәдениет сақтамайды, көшеде кептеліс жасап, бәрі адам тасымалымен айналысады деген секілді және басқа да әртүрлі сын-ескертпелер естіп жатамыз. Ауылда жұмыс болса, өндірген өнімдері еңбектерін ақтайтындай бағаға өтсе, сол жігіттердің көбісі ауыл шаруашылығымен айналысатын еді. Соңғы кезде  ақпарат құралдарында ет, сүт, нан қымбат деген жаңалықтар шығып жүр. Сондықтан, бұл сайтымыз өндірушіге арзан, тұтынушыға қымбат болып жатқан өнімдердің айырмашылықтарын жақындатып, осы қарама-қайшылықты теңестіруге септігі бола ма деген де мақсатпен ашылған. Дәл осы жұмысты жасап отырған АҚШ фермерлері қалаға келгенде, қалалықтар бізді азық-түлікпен қамтамасыз етуші осылар деп оларға құрмет көрсетіп, кезекте тұрса алдыға жібереді. Егер бізде де ауылдағы фермерлердің өндірген өнімін өткізуге қолайлы жағдай жасалса, мал санын көбейтіп, тұқымын асылдандырып, басқаларды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Қалада қадірсіз боп жүрген біраз азамат өз ортасына барып, еңбегімен елге сыйлы болар еді. 

Мысалы, қазір «Малтабу» сайтында жұмыспен қамту жақсарып келеді. Басында малшының жалақысы 50 мың теңге деп бағаланса, қазір 150 мың теңгеге дейін көтерілді. Мал ұстайтын фермерлер жағдайы дұрысталып, қолына нақты ақша түссе өзіне керекті маманды оқуға жіберуге, білімін жетілдіруге, қажетті білікті маман жалдауға қаржы жұмсай алары күмәнсіз. 

– Ауылда ашылатын жаңа жұмыс орындарының қаладағыдан еш айырмасы болмайды ғой сонда? 

– Әрине. Мал өте бастаса, оның төңірегіндегі ғылыми тақырыптар да жылдам алға жылжып кететін еді. Сұраныс болған соң зауыт-фабрикалардың көпшілігі ауыл шаруашылығына керекті заттарды түр-түрімен өндіретіні даусыз. Ауыз суды тазартатын, малды сауатын, жерді өңдейтін құрал-сайман мен жабдықтың бәрі қазір шетелден кеп жатыр. Ауыл шаруашылығы өркендесе, оны жасайтын адам Қазақстаннан шықпайды дейсіз бе?! Қазақстан өндірісі серпін алып, көп нәрсені істеп кетер еді. Ауыл шаруашылығына қажетті ат әбзелдері, киіз үй, ет-сүт өңдейтін зауыттарды былай қойғанда, құрылыс, жеңіл өнеркәсіптің дамуына жол ашылады. 

Осы арада «Малтабуға» қатысты мына бір нәрсені тағы да қайталап айта кеткім келеді. Сайттың діттегені елге табыс табудың жолын көрсету. Сондықтан, оның атын дұрыс түсіну керек. Орыс тілділер мен біздің сөз қадірін ұмыта бастаған кейбіреулер «Малтабуды» мал іздеу деп түсінеді.  «Үшінші айдың он бесінде малым жоғалып еді», «бір төбенің астында 2 жылқымды айдап кетіп еді, көрген жоқсыңдар ма?» деп жоғалған малын сұрап жататындар бар. Бізге телефон соғып, сұрап жатқандарға оны әрдайым түсіндіруге тура келеді. Малтабу деген ақша, пұл табудың баламасы емес пе.

– Бұл арқылы тағы қандай шаруалар атқарылады?

– Көп нәрсе істелінеді. Мал көбейген соң оны бордақылап, сататын орындар керек болады. Оған азық дайындау, жем, жүн өңдеу, тері илеу цехтары, базалары ашылады. Алматының төңірегіндегі базарларды аралап жүрген адамдар көп жағдайда өзіне керекті малды іздеймін деп уақытын жоғалтады. Егер оның бәрі «Малтабуда» тұрса 3-4 базар араламай, сол нақты базарға барып, нақты дәл ойындағы малды сатып алатын еді. Базарда тұрған кейбір жігіттер «maltabu.kz» дамып кетсе, біз жұмыссыз қалуымыз мүмкін деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Базар сан ғасырлардан келе жатқан нәрсе. Бұл сайт оған көмекші құрал ғана. 

Қай базарда не барын сайтқа салып қоятын болса, ет-сүт өнімдерін былай қойғанда жеміс-жидек пен көкөністің де өзіне керегін тұтынушы алдын-ала көріп біліп, бірден сонда барып сатып алады. Тауарын алдына жайып қойып алушыны күтіп отырғанша, сайтқа салып қойса, келе алмайтын тұтынушыға оны жеткізіп беру де қазір қиын емес қой. 

– Бізде көп жағдайда «Үкімет қайда қарап отыр, неге қолдау жасамайды» деген әңгімелер айтылады. Негізі біреу бірнәрсе жасаймын десе, оған ешкім шектеу қоймайды. Сол себепті, бізге сөзден іске көшетін уақыт келген сияқты ма, қалай ойлайсыз?

Дұрыс айтасыз. Әрдайым барды бар, жоқты жоқ деп айта білу керек. Ертеден кешке дейін анау жоқ, мынау жоқ деп Үкіметті сөге беруге де болмайды. Ол біздің бәрімізге бірдей еркіндік беріп, белгілі бір деңгейде жағдай туғызып отыр. Жақсы болсын, жаман болсын, байланысты, интернетті жолға қойды. Ол болмаса бұл сайтты біз қалай жасар едік. Сол сияқты саясат дұрыс болмай, интернетті шектеп тастаса, шетелдіктер бізді көріп, телефон соғар ма еді?!  

– Дегенмен, Мемлекет басшысы шілде айында өткен Үкімет отырысы кезінде аграршылар мемлекеттік қолдау талаптарының жиі өзгеретіне шағымданатынын, бұл инвестициялық шешім қабылдауға кедергі жасап, агробизнестің тартымдылығын және табыстылығын төмендетіп отырғанын сынады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімін өткізуге енді жергілікті билік органдары да жауапты болатынын ескертті. Сіздерге құзырлы органдар тарапынан қандай да бір қолдау жұмыстары жасалды ма?

  Ауыл шаруашылығы өнімін өткізу мәселесі Үкіметтің күн тәртібінде тұрғанына 30 жылға жуықтады ғой. Әлі толық шешілген жоқ. Атқарушы билік органдарының бәріне біздің мақсатымыз осы, бұл бағытта сіздерден қандай да бір қолдау шаралары бола ма деген сипаттағы хаттар жолдағанбыз. Әзірге олардан бағыттарыңыз дұрыс екен деген рахметтен басқа ештеңе алып жатқан жоқпыз. Шамамыз келгенше, ел білсін деп ауыл шаруашылығы саласындағы көрмелерге қатысып жатырмыз.  

Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығын өркендетуге ұсыныс пен қолдаулар түсіп жатса, оларды қабылдауға дайынбыз.

  – Кейбір ауыл тұрғындары түн ортасында хабарласып жататынын айттыңыз. Бұл уақыт айырмашылығынан ба, әлде басқа себебі бар ма?

– Шынында да, бізге қоңыраудың көбі түнгі 02:00 мен 04:00 аралығында жасалады. Біз де басында бұған таңырқағанбыз. Сөйтсек, осы уақытта ауылда интернет жақсы істейді екен. Қаладағылар ұйықтағанда ауылдағы интернет күшейетін көрінеді. Сол кезді олар күтіп жатып, әдейі сайтқа хабарландыру жіберіп, хабарласатын сияқты. Егер ауылдағы байланыс пен интернет жүйесін дұрыстаса, төбеге шығып, байланыс сигналын іздеп сарсаңға түсетін  ағайынның саны азаяры талассыз.  

– Болашаққа тағы қандай жоспарларыңыз бар?

– Бүгінгі таңда алманың отаны саналатын Алматының өзінде алма тапшы. Малды бір жайлы еткен соң, жеміс-жидек пен көкөніске шындап көңіл бөлетін боламыз.  

 

  • Еңбектеріңіз жемісті болсын! 

 

 

Әңгімелескен Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

 

Комментарий