Қоғам | Общество

Мемлекеттік қызмет түрін алу жеңілдеді

Мекенжай анықтамасымен 1 қарашадан бастап қоштастық десек болады. Енді Халыққа қызмет көрсету орталығынан оны алудың ешқандай қажеті жоқ. Ішкі істер министрлігінің базасы мен мемлекеттік органдардың базасына интеграция жасалып, мекенжай анықтамасын жұмыс беруші сол жерден алатындай мүмкіндік туып отыр. Статистика жылына 10 млн.-ға жуық адам осы анықтама түрін алатынын айтады. Алдағы уақытта басқа да анықтамаларды осы секілді мемлекеттік қызметтер тізімінен алып тастау жоспарланған. Әлі де ХҚКО-на келіп, мекенжай анықтамасын сұрайтындардың болуына байланысты халыққа бүгінге дейін бірқатар түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Ал, мамандардың сөзіне сүйенсек, онлайн түрдегі қызмет алудың пайдасы көп. «Бұл мемлекеттік қызметтерді алуды және тіркеуді жеңілдету мақсатында жасалған қадам. Бастысы, енді барлығы оңай жасалады. Қазіргі таңда Алматыда egov.kz мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн порталы арқылы 350-ге жуық қызмет түрі көрсетіледі. Оған қоса жылдан жылға электронды қызметтердің саны өсуде. Мемлекеттік қызмет түрлері қазіргі кезде оңтайланып жатыр. Соңғы 9 ай бойынша миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ол алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға жоғары. Атап өтетін жайт, электронды қызмет түрлеріне Алматы тұрғындарының қызығушылығы жоғары. Қала тұрғындары осындай мемлекеттік қызметтерді алуды қолайлы көреді. Ал, біз тұрғындардың қызметке тез қол жеткізуіне көмектесуге тырысамыз. Айталық, біздің департамент мемлекеттік қызмет алуды бақылауда ұстайды, монтиронг жасайды», – дейді Алматы қаласы Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Шынарай Әлімхан.

Мекенжай анықтамасынан кейін жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы, туберкулезге қарсы диспансерлердің анықтамасы, жұмыссыз ретінде тіркелу және тағы басқа анықтамаларды да ХҚКО-нан алу тоқтатылады. «Ұзын-саны 28 түрлі анықтама жойылуы мүмкін. Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жыл сайын 30 млн.-нан астам қызмет көрсетсе, оның жартысынан көбі ақпараттық қызмет алу екен. Мекенжай анықтамасының мемлекеттік қызмет тізімінен алынып тасталуы ХҚКО-на жүктемесін және қағаз айналымын азайтады. Бұл қызмет алушылардың өміріне жеңілдік әкеледі деп күтілуде», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Нұрсұлтан Оңдасын.

Азаматтар тұрғылықты жері бойынша тіркеуін egov.kz электронды үкімет порталындағы жеке кабинетінен тексере алады. Бұл мемлекеттік компанияларда жұмыс істемейтіндер үшін де қарастырылған мүмкіндік.

Мемлекеттік органдар бұл қызмет түрін талап ете алмайды. Ал, жекеменшік компаниялар мұндай қызмет түрін үшінші жақ ретінде ала алады. Ол үшін компанияның атауы egov.kz порталында тіркелуі тиіс. Мұның барлығы жұмысқа орналасатын адамның рұқсатымен ғана алынады.

– ХҚКО-на Digital Agent қосымшасын орнаттық. Осында тұрғындар өз өтініштері мен сұрақтарын қалдыра алады. Оны мобильдік қосымшадан жүктеп алуға мүмкіндік бар. Сәйкесінше, сол арқылы қызмет алуды жақсарта түсеміз деп ойлаймын. Мектептің әкімшілігі egov.kz порталына тіркеліп, адамдарға мекенжай анықтамасын сұратуына болады. Ауылдық жерлерге жылдам интернет тартылып жатыр. Ауылдық әкімшілікте, ХҚКО-да азаматтар мемлекеттік қызметті өздігінен алу үшін «Connection point» (өзіне-өзі қызмет ету секторы) жүйесі жұмыс істейді. Үйінде интернеті жоқтар осында келіп қажетін алуына болады, – дейді Алматы қаласы Мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Мақсат Жаңбыршиев.

Электронды қызмет дамып, Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің көмегіне жүгінудің азаюы оларға кері әсер етпей ме деген сауал туатыны рас. Алайда, мамандар аталмыш қызметтер қанша жерден цифрлық форматқа өтсе де, мемлекеттік органдармен ортадағы провайдер қызметі қала беретінін, қызметкерлер қысқармайтынын айтады.

Мөлдір БЕГІМБЕТ,

«Заң газеті»

Комментарий