Без рубрики

Шетелдік студенттер «Алғыс айту күні» іс-шарасына қатысты

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атап көрсеткен ұлттық санаға қатысты және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі заманауи қазақстандық мəдениетті əлемге таныту мəселесіне басым көңіл бөлінеді.    

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен Қытай, Корея, Жапония, АҚШ, Испания, Дания, Иран, Австралия елдерінен келген шетелдік студенттерге ғылыми-танымдық, тәрбиелік маңызы бар «Алғыс айту күні»  атты ашық тәрбиелік іс-шарасы өтті.

Іс-шараның мақсаты «1 наурыз – Алғыс айту күні» мерекесінің мәні туралы түсінік беру және ризашылық пен алғыс, сыйластық құндылығы туралы түсініктерін кеңейту, сыпайылық қарым-қатынасын дамыту, қасиетті рухани құндылықтарды  шетелдік азаматтарға кеңінен таныстыру болды.

Іс-шара барысында кафедраның оқытушылары баяндамалар жасай отырып, «Алғыс айту күні» – тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, басқа түскен ауыртпашылықты бірге көтеріп, қолдау көрсетіп, қорған болғаны үшін қазақ халқына алғыс білдіретіні туралы сөз етіп, сонымен қатар, «Алғыс айту күнін» тарихқа тағзым ету деп түсінуге де болатынын және ешуақытта қазақ халқының қамқорлығының ұмытылмайтынын әрі қиын-қыстау кезеңде қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен мейірімі өзгеге үлгі болатынын мақтанышпен жеткізді.

Студенттер көтерілген мәселелер жөнінде көптеген сұрақтар қойды. Сонымен қатар, бұл іс-шарада шетелдік студенттер арнайы ұйымдастырылған шағын қойылымға қатыса отырып, қазақ және орыс тілдерінде «Алғыс айту күні» тақырыбына арналған өлең жолдарын мәнерлеп оқып, қазақ және орыс тілдерін меңгерген деңгейлерін көрсете білді. Іс-шара соңында студенттер қызық өткен тәрбие сағаты үшін алғыстарын білдірді.

«1 наурыз – Алғыс айту күні» – атты ашық тәрбиелік іс-шара шетелдік студенттердің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті, сонымен қатар бұл қазақ халқының жоғары мәдениеті мен өнегелік қасиеттері туралы шетелдік студенттердің тарихи-мәдени білімдерін көтерудің өзгеше формасы әрі шетелдік студенттердің ой-танымын қалыптастырудың негізі болар бірден-бір жақсы шара болды.

 

А.Е. Саденова., А.С. Айтпаева

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті

Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім
беру дайындығы кафедрасының оқытушылары

Комментарий