Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Аслан ТҮКИЕВ, ҚР Жоғарғы Сотының Соттар қызметін қамтамасыз ету департаменті бастығының орынбасары:«Құқық – үстемдігінің кепілдігі»

– Аслан Сұлтанұлы, елімізде сот төрелігінің бір жүйесі ретінде әкімшілік әділет институты енгізіліп жатыр. Мұндай бастама қандай қажеттіліктен туындап отыр?

– Әкімшілік әділет институтының негізгі нысанасы жария-құқықтық қарым-қатынастар бойынша жасалатын даулар. Елімізде 19 жылдан бері «Әкімшілік рәсімдер туралы» кодекс қолданылып келеді. Сонымен қатар осынша уақыт әкімшілік сот өндірісінің жеке тәртібі болмады. Жария-құқықтық даулар тараптардың теңқұқылығы жағдайында азаматтық процессуалдық ережелер бойынша қаралды. Мәселенің жанды жері осы. Бір жағында биліктің құзыреттерін иеленген орган, екінші жағында оның осы қызметтері жүзеге асырылатын тұлға.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Азаматтық процестік кодекстің 29 тарауымен соттарда 2017 жылы 18 307 өтініш қаралып, олар бойынша 10 370 шешім шығарылды. 6 860 өтінішті қараудан бас тартылып, барлығы 3 510 өтініш қанағаттандырылды. Осылайша істер мемлекеттік органдардың пайдасына 2 есеге артық шешілді. Мұндай жағдай былтырғы жылға да тән. Мұның сыртында аталған дауларды қарау тәртібі соттарда жария-құқықтық дауларды қараудың қазіргі белгіленген талаптарына сай емес. Екіншіден, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекс декларативті сипатта, негізінен әкімшілік-ұйымдастырушылық мәселелерді реттейді.

Тәжірибеде әкімшілік рәсімдерге айрықша мән берілмейтіндіктен, олар көбіне қағаз жүзінде қалады. Мәселен, осы заңда бекітілген азаматтардың арызын қарау кезінде әкімгершілік пен қағазбастылық орын алмау қағидаты және оларды сақтамаудың құқықтық салдары нақты нормалармен белгіленбеген. Бұл қалыптасып отырған проблемалардың бір бөлігі ғана.

Әкімшілік әділеттің қалыптасуы барысында алдымен әкімшілік рәсімдер туралы заң, содан соң әкімшілік сот өндіріс жайлы құжат қабылданғаны дұрыс деген пікір бар. Бұрын бізде құқықтық актілерді қабылдаудың осындай үрдісі сақталатын. Бірақ әкімшілік рәсімдер мен жария-құқықтық дауларды реттеудің заманауи түрде реттеу тетіктері жоқ. Осы тәжірибені ескере отырып, біз бұрынғы қателікті қайталамауымыз керек.

Бізде осындай дербес институтты қажет ететіндей жария-құқықтық қатынастар бойынша туындайтын даулар көп пе?

-Статистика елімізде жария-құқықтық даулардың жыл сайын өсіп бара жатқанын көрсетіп отыр. Орта есеппен әрбір 1000 азаматқа 1 ғана жария-құқықтық даудан келеді. Дамыған, тәжірибесі қалыптасқан юрисдикцияда мұндай даулар орта есеппен 1000 азаматқа шаққанда 2-5 дау аралығында. Сондықтан осы айырмашылықты жоятын айрықша тетік ретінде әкімшілік әділетті енгізу керек. Әкімшілік әділеттің әлем мойындаған талаптары азаматтар құқын мемлекеттік басқарудың заңсыз әрекеттерінен, олардың әрекетсіздігінен қорғаудың тиімді, ықпалды әдістерін айқындайды. Демек, әкімшілік әділетті енгізудің өзектілігі айқын тұр.

-Жуырда Парламент Мәжілісінде біздің елімізде де осы шараларды қолданудың құқықтық негіздері жасалған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі жобасының тұсауы кесілді. Құжат қаншалықты үдеден шықты?

– Иә, биылғы жылдың қыркүйек айының басында Мәжілісте әкімшілік әділет бойынша екі заңнамалық құжат таныстырылды. Олар Әкімшілік процессуалдық кодекс пен ол бойынша тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізетін ілеспе заңның жобасы. Жалпы жоба үдеден шықты деп айтуға толық негіз бар. Онда билік пен азаматтар арасындағы дауды қараудың негізгі қағидаттары белгіленді. Жария-құқықтық қатынастар ретінде айқындалатын бұл дауларда Кодекс жобасы аясында мемлекеттік орган жеке және заңды тұлғаларға қарсы талап арыз бере алмайды. Көп жағдайда мұны біздің қарсыластарымыз түсінбейді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасы азаматтар мен заңды тұлғалардың өздеріне қатысты әкімшілік құзыретке ие органдарға, билікке қарсы талаптарын қарауды реттейді. Өйткені, бұл жеке және заңды тұлғалар осы қарсылықта әлсіз тарап болып отыр. Кодекс жобасында тараптардың осы теңсіздігін жою мақсат етілген болатын.

Жобада сот белсенділігін арттыратын қағидаттар енгізілгенін естіп отырмыз. Мұндағы мақсат не?

-Иә, Кодекс жобасында ұлттық заңнама үшін жаңа негіздер мен қағидаттар айқындалды. Олар: сенімге құқықты қорғау, сәйкестілік, құқықтар басымдығы, таптаурын талаптарды асыра сілтеуге тыйым және тағы басқалар. Осы ретте әкімшілік сот өндірісі қағидаттарын айрықша айтып өту қажет. Бұл өндірістегі соттың белсенді ролі аз дегенде төмендегідей үш аспектіні қамтиды: соттың тараптардың берген дәлелдерімен шектеліп қалмай, шындықты айқындау үшін қажет деп санаған барлық жағдайды зерттеуі, дәлелдер жеткіліксіз болса судьяның өз еркімен оларды жинауы, әкімшілік органның өзінің дұрыстығын дәлелдеуге міндеттілігі, ал тараптардың тұтастай сотқа талап етілген барлық құжаттар мен материалдарды беруі.

Кодекстің өзге де прогрессивті жаңалықтары бар. Мәселен, құжат жобасы әкімшілік органды мемлекеттік мекеме ретінде қабылдайтын таптаурын түсінікті жойып, оның нақты сипатын айқындайды. Бұл осылай деп тек мемлекеттік органды ғана емес, басқа да ұйымдарды, тіпті заң жүзінде жария міндетті атқару мен тиісті актілерді қабылдауға құзыретті тұлағаларды да тануға жол ашады. Әкімшілік актілерді қолайлы және ауыртпалықты деп саралау. Бұл қолайлы актілерді қабылдауда әкімшілік рәсімдерді оңтайландыруға, сонымен қатар ауыртпалықты актілерді қабылдауда құқықтық кепілдіктерді күшейтуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде тұлғаның әкімшілік органдармен өзара байланыстағы мәртебесі, оның рәсімге қатысу құқығы, өз ұстанымын баяндауы, актіні қабылдағанға дейін қосымша материалдарды ұсынуы айқындалып отыр. Бастысы жоба бұған дейін болмаған бастамашылықтың, әкімшілік актіні қарап, қабылдаудың бірыңғай нақты рәсімін бекітеді.

Құжатта әкімшілік үрдістегі таптаурын рәсімдерді жойып, азаматтық үрдіске қажетті бірақ тиімділігі аз институттар мен тетіктерден бас тарттық.

-Заңгерлер кодекс жобасындағы көптеген ережелер бойынша азаматтық процеске сілтеме жасалатыны жайлы айтуда. Бұл құқық қолдану тәжірибесінде қиындық тудырмай ма?

– Соңғы жылдары бірқатар мемлекеттерде процессуалдық заңнамаларды реформалауға айрықша назар аударылуда. Заңдарды бірыңғай тәпсірлеу мақсатында, «бәсекелес» және бір-бірін қайталайтын нормаларды алып тастау, ведомствоға байланысты мәселелерді жою үшін процессуалдық нормаларды сәйкестендеру ұсынылуда. Біз де осындай шешімге біртіндеп келеміз деп ойлаймыз. Кодекс жобасында әкімшілік әділетке тән істерді қараудың кезеңдері айқындалған. Бұл әдіс жаңа процесті ауырлатпайды, азаматтарға да, судьяларға да қолайсыздық тудырмайды. Азаматтық процестік кодексте ұзақ уақыттан бері қолданылып келе жатқан және дауды сапалы қарауға мүмкіндік беретін институттар бар. Олар сырттан алынбаған, сондықтан бірқатарын әкімшілік істерді қарауда қолдануға болады.

-Кодексте «сот талқылауының қисынды мерзімі» деген қағидат бекітіліп отыр. Мәселенің бұлай шешім табуы процесті ұзартып жібермей ме?

– Негізінде Азаматтық процестік кодекстің ерекшелігі сол, мұндай істерді қараудың айлық мерзімі бар, бірақ ол шекті емес. Мұнда бір аздаған қулық бар. Олай дейтініміз, айталық АПК-де материалды қабылдау – 5 жұмыс күнінде, істі дайындау 10 жұмыс күнінде жүзеге асуы тиіс. Бірақ, АПК талаптарына сай бұлсерзімді ұзартуға болады. Қалай айтсақ та бұл мерзім бәрібір ұзақ. Екіншіден, Кодекс жобасына енгізілген «қисынды мерзім» ұғымы Конституцияда кепілдік берілген сот қорғауына құқықты қамтамасыз ету үшін сот талқылауы мерзімін айқындау әдістерін қайта қарауды қажет етеді. Бұл ақиқатында қарау мерзіміне емес, сапаға беріліп отырған басымдық. Қазір судьялар мерзімді бұзудан қорқады. Өйткені, ол үшін жауапкершілік шешімнің сапасыздығы үшін талап етілетін жауапкершілікпен бірдей. Істі қарау мерзіміне қойылатын талапты сақтамағаны көрініп тұратындықтан және оны анықтау оңай болғандықтан судьяның жауапкершілік арқалайтыны анық. Ал, істің сапасына қатысты талапты толық сақтамаса, оны анықтау қиын болғандықтан, жауапкершілік аз. Шын мағынасында біз судьяны осыған итермелеп отырмыз. Бұл соншалықты дұрыс әдіс емес. Өйткені, бұл жерде біріншіден, біздің азаматтардың заңды мүдделері бұзылады. Сондықтан осы мәселені өркениетті түрде шешу үшін Кодексте қисынды ретінде 6 ай шекті мерзімді ұсынып отырмыз. Бұл қисынды мерзім тек 6 ай деп ұғынбай, оны әрбір нақты жағдайды қараудың қисынды мерзімі деп түсіну керек.

-Осы ретте әкімшілік істердің мазмұны қандай, оларды таразылаудағы қиындықтар туралы да айтсаңыз.

-Әкімшілік істер негізінен салықтық, кедендік, жер даулары сынды күрделі істер. Олар процеске қатысушылардың барлығынан жан-жақты дайындықты қажет етеді. Судьялар маман ретінде қалыптасқан, тәртіптері жоғары және жауапкершілікті адамдар. Олар өздерінің алдарында тұрған міндеттердің маңыздылығын, атқару кезеңдерін өздері айқындау керек. Егер әңгіме менің иелікке ала алмай қалған он сотық жерім туралы болса, бұл айқын жағдай. Өйткені, бұған құқым бола тұра, әкімшілік одан негізсіз бас тартты. Сондықтан ол бір ай ішінде, тіпті одан да аз мерзімде, әрі кетсе екі отырыстың аясында қаралуы мүмкін. Ал, ондаған томнан, миллиардтаған қаржылардан тұратын салық дауы үшін ұзақ уақыт қажет. Осы ретте әлгі қисынды мерзім көптеген елдерде енгізілген әкімшілік соттың негізгі ерекшелігі. Кодекс жобасы бойынша қисынды мерзім әкімшілік істің құқықтық және нақты күрделілігі, процеске қатысушылардың тәртібі, істі жедел қараудағы судья әрекетінің процессуалдық жеткіліктілігі мен тиімділігі жағдайларын қамтиды.

Қисынды мерзім:

-бірінші, апелляциялық, кассациялық сатыларда қолданылады;

– істердің жекелеген өндірісі категориясында болмайды;

– тараптардың істі қарауды жеделдету туралы өтініштері бойынша судьялар шектеп, көлемін айқындауы мүмкін;

Жоба бойынша қисынды мерзімнің айқындалуы Адам құқы мен негізгі бостандықтарын қорғау туралы еуропалық конвенцияға сәйкес, сонымен қатар ұлттық заңнамада көзделген талап. Істі қарауды негізсіз созудың алдын алу үшін Кодекс жобасында тараптарға судьяға істі қарауды жеделдету туралы өтінішпен жүгінуге болатын құқық беріліп отыр. Судья бұл өтінішті істі жедел қарауға ынталандыратын құжат ретінде санап, ал әкімшілік орган іс аяқталатын мерзімді белгілеуге міндетті.

– Әкімшілік процесте судьяның белсенді роль атқаратыны белгілі болып отыр. Яғни, Кодекс жобасында белгіленген талапқа сай судья іс бойынша өз пікірін алдын ала айта алады. Бұл жағдай тараптардың түрлі айла-шарғы жасауына алып келмей ме?

– Иә жобада «судьяның алдын ала өз пікірін айтуға құқылы» екені көрсетілген. Бұл норманы судья екі жағдайда қолданады. Біріншіден, тұтастай іс емес, судья нақты жағдайға, қаралып отырған істің заңдық жақтарымен байланысты құқықтық негіздер бойынша пікірін айта алады. Екіншіден, бұл күтпеген сот шешімін жою үшін енгізіліп отыр. Қазір өздеріңізге белгілі, талапкер жауапкермен соттасып жатқанда, судья сот процесі барысында үнсіз отырады да, соңында оларға түсініксіз шешім шығарады. Судья сот процесінде өзінің алдын ала пікірін айтатын болса тараптар дұрыс дайындалып, қосымша мәліметтерді әкелетін болады. Бұл процестің сапалы жүріп, онда қабылданатын ақырғы шешімнің дұрыс қабылдануына оң ықпал етеді. Өйткені, тараптар жобамен процестің бағытын біліп отырады.

– Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің елеулі өзгерістерінің бірі талаптардың түрлеріне қатысты болып отыр. Бұл жаңалықтар сотқа жүгінген азаматтарға қиындық тудырмай ма? Оларды қалай ажыратуға болады?

Расында да талап түрлерінің нақты айқындалуы – Кодекс жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі деуге болады. Ұсынылып отырған өлшемдерге сәйкес олар таласу, мәжбүрлеу, әрекетті жасау, мойындау туралы болып төрт түрге бөлініп отыр. Талаптар сипаты қалаған сот шешіміне сәйкес осы жүйелік классификация бойынша жіктеледі. Бұл ретте азаматтық процеске қарағанда, талаптың ұйғарымдылығы, тексеру көлемі, оның іс бойынша өтуі талаптың нақты түрін таңдауға байланысты екенін ескеру керек. Талаптың классикалық түрі әкімшілік актіні жоюға бағытталған (мысалы жер телімін беру жөніндегі шешімнің жойылуы туралы) таласу талабы. Мұндай талап бойынша талапкер өзінің құқы мен заңды мүддесі бұзылғанын дәлелдеу керек. Талап қанағаттандырылған жағдайда сот әкімшілік актіні толықтай немесе оның қандай да бір бөлігін жояды. Осылайша соттың шешімі тікелей құқықтық жағдайды өзгертеді, мұнда шешімді қосымша орындау қажет емес.

Мәжбүрлеу туралы талап бойынша талапкер әкімшілік органның өзіне қатысты қабылдаудан бас тартқан қолайлы актіні немесе әкімшілік органның әрекетсіздігі салдарынан қабылданбаған осындай құжатты қабылдауға мәжбүрлеуді көздейді. Мұндай өтініш сонымен қатар өзіне қатысты ауыртпалықты әкімшілік актіні қабылдамау туралы мазмұнда болуы мүмкін. Таласу туралы талапқа қарағанда сот әкімшілік акт шығармайтындықтан оның шешімі құқықтық жағдайды өзгертпейді. Сондықтан сот әкімшілік органды талапкер қалаған әкімшілік актіні қабылдауға міндеттейді. Мысалы, кәсіпкер балабақша құрылысына рұқсат беруді сұрайды. Егер әкімшілік орган бұл өтінішті қайтарып тастаса, кәсіпкер оны мәжбүрлеу туралы талап жасай алады. Егер бұл іс табысты аяқталса сот әкімшілік органды осындай рұқсат беруге міндеттейді. Сот өз шешімінде оның мазмұнын, әкімшілік актіні қабылдау уақытын, сондай-ақ істің жағдайында маңызды өзге де шараларды анықтай алады. Соттың мұндай шешімі қабылданғанға дейінгі әкімшілік актіні алмастырады. Әкімшіліктің қалауына сай нақты шешімді қабылдау мүмкін болмаса сот әкімшілік органды соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, әкімшілік актіне талапкердің пайдасына шешуді міндеттейді.

Әрекет жасау талабы бойынша талапкер жауапкерден белгілі әрекетті жасауды немесе одан тартынуды талап ете алады. Бұл талаптың әкімшілік актіге қатысы жоқ. Бұл талап аясында жауапкерді шлагбаумды бұзу, құбырға люк қою, жол қозғалысына шек қоятын белгіні алу сияқты тағы да басқа қарапайым талаптар жасауға болады. Егер сот әрекетті жасау туралы талапты негізді деп таныса, онда жауапкерді нақты әрекет жасауға міндеттеп, оның орындалу мерзімін белгілейді. Сонымен қатар талапкер жауапкердің жасаған нақты әрекетін заңсыз деп тануды талап етсе, онда сот өзінің шешімінде оны орындайды. Мойындау туралы талапта талапкер қандай да бір құқықтық қатынастың бар немесе жоқ екендігін мойындатуды көздейді. Құқықтық қатынасты мойындау туралы талап біріншіден, тек талапкердің экономикалық және моральдық қызығушылығы болса, екіншіден, басқа талаптардың ешқайсысы мәселені шешуге сай келмегенде ғана ұйғарылады. Бұған зейнеткердің көп зейнетақы көлемін арттыруға құқы туралы талаппен сотқа жүгінуін мысал етуге болады. Мойындау туралы талап сәйкес құқықтық қатынастар туындаған кезден бастап бес жыл ішінде, қалғандары бір ай ішінде жасалуы керек. Осы ретте сотқа тараптарға алдын ала құқықтық салдарларын түсіндіре отырып, өтініш талаптарын қалыптастыру немесе өзгертуге көмектесу құқығы беріліп отыр.

– Кодекс жобасындағы тағы бір өзгеріс сот шешімін орындамағаны үшін соттың айыппұл салу құзыретінің айқындалуы. Бұл талап тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартатын институтпен бәсекеге түсіп кетпей ме?

– ӘРПК аясындағы ақшалай айып өндіру шарасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі санкциялардан айырмашылығы оның жазалау үшін емес, әкімшілік актіні орындауға мәжбүрлеу үшін қолданылатынында. Мұның сыртында әкімшілік айып бір рет қана салынатындықтан, әрі оны төлеу ұйғарымды орындаудан оңай болғандықтан, көп жағдайда сот айыбы әкімшілік акт орындалғанша қолданыла береді. Нормалардың бәсекелестігі Әкімшілік құқық бұзушылық кодекске тиісті нормалар енгізетін ілеспе заң жобасы арқылы жойылған.

Тоқ етерін айтқанда, әкімшілік әділетті құқық институттарын тұрақты әрі теңгерімді дамытып, заңдар үстемдігін қамтамасыз етудің кепілі ретінде қарастырып отырмыз. Бұл институт мемлекеттік басқару рәсімдеріне тұрғындарды көптеп тартуды көздейді. Сонымен қатар, сот төрелігінің ашықтығына, сапасына, сот жүйесіне деген сенімнің жаңа деңгейіне жеткізеді.

– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,

«Заң газеті»

Комментарий