Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

Әділдік іздегенге есігіміз ашық

Республикалық «Заң газетінің» оқырмандарына

Ақпарат айдынында өзіндік орнын айқындап, өрнекті жұмысымен дараланған «Заң газеті» биыл 25-белесін бағындырып отыр. Енді ғана баспадан шыққан газетті үй-үйді, мекеме-мекемені жаяу аралап, аялдамадағы жұртқа тегін таратқан алғашқы құрамның еңбегі ешқашан елеусіз қалмақ емес. Сондай жанкешті тірлікпен жарыққа шыққан басылым жиырма бес жыл ішінде қаншама журналистің шеберлігін шыңдады, қаншама түйткілді мәселені тарқатуға білек сыбана кірісіп, көптеген азаматтың арашашысы болды. Құқықтық саланың айнасына айналған газетті оқылымды ету, оқырманын көбейтуге бізге парыз. Ал мынау басылымның алғашқы номеріндегі алғашқы редактор Марат Тоқашбаевтың оқырманға жолдаған алғашқы лебізі.

 

Армысыздар ағайын!

Қолдарыңызға ұстап отырған газеттеріңіз – Қазақ мемлекеттігі тарихындағы заң және құқық мәселелеріне арналған қазақ тіліндегі тұңғыш бұқаралық басылым. Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет құру сияқты бүгінгі таңдағы бірден-бір дұрыс жолды таңдаған шақта бұқараның құқықтық білімінсіз мүмкін емес. Өйткені,  мемлекет пен құқықты, құқық пен моральды бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды.

Ғасырдың басында бір анархист: «Көше қозғалысының ережесі неге қажет? Солға бұрылғым келіп тұрса мен неліктен оңға бұрылуға тиіспін? Cондықтан ол ереже жойылсын. Бұл бостандық  үрдістеріне қайшы!» – деп талап  қойыпты. Егер оның талабы орындалса көшелер апаттан аяқ алып жүргісіз болмас па еді.

Бір қоғамда өмір сүріп жатқан үлкен де, кіші де, жас та, жасамыс та  ондағы қалыптасқан нормалар мен қабылданған ережелерге бағынады.  Бізге ұнасын, ұнамасын ол қоғам үшін, халық үшін қажет. Бостандық бетімен лағушылық емес, тәртіпке бағынушылық. Орта ғасырдағы Рим тарихшысы Карл Боттаның тұжырымымен айтсақ: «Қоғамдық бостандық дегеніміз баршаға әділетті және тең қоғамдық заңдарды дәлме-дәл сақтаудан басқа ештеңе емес».

Ережелер мен нормалар орындалу үшін әдетте мемлекет билігі жүзеге асырылатыны аян. Елді басқаруда мемлекетке, оның мәжбүр ету күштеріне (милиция, әскер, сот, түрме) сүйенетін билікті саяси билік десе, адам мен адамның, адам мен ұйымдардың мемлекет белгілеген қарым-қатынас нормаларын құқық дейді. Қазақстанды құқықтық мемлекетке айналдырамыз десек, ол Заңнан жоғары ешкім тұрмайтын қоғам орнату деген сөз. Ол үшін әр  адам, әр ұйым өзінің міндеттері мен құқықтарын жете білуге тиіс.

Кешегі келмеске кеткен Кеңес Одағы адам құқын аяққа басудан алдына ешкімді салған емес-ті. Содан мұра болып қалған ірілі-ұсақты заңсыздықтар қадам басқан сайын кезігеді. Әлі күнге көп тұстарда заң билемейді, бастық билейді. Заңды нәрсенің өзі заңсыз жолдармен жасалып жатады. Ал, нарықтық қатынастар заңдылықтардың сақталуына мүдделі. Оған қалай жетуге болады? Оның  жолы – біреу.  Бұған заң мен заңдылықты насихаттау, адамдар мен ұйымдарға олардың міндеттері мен құқықтарын терең ұғындыру арқылы ғана жету мүмкін. Өмірде заңның араластайтын саласы жоқ. Ендеше «Заң газеті» өз жарғысына сәйкес өмірдің күллі саласына құқықтық тұрғыдан өз үнін қосып отыратын болады.

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің (1994 жылы 27 қаңтардағы қаулысы негізінде Әділет министрлігі құрылтайшы ретінде республикалық «Заң газеті»  мен «Юридическая газетаны» шығаруды қолға алса, ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың (1993 жылы 16 шілдеде) құқықтық насихатын күшейту туралы жарғысының жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Осы құжаттарға арқа сүйеп мемлекет басшыларынан бастап талай-талай қайраткерлерді қамтып, ондаған құттықтаулар ұйымдастырып, дүмпулі нөмір шығаруға да болар еді. Алайда жаңа газеттің жас ұжымы мұндай дарақы даңғазалықтан әдейі аулақтап, халыққа төтесінен тартуды жөн көрді. Мақсат оқырманды алғашқы санынан бастап газеттің басты бағыттарымен таныстыру, оларға мүмкіншілігінше құқықтық жәрдем көрсету.

Газет негізінен екі бөліктен тұрады. Алғашқы бөлігі құқықтық сипаты басым кәдімгі қоғамдық-саяси тақырыптар болса, кейінгі бөлігіне қалың оқырман мен мамандар, мекемелер мен ұйымдар, шаруашылықтар күнбе-күн іздеп таба алмай жүрген кодекстер мен заңдар, нормативтік актілер мен халықаралық конвенциялар, министрліктер мен ведомстволардың құжаттары жарияланады.

«Заң газетінің» қызметкерлері қиянат көрген, жапа шеккен жандарға қол ұшын беруге де әзір. Ол үшін редакция жанынан адвокаттар мен заңгерлердің арнаулы топтары жұмыс істемек. Бір ерекшелігі «Заң газеті» оқырмандарына сұрақ бермейді. Керісінше, оқырмандардың кез келген сауалына жауап береді. Әділдік іздегендерге есігіміз ашық. Жаңа басылымды жатырқамай қабыл ал, оқырман!

 

 

 «Заң газетінің» оқырмандарына

 

Өз үні бар өрнегінде

«Заң газеті» келді өмірге.

Ақ тілекпен атсалысып,

Сөйле, оқырман, сен де бірге.

 

Аямағын парақорды,

Жағымпазды, жалақорды.

Сынау керек, бұрау керек

Жалқауларды шала қолды.

 

Жалтақ болу жараса ма?

Әділдікті пана сана.

Біреу зәбір көріп жатса,

Заңды түрде арашала.

 

Сынға алынсын тура мұнда

Сұмдарың да, қуларың да.

Қылмыс қылса, қаралансын

 

Туысың да, туғаның да.

 

Адам ары тапталмасын,

Алаяқтар ақталмасын.

Айтқандарың заңды болып,

Айыптылар қақпандалсын.

 

Есім ханның ескі жолы,

Қасым ханның қасқа жолы

«Жеті жарғы»

заңдастырып,

Бабалардың басқан жолы.

 

Болса да дау, қай таласың

Бұл газетте айта аласың.

 

Біреулерге есең кетсе,

Заң арқылы қайтарасың.

 

Тергеушіңіз, сотыңыз бар,

Құқық қорғау қақыңыз

бар.

Заңды жақсы білгің келсе,

«Заң газетін» оқыңыздар.

 

Абдрахман АСЫЛБЕК

(«Заң газетінің» алғашқы номерінде жырдан шашу шашқан абзал азамат, қарымды журналист, айтулы ақын Абдрахман ағамыз да қазір арамызда жоқ)

 

 

Комментарий