Құқық | Право

292 млрд теңгенің «есебі» шығарылды

Жарнамасы жер жарған жастар жылы да аяқталуға жақын. Әрине, жастар мәселесін тұтас халықтың  мәселесінен бөліп қарауға болмайды.  Десе де, арнайы ат қойып, айдар тағылған бір жыл ішінде мемлекет тұрғындарының 21 пайызын құрап отырған қауым үшін өзекті болып отырған біраз мәселелер шешімін табар деген үміт болған.  Оның үстіне,  жастар жылына арналған жол картасы түзіліп, ондағы жоспарланған шараларды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 292 млрд теңге қаржы бөлінген еді.  

Жиында баяндама жасаған Ақпарат және қоғамдық келісім министрі Дәурен Абаевтың сөзінен түйгеніміз,  89 тармақтан тұратын аталмыш құжат  жастар үшін ерекше маңызды баспана, жұмыспен қамту, білім беру, жас отбасыларды қолдау мен әлеуметтік белсенділігін дамыту мәселелерін  қамтыды. Бүгінде олардың 13-і толықтай  жүзеге асырылыпты. Атқарылған жұмыстар негізінен, жастар жылының ашылуы, форумдар, «Зерен» жазғы лагерін ұйымдастыру сияқты  шаралар. Қалғандары әлі де жүзеге асырылу үстінде. «Жас кәсіпкер» секілді жобалар үш жылға жоспарланғандықтан олардан нәтиже күту ерте. Өкінішке орай, бірқатар шараның мемлекеттік органдар арасында өзара келісімнің болмауы, кейбірінің қайта құрылуы салдарынан ақырына жетпей, тоқтау қаупі бар.

Отырыста қосымша баяндама жасаған Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің  төрайымы Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, Жол картасындағы негізгі мақсаттың бірі экономикалық қызметтің әр саласындағы  жастар санын арттыру шаралары  нәтиже бермеді. Мысалы, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 18,7 мың адам оқығанын. Соған қарамастан олардың 26 пайызы ғана (5 мың адам) грант және микронесие алып өздерінің бизнестерін ашыпты. Оқымайтын, жұмысы істемейтін біліктілігі  жоқ  жастар көбейіп, олардың саны 300 мыңға жеткен. Нақты жағдайда бұл көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін. Өкінішке орай, жастардың бұл санаты тиісті назардан тыс қалуда. Жұмыспен  қамтамасыз ету шараларынан оларға ешқандай көмек болмай отыр. Жол картасында олардың үлесін жыл сайын 1 пайызға төмендету көзделген. Бұл көрсеткіш те орындалған жоқ.

Жалпы жұмыссыз жастар барлық жастардың 3,3 пайызына тең. Олардың іщінде мамандығы бола тұра «екі қолға бір күрек» таба алмай жүргендер де аз емес. Депутаттардың айтуынша, бұған  негізінен кәсіптік білім берудің еңбек нарығының қазіргі заманғы талаптарына сәйкес келмеуі, өндірістік тәжірибенің болмауы, еңбек нарығының жай-күйі  туралы дұрыс ақпарат алмауы  ықпал етіп отыр.

Мұндай жастар үшін баспанаға қол жеткізудің  оңайға түспейтіні тағы белгілі. Биылғы жылы жас мамандарға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 3 мың пәтер беру көзделіп, бұл мақсатқа 21,6 млрд теңге бөлініпті. Гүлшара Наушақызының айтуынша, қазіргі уақытта әкімдіктер 7 тұрғын үйдің (330 пәтер) құрылысын жүргізіп жатыр екен.  Қалған 2670 пәтерді қайталама нарықтан сатып алу жоспарланып отыр. Қаржы да, сұраныс та бола тұра  бүгінгі күнге дейін жастарымыз осы жеңілдікті әлі пайдалана алмай отырған көрінеді.

Мұның себебі әрине, қолданыстағы бағдарламаларға жастардың төлем қабілетінің сай келмеуі себеп. Жиында сөз алған депутат Зағипа Балиева осы ретте банктер талап ететін алғашқы жарнаның мемлекет тарапынан субсидияланып, немесе мүлде жойылуы жөніндегі  ұсыныс айтты. Депутат сонымен қатар бүгінгі жастардың арасында идеялы, бастамашыл, шығармашылықпен жұмыс істейтін жастардың көп екенін, сондықтан оларды өз мәселелерін шешуге көбірек тарту керектігін, қызмет баспалдақтары бойынша өсуге мүмкіндік беріп, бұл жолда тиісті талаптардың қатаң сақталып, сенімге нұқсан келетін әрекеттердің орын алмауы керектігін ортаға салған еді.

Депутат Қуаныш Сұлтанов  жастардың өз мәселелерін өздері шешуіне жол ашып, жағдайларын жасауға мүмкіндік туғызудың уақыты жеткенін мәлімдеді. Ол бұл ретте алдымен жұмыс орны құрылуы қажеттігін атап көрсетті. Әсіресе, «Дипломмен ауылға» деген бағдарламаны жүзеге асыру үшін ауылдарда өндірістердің көптеп ашылуы қажеттігін, Үкіметтің осы бағытта нақты шараларды қабылдап жүзеге асыру керектігін атап көрсетті.

Әдеттегідей бұл жиында да  көтеріліп отырған мәселеге  қатысты   өткір пікірлер айтылып, нақты ұсыныстар жасалды. Олардың көпшілігі бұған дейін де халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту тұрғысында талай қозғалып,  шешуге уәде берілген жағдайлар. Ал жастардың мәселесін шешуге жол ашады деп үміт еткен арнайы жылдың аяқталуына аз қалды. Министр айтқандай, алдағы он жылға жоспарланған шараларда жастар баспаналы болып, ғылым мен бизнесте бірегей тұлғаға айналса ұтқанымыз.

 

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,

«Заң газеті»

 

Комментарий