Шоу бизнес

“Шеттеріңнен Димаш болып отырмаңдар”: Әншінің әкесін ренжітіп алған айтыскер енді басқаша сөйледі

Аспан асты елінен туған жеріне қайта алмай жүрген қандастарымыздың  күн-көрісі, тіршілігі мен мәселелері адуынды айтыскерлердің ең сүйікті және ең жиі қозғайтын тақырыбына айналған. Жандарбек Бұлғақов — Қытай еліндегі этникалық қазақтардың мұңын жоқтап, жанға батырып сөйлейтін ақындардың бірі. Алайда осы жолы ол айтысына қытайлық шоуда бағы жанған Димаш Құдайбергенді қосып, әкесі Қанат Айтбаевты ренжітіп алған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ел аузында” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жандарбек Бұлғақовтың айтуынша, айтысқа жиналған 1000 көрерменнің 800-ін Алтайдың арғы жағынан келген қазақтар құрады. Қандастарының алдында ақын қытайлықтарға тиетін қыздарды сынады, ел ағаларынан Қытай азаматтарын мемлекетімізге жиі шақырмауды сұрады. Бұлғақовтың сөзінше, Қазақстанның саясатына араласу үшін Қытай елі  Димашты алдып, жүлде берген. Әншінің өнеріне деген махаббатары шынайы емес.

“(…) Алдап-сулап Димашқа жүлде беріп,
Саясатпен қазаққа татырған бал.
Залымдар ғой Димашың ән айтқанда,
Өтірік жылап-сықтап бақырғандар.

(…)Жыланның сырты жылтыр болғанымен,
Ішінде у бар дейді ақылмандар.
Бірте-бірте еліңді басып алса,
Бармақ шайнап, сан ұрып, ах ұрмаңдар.
Жерлеріңнен айырылып, шыңғырғанда,
Шеттеріңнен Димаш болып отырмаңдар”, — деді Бұлғақов.

Айтыс сүйер қауым, көптеген қазақстандықтар ақынды әнші туралы айтқан сөздері үшін сынап тастады. “Қазақтың Димаштай ұлы болғанына қуанып, оның таланты мен өнерін бағалап, ел алдында оның бағасын асырудың орнына, мынадай айтқаныңыз қызық екен”, “Димаш бауырымызды бекерге қостың”, “Димашты саясатқа араластырмаңдар. Ол үлкен әнші, саясаткер емес”, — деп жазды олар.  Алайда, айтыскер БАҚ-қа берген сұхбатында бұл сөздерінің астарында әншіні кемсіту, оның дарынды екенін жоққа шығару деген сынды ойдың жоқ екенін айтты. Димаштың әкесін ренжітіп алғанын білмейтінін жасырмады.

“Астана қаласында айтыс өтіп, оның негізгі ұйымдастырушылары Алтайдың арғы жағынан келген қандастарымыз болатын. Сондықтан залға келген көрермендердің 1000 адам отырса, 800-і Қытайдан келген қазақ қандастарымыз еді. Ертең жерімізден айырылып қалған кезде бәріміздің дауысымыз  Димаш сияқты шыңғырып отырмайық деп айтқан болатынмын. Бұл жерде Димаштың таланты нашар, Димаш әнші емес дегеннен Құдай сақтасын. Димаштың өнеріне деген, оның қазақ  сахнасына әкелген жаңалығына деген ешқандай дауым жоқ. Тілекшімін. Тіпті, мен осы “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығын алған кезде Димаш сол сахнада өнер көрсетіп, менің қуанышыма ортақтасқан азамат”, — деп сөзін түйіндеді Бұлғақов.

Жандарбек Бұлғақов ел мақтанышы Димашты айтысында сөз еткен алғашқы ақын емес. Оған дейін де Ринат Зайытов өнер иесін Қытай саясатының құрбаны деп атаған болатын. 

Комментарий