Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Қазақстанның барлық өңірінде жастар үшін арендалық баспана салынады

Қазір жұмыс істейтін 29 жасқа дейінгі қыз-жігіттерге жалдамалы пәтер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ғана беріледі

Үш жылдан кейін Қазақстанның басқа өңірлерінде жастарға арналған арендалық баспана салу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

“Егер сіздер қолдасаңыздар, жастарға арналған жалға берілетін баспананы еліміздің басқа да өңірлерінде 2022 жылдан бастап салу мәселесін көтеру жоспарланып отыр”, – деді Абаев мәжілісте өткен үкімет сағатында.

Министр осы жылы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 3000 пәтер жалға берілетінін атап өтті. Арендалық баспанада жастар 5 жыл тұра алады. Пәтерді жалға алу ақысы 15 мың теңгеден аспайды. Ал тұрғын үй алаңы – кемінде 40 шаршы метр.

“Бұл жүзеге асырылып жатқан шараларға қарап, жастарымыз баспана алу үшін Нұр-Сұлтан, Алматы немесе Шымкентке жаппай көшу керек екен деп түсінбеуі керек. Мұндай пәтерді алу шартының бірі – соңғы екі жылда сол қалада тұрақты тұру”, – деді ол.

Абаевтың ақпаратынша, елордада пәтерге құжат қабылдау бүгін басталған. Алматы жастарынан 200-ден аса өтінім түсті. Алдағы үш жыл ішінде 29 жасқа дейінгі жастарға 9 мың арендалық пәтер беріледі.

sputniknews.kz

Комментарий