Талқыдағы тақырып

Көзіңді бақырайтып қойып тонауды қою керек…

Қайбір жылы мынандай әзіл шығып еді.
– Қазір қырғыздар жаңа әндерін сыбырлап айтады екен.
– Неге?
– Қатты айтса, қазақтар көшіріп алады деп қорқатын көрінеді)))
Одан бері бірқанша уақыт өтті. Қазір қазақ әншілері Алатаудың арғы бетінен ән алмайтын болды. Бағытымыз басқа елдерге бұрылып, назарымыз өзгелерге түсе бастады ғой деймін. Есесіне айырқалпақты ағайын біздің өнерпаздардың әндерін өз қоржындарына қоса бастады. Алысқа бармай-ақ, біздің Rozaның бірнеше әні қырғыз ағайынның ән аспанында қалықтап тұр. Соңғы кездері Розканың қырғыз әншілерімен дуэт орындап жүргенін де білеміз. Сондықтан жоғарыдағы әзілді бүгінде керісінше айтатын жағдайға жетіп қалдық қой деп шамалаймыз)
Әзіл әзілімен. Дегенмен мынандай бір жағдайға куә болып отырмыз. Қуандық Рақым орындайтын “Мен қазақпын” деген ән бар емес пе? Былтыр ма еді, Отардағы полигонда тұтас әскер осы әнді айтып, бойымыздағы қанымыз қызып, рухымыз асқақтап бір барақат күй кешіп ек қой бәріміз. Сол “Мен қазақпынды” қырғыз ағайындар өз тіліне үтір-нүктесін өзгертпей көшіріп, бір нотасының орнын ауыстармай қотарып алып, домбыраның үнін қомызымен алмастырып “Мен қырғызбын” деп айтып жүр екен. Бұл ән өзіміз жақсы көретін, өнерін құрметтейтін, жас та болса жалынды, сазгерлігі қарымды, әншілігі алымды Жарасхан ініміздің туындысы болатын. Сөзін Нұржан Өмірбай жазған. Қырғызша нұсқасында сөзін Кудырет Тайчабаров, әнін Ахат Эрмекбаев шығарған деп тұр. “Мен қазақпынды” қырғызбын деп ауыстырмасын демейміз, сөзін жазған адам аударған шығар, еңбегі бар дейік, оған да көнейік. Ал енді әнді өзгеріссіз алып, өз аттарынан шығарғаны ұят тірлік екен. Жиендіктің түр-түрін көріп едік. Бірақ авторын атынан аударып тастап, өз есім-сойын бақырайтып жазған, ұрлаған жиендікті енді көріп отырмыз.
Қазір білмей, көрмей, байқамай қалады дейтін заман емес. Ғаламторың әлемнің әр түкпірінен ақпаратты жеткізіп тұр. Ең болмаса, әні Жарасхан Төлебайдікі деп шырқаса, несі кетеді дейсің ғой. Бұ жазбамызды Алатаудың ар жағындағы ағайындар оқыр-оқымас. Бірақ бұлай көзіңді бақырайтып қойып тонауды қою керек…

Ержан Байтілес

Фейсбуктегі парақшасынан

Комментарий