Қоғам | Общество

20 жылдан кейін жылап көрісеміз: Мамандар жастарға тракторшының мамандығын оқуға кеңес береді

Енді кемі он жылда елімізде трактордың рөліне отыратын мамандар қалмайды. Ал 20 жылдан кейін бұл техниканың тілін білетіндердің саны тіптен азаяды. Бұл нарықты зерттеген мамандардың қорытындысы.

Бір кездері еңбек адамдары мақтап-мадақталса, бұл күні тракторист, механик сияқты жұмыстар екінші деңгейлі саналып, айтуға ұялатын мамандыққа айналған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бибігүл Бектемісова трактор айдайтын жұмысшыға мысқылдап емес, шама келсе құрметпен қарап, бұл салаға жастарды бағыттап оқытпаса, ертең жылайтындай хәлге жетеміз дейді. Көгалдандырумен айналысатын компанияда үлкенді-кішілі 30-дан астам трактор бар. Бірақ, нарықта білікті маман тапшы. Қоластындағы мамандардың ең жас дегені 40-қа жақындап қалған. Сондықтан, жалақысын кешіктірмей, техникасын сайлап дайындап беріп отыр екен.

«Осы саладағы жүргізушілердің жасын айттым. Олар енді ақырындап-ақырындап азая бастамаса көбейіп жатқаны жоқ. «Жас келсе –  іске» дейді. Жастарымыздың бәрі компьютер, электроника деп бұрылып кетті де, тракторлар жағына онша барып жатқан жоқ. Көршіңнен, досыңнан, туысыңнан сұрасаң да осы салада балам оқып жатыр дегенді он жылдан асты естіген жоқпын», – дейді қалалық көғалдандыру мекемесі басшысының орынбасары Бибігүл.

Бұл жерде техниканың түр-түрі бар. Қазатын, тегістейтін, сыпыратын, күрейтін, қысқасы жетеді. Басшылықтың айтқанын колонна басшысы растады. Мамандарға бар жағдайды жасап жатыр екен.

«Арнаулы шеберхана сынған тракторларды жөндеуге арналған. Іші жылы. Мамандар бар. Қираған трактордың жүйесіне байланысты мамандар бөлінген. Мотор қираса мотор жөндейтін, электрожүйесі сынса, электрожүйесін жөндейтін мамандар бар. Солардың барлығын орнына келтіріп, анықтап реттеп қайта жұмысқа жіберіп отыратын орын», – деді шеберханадағы колонна басшысы Талғат Нұрғалиев.

Ермек аға трактордың тілін бозбала кезден біледі екен. Бұл күнде өз ісінің хас шеберіне айналған. Ала таңнан, қас қарайғанға дейін жұмыста. Қажет болса демалыс күндері де рөлге отырады. Ақшасы төленіп жатқасын, күй талғамайды. Жастардың техникаға жоламай кеткенін бұл кісі де растады.

“Жастардың көбі техникаға онша емес, басқа мамандыққа жүгіреді. Көбі трактор десе ойлайды баяғы совет үкіметіндегідей деп. Совет үкіметінің тракторы емес қазір шетелдік тракторлар. Бәрі жеңіл. Көрдіңіз ғой. Басқарылуы қандай, іші жылы. Кеңес кезіндегідей тоңып, жаурап отырмайсыз қазір”, – дейді трактор жүргізушісі Ермек Серікұлы.

Маман тапшылығының тағы бір себебі, еңбек нарығы мен оқыту жүйесінің арасындағы байланыстың жоқтығы. Бұл проблема айтылып-айтылып әбден жауыр болған. Жылдар сырғуда, бірақ, баяғы жартас, сол жартас.

«Менің ойымша оқу орындары мен бизнес тің арасында қарым қатынас жоқ. Мәселенің негізгісі осында. Жастардың дені оқу бітіріп шығады да жұмыс іздейді. Ал егер сол кәсіпкерлер, компаниялар қандай мамандар керектігін алдын ала ұсынып отырса шаруаны реттеуге болар еді», – деді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Евгений Козлов.

Айдана Тоғызбаева бастаған бір топ мамандар бір жылдан астам уақыт бойы нарықтағы жұмыстың сұранысы мен ұсынысын зерттеп жатыр екен. Сондағы мақсаттары үкіметке қандай мамандықтардың қажеттілігін жеткізу. Бұл мәселенің өзекті екенін бұл кісілер түсініп отыр.

«Жұмыс мамандықтарына көп барғысы келмейді. Себебі, олар ауыл маңайларынан қалаға көшкісі келеді. Мысалы жастар, жұмыссыздар. Сол қалада жұмыс іздейді. Бірақ, қалада жұмыс істегісі келетіндер білесіздер тракторшыға бармайды ғой. Қалада басқа мамандықтар қажет екенін біледі. Сонлықтан көбі қызмет көрсету саласында қысқа мерзімде оқиды», – дейді жұмыспен қамту департаментінің директоры Айдана Тоғызбаева.

Қоғамдық сана деген тағы бір нәрсе бар. Бір баланың болсын өскенде тракторист не механизатор боламын деп шығарма жазғанын көрген жоқпыз. Яғни, еңбек адамдарына жағдай жасап, жалақысын реттеп, техникасын сақадай сай қылу өз алдына, әр мамандыққа құрметпен қарап үйрену дегенді түйсігімізге түю керек болып тұр.

Комментарий