Судья мінбері | Судебная система

ЖҮКТЕМЕНІ АЗАЙТУ САПАНЫ КӨТЕРЕДІ

Қазақстан азаматының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекет құзырындағы абыройлы міндеттің бірі. Оны атқару, жүзеге асыру жолында сот саласы мен күштік құрылымдардың атқарып отырған еңбегі орасан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл салаларды басты назарда ұстап, жаңа реформалардың жаршысы болып отыр.
Елдегі сот саласы соңғы жылдары көптеген оңды өзгерістерді қолға алды, қолжетімділік, теңқұқылық, ашықтық бағытын ұстанып, қарапайым азаматтарға заңдық тұрғыда бет бұрды. Жаңа технологиялардың игілігін пайдаланып, жұмыс сапасын арттырды. Жақында Мемлекет басшысының қабылдауында болған Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов үшінші биліктегі жаңғыртулар туралы баяндап, жаңа заңнамалардағы өзгерістерден хабардар еткені белгілі. Қасым-Жомарт Тоқаев та өз тарапынан сот шешімдерінің сапасын арттыру және азаматтардың өтініштерін мұқият әрі әділ қарау қажеттігін тапсырды. Президенттің ойынша,
судьялардың құзыретін арттыру мен оларды іріктеу тетіктерінің ашықтығын қамтамасыз етуге қойылатын талапты күшейту, жоғарылату маңызды. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев судьялар алдына үлкен міндеттер жүктеді. Судьяларды іріктеу жүйесін жақсарту, бірыңғай сот тәжірибесін қамтамасыз ету, сот төрелігін жаңғырту, соның ішінде соттан тыс татуласу орталықтарын құру, отбасы соттары мен фронт-кеңселер жайын жақсартуды тапсырды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қарапайым халықтың сот жұмысына деген сенімін арттыру, азаматтардың өтініш-шағымдарын әділ қарау, шығарылатын сот шешімдерінің сапасын жақсарту қажеттігін айтты. Президенттің судьялардың жүктемесін азайту және сот шешімдерінің сапасына теріс әсер ететін, оларға қатысы жоқ істерден босату жөнінде шаралар қабылдауды төрағаға тапсыруы да қоғамдағы қажеттіліктен туындаған болатын. Мемлекет басшысы тарапынан судьялар корпусына артылған мұндай мақсат-міндеттер бұл саланың одан әрі жетіле, кәсібилене түсуіне көрсетілген тиімді нұсқау деуге болады.
Э.АСУБАЕВА,
Панфилов аудандық сотының судьясы
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Комментарий