Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

Алақан жаймаудың амалын ойлаған университеттер ұстаздардың да жағдайын ұмытпаса екен

Нарық тек тауар саудасына ғана қажет дүние деп кім айтты?! Ол білім саласындағы бәсекенің ілгерілеуі үшін де қажет. Оған бүгінде білім ордаларының акционерлік қоғам ретінде дамып жатқандығы дәлел бола алады.

Республикамызда акционерлік қоғамдардың қарқын алуы тегін емес.  Университеттерді мемлекет иелігінен алып, жекешелендіруді жүзеге асыру білім жүйесіне жаңаша серпін бермек. Біздің елімізде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруды көздейтін ұйымдастырушылық-құқықтық нысанның ең кең таралған түрі осы акционерлік қоғамдар. 2003 жылы 13-мамырда Қазақстан Республикасының «Акционерлік қоғамдар туралы» арнайы Заңы қабылданған болатын. Сәйкесінше, Акционерлік қоғамдардың ролі мен маңызы арта түсті.

Қазақстанда жоғары оқу орындарын жекешелендіру ісінің қолға алынғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бұл туралы Үкіметтің 2015 жылдың 30 желтоқсанындағы «2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кейбір мәселелері туралы» № 1141 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулысының жобасында көрсетілген еді. Жалпы, бұл өзгеріс уақыт талабынан туындап отыр. Қазіргі таңда Еуропадағы оқу орындарының көпшілігі коммерциялық емес акционерлік қоғам. Ал біздің еліміздегі Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Назарбаев оқу орны да тап осылай даму жолын таңдаған. Оған қоса, бұл тізімді биыл Қазақстандағы 20-дан аса университет толықтырды.

Дәрігер болуды армандайтын талай жастың еліміздегігі медициналық білім беретін университеттердің көшбасшысы саналатын С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін таңдайтыны күмәнсіз.  Бұл оқу орны да биылғы оқу жылынан бастап акционерлік қоғамға айналды. Университет ректоры Талғат Нұрқожин биылғы есеп беру кезінде дәрігерлерді даярлау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін бұл өзгерістің оң ықпал ететінін ерекше атап өткен болатын. Шынымен де солай ма? Біз осы сауалды мамандарға қойып көрген едік.

«Жоғарғы оқу орындарын акционерлік қоғамға айналдырудың пайдалы тұсы көп», – дейді  ҚР мәдениет қайраткері, халықаралық журналист Қуандық Шамахайұлы.

– Мемлекет қаржысының бетіне қараған оқу орны, не оқытушыларға жарытып жалақы бермейді, не олардың арасында өзара бәсекенің өсуіне жол ашпайды. Жаттанды сүрлеумен кете беретін болсақ, білім саласы дамымайды. Сондықтан, акционерлік қоғам ретінде халықаралық тәжірибелерді ескеріп, мүмкіндікті кеңйтуден қашпаған жөн. Айталық, білім сапасы бойынша әлемді аузына қаратқан, біз үлгі тұтатын озық 30 жоғары оқу орны бар ғой. Солар түгелдей жекеменшіктің иелігінде. Осыдан-ақ акционерлік қоғамның пайдалы екенін ұқсақ болады,-дейді ғалым.

Дұрысында мемлекет қамқорлығына зәру, қолдауды қажет ететін құрылымдар онсыз да көп. Осы тұрғыдан алғанда жоғары оқу орындарында бәсекелестікті арттырып, қосымша қаржы тартуға мүмкіндік туғызатын тетіктерден қашпауымыз керек. Өйткені, жоғары білім алуға деген ынта артқан сайын жоғары мектептерге деген талап та өседі. Ал талаптан шықпаса, білімді талапкерлердің шетелдік оқу орындарына таңдау жасауы әбден мүмкін.

Жалпы, жоғары оқу орындарын қаржыландырумен де мәселенің шешілмейтінін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Соңғы жылдары мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерінің айлығы бірнеше рет өсті. Орта білімнің сапасын арттыру үшін педагогтардың мәртебесін көтеруге, әлеуметтік жақтан қорғалуына мән берілуде. Өкініштісі, осы жақсылықтың бәрінен жоғары оқу орнындағы оқытушылар сырт қалған. Олардың айлығының жұмыс жүктемесіне сай еместігі мәселенің тек бір жағы. Сонымен қатар, оқу орындары акционерлік қоғамға айналғалы оқытушылар жеңілдікпен үй алу, мемлекеттік қызметкер ретінде әлеуметтік қолдауға ие болу құзыретінен қағылған.

-Жалпы, жоғары оқу орындарында еңбек ететін оқытушылар студенттерге дәріс беріп қана қоймай, ғылыммен айналысуы керек. Ғылыммен шұғылданбаған оқытушының орта білім беретіні мектеп мұғалімінен айырмасы қандай?! Жоғары білім терең ізденіспен келеді. Кейінгі кезде осыған мән бермейтін болдық. Ал енді оқытушылар ғылыммен айналысайын десе, уақыт таппайды. Барлығын қоғамдық жұмыстарға жегіп қойған. Қала берді, өмірі бітпейтін құжаттар, есеп, қағазбастылық. Қосымша жұмыстарына ақы төленбейтіні тағы белгілі,-дейді тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай.

Базалық білім қорын молайту, ойлау машығын жетілдіру үшін мектеп қабырғасын тәмамдаған жас университетке түседі. Ал оларға білім беретін, ғылыми ізденуіне жол көрсетуге тиіс оқытушылардың қағаз толтырудан қолы босамайтыны бүгін айтылып жүрген мәселе емес. Ұлттық университеттердегі бір жүктемемен жұмыс істейтін оқытушылардың айлығы 90-100 мың айналасында екені де ойландыратын дүние. Айлығы шайлығына жетпеген соң қосымша нәпақы табу үшін бірнеше оқу орнынан сағат алып, уақытын үйлестіре алмай жүрген оқытушыларға не деп мін айтарыңды да білмейсің кейде. Бүгінгідей нарық заманында оқытушыларға аш болсаң да жақсы білім бер, мықты маман дайында деп қайтып талап қоярсың!

Оның үстіне, жоғары мектептердегі реформалар да кейде ойға сыймай жатады. Мұнда да сол шетелден жоғары жалақыға мамандар тарту мәселесі өзекті болып тұр. Ағылшын бөлімдерін ашу, сабақты ағылшынша өткізу де басты критерийдің біріне айналған. Ал сапалы сабақ өтетін, тілге жүйрік ұстаздардың бар-жоқтығы университет басшыларын қаншалықты қызықтырып отыр? Бұл да басы ашық мәселенің бірі.

Еліміздің 2010 жылы ресми түрде Болон процесіне қосылғаны белгілі. Мұндағы мақсат ұлттық білім жүйелерін жақындастыруға, көп дәрежелі жоғары білімді енгізуге бағытталған дейді білетіндер. Сондай-ақ, бұл жүйе қазақстандық ғылымды жаңа көкжиекке көтеретін көрінеді. Дегенмен, мақтаулы жүеге сын айтататындар да бар.

«Біз қазір қолданып жатқан Болон жүйесінен Батыс елдері әлдеқашан бас тартқан. Осы үдерістен бір мысал келтіре кетейін. Айталық, жүйеге сай студенттер жүрегі қалаған пәнді, оқытушыны өзі таңдауы керек. Оқу жылы қыркүйекте басталса, таңдаудың қорытындысын шығарып, сабаққа кіріскенше қазан айын орталап қаламыз. Бұл білім алушыға да, ұстазға да тиімсіз. Бұрын, тамыз айында мұндай мәселелердің бәрін шешіп қойып, қыркүйекке оқытушы сақадай сай тұратын. Магистр, доктор дайындаудағы сапасы да көңілден шықпайды. Сондықтан Болон жүйесінен бізге ешқандайда пайда жоқ екенін баса айтқым келеді»,- дейді Сәбит Шілдебай.

Мұндай пікірді Заң ғылымдарының докторы, профессор Арықбай Ағыбаев та айтып отыр. «Қазіргі докторлықты қорғаған оқытушылардың білімі бұрынғы кандидаттық қорғаған оқытушылардан жоғары деп айта алмаймын. Әрине, жаңашылдық енгізген дұрыс. Бірақ, бізге бұрынғы ғылыми үрдістен түбегейлі бас тартпай, Болон жүйесімен қатар жүргізгенде ештеңеден ұтылмас едік» дейді профессор.

Біреудің қаңсығы біреуге таңсық болған заман. Тек таңсық болған дүниенің бәрінің алдымен білім саласында сыналатыны өкінішті.

 

Мөлдір БЕГІМБЕТ,

«Заң газеті»

 

 

Комментарий