Құқық | Право

Біркелкі тәжірибе қалыптастыруда апелляциялық соттың рөлі зор

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы USAID пен Америка адвокаттар қауымдастығының Қазақстандағы «ABA ROLI» өкілдігінің қолдауымен «Сот практикасының біркелкілігі және апелляцияның тиімділігі» тақырыбында халықаралық семинар өткізді.
Семинарға Жоғарғы Соттың судьялары, облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, Таллинн округтік (апелляциялық) соты қылмыстық істер жөніндегі алқасының судьясы Павел Гончаров, Сот төрелігі академиясы мен Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің өкілдері қатысты. Олар қылмыстық істер бойынша біркелкі сот практикасын әзірлеуге байланысты құқық қорғау мәселелерін, сондай-ақ, апелляциялық сатылар судьяларының түйткілді мәселелерін талқылады және олардың қызметін жетілдіру жолдарын айқындады.
«Кез келген мемлекеттің маңызды міндеті – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мойындау, сақтау және қорғау болып табылады. Бүкіл елде заңдардың біркелкі түсіндірілуіне және қолданылуына, сот практикасының біркелкілігіне қол жеткізгенде ғана бұл міндетті іске асыруға қол жеткіземіз», – деді семинарды ашқан Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов.
Соңғы жылдары апелляцияның процестік ере­же­лерін қалыптастыру бойынша заңнамалық өзгерістер жүзеге асырылып, қабылданды және олардың сапасы мен заңға сәйкестігі үшін жауапкершілік арта түсті.
Баяндамашы қаралып жатқан әрбір іс бо­йынша қылмыстық процестің негізгі принциптері толығымен орындалған жағдайда ғана апелляция­лық соттар жұмысының сапасы мен тиімділігін артатынын Ә.Жүкенов басқа мемлекеттердің осы мәселе бойынша тәжірибесінің құнды әрі пайдалы екенін, осындай қарым-қатынастың маңыздылығын және білімді жетілдіріп, пікір алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Семинар барысында халықаралық сарапшы П.Гон­чаров Эстониядағы қылмыстық іс жүргізуді мысалға келтіре отырып, тараптардың мүмкіндіктері мен апелляцияның тиімділігі туралы айтты және осы мәселе бойынша басқа да мемлекеттер­дің тәжірибесімен бөлісті. Ол жаңа институттарды қолдану аясының кеңеюі туралы айта келе, 2018 жылы Эстонияның бірінші сатыдағы соттарында 5 749 қылмыстық іс қаралғанын атап өтті. Оның ішінде осы істердің 70,46%-ы келісімдік сот ісін жүргізу аясында қаралған әрі бұл жағдайда сот актілеріне шағым жасалмаған, істердің 0,46%-ы қысқартылған іс жүргізу тәртібімен қаралған, 1,82%-ы бойынша сот бұйрықтары шығарылып, 7,05%-ы жалпы іс жүргізу тәртібімен қаралған. Істерді осылай қарау кезінде процестің толыққанды бәсекелестігі қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, П.Гончаров Эстония апелляция­сының тиімділігіне тоқтала келіп, ол үкімдердің 72,8%-ы өзгеріссіз қалдырылғанын, 19,7%-ының ішінара күші жойылғанын және 7,5%-ының толығымен күші жойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2018 жылы бірінші сатыда қаралған 5 749 қылмыстық істің 8,14%-ы апелляциялық тәртіппен, тек 0,85%-ы жоғарғы сотта қаралған. П. Гончаров қылмыстық істердің Эстония апелляциясындағы жазбаша және ауызша сот ісін жүргізу тәртібі мен шектері туралы да айтты. Егер соттың бүкіл құрамы апелляцияның анық негізсіз екендігі туралы бірауыздан шешім қабылдаса, бұл елде шағымның қозғалыссыз әрі қаралмай қалдырылатыны туралы норма бар.
Жиында Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Атырау облыстық және Нұр-Сұлтан қалалық соттарының судьялары Людмила Бектемірова, Айжан Әбуова, Қарлығаш Нұрмағамбетова, Мадина Саламатова, Айгүл Қалимұқашева мен Бақытжан Тоғанбаев апелляциялық соттардың қылмыстық істер бойынша біркелкі сот практикасын қамтамасыз етудегі рөлі туралы баяндады.
Семинар барысында қылмыстық істер бойынша біркелкі сот практикасын әзірлеу, апелляциялық соттардың сот жүйесінің табысты жұмысындағы рөлі, сондай-ақ мәселелер мен олардың қызметін жетілдіру жолдары талқыланды.
Сонымен қатар ҚК мен ҚПК-ге өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар әзірленді.

ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі

Комментарий