Құқық | Право

Өзіне жақын оқытушыларға ғана сағат береді: ҚазҰПУ ректорын сотқа берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде кездесу өткізіп жатқанда Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректорын оқытушылардың бірі сотқа берді.  Докторант және бұған дейін аталмыш университетінде оқытушы болып қызмет атқарған Қалдыгүл Тасболатова университет басшылығы қазіргі уақытта өзін еш себепсіз жұмысқа алмай отыр деп есептейді екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

23 жылдан бері ұстаздық еткен Қалдыгүл Тасболатова биыл университетте өзіне сағат жетпей қалды дегенге сене алар емес. Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетіне былтыр доктарантураға түсіп, оқытушы болып 0,5 бірлікте дәріс берген ол биыл қалайша ешкімге керексіз болып қалдым деп қынжылады.

«Зейнет жасындағы мұғалімдерге бірінші кезекте сағат береді. Содан кейін өзіне жақын деген мұғалімдерге сағат береді. Ректор бұйрығымен біз жылда кафедраны жасартып, жас мамандармен толықтырамыз деп жатады. Алайда төрт жылдан бері бұл тек сөз жүзінде қалып қойып отыр» – дейді Қалдыгүл Тасболатова.

Университетте өзіне жұмыс істеуге мүмкіндік берілмейтінін түсіндім деген Қалдыгүл ректорға арыз жаздым дейді. Алайда, оның шағымы ескерілмей қалған. Сол себепті, аталмыш мәселелердің бас аяғын жиып, докторант Медеу аудандық сотына арызданды.

Университет ректоры іссапармен Нұр-Сұлтанға кеткен екен. Ал, оқу ісі жөніндегі проректор доктаранттардың бәріне бірдей сағат табылуы қиын деп отыр. Оқытушыларға беретін сағат мәселесін түптеп келгенде факультет кафедрасы шешеді дейді. Бұл оқиғаның соңғы нүктені сот қоятын секілді.

Комментарий