Судья мінбері | Судебная система

Дауларды сотқа дейін шешу тетіктері оңтайлы жұмыс істеуде

Елбасының Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат туралы  тұжырымдамасында  азаматтық құқықтарды қорғаудың соттан тыс нысандарын дамытуды атаса, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Өзіміздің ұлттық кодымызға оралуымыз керек» деді. Ұлт көшбасшысының бұл сөздері медиациямен тікелей байланысты. Себебі, дауды сотсыз шешу бабалар мұрасында бұрыннан бар үрдіс.

Бүгінгі күні елімізде дауларды сотқа дейін шешу, бітімге келу, татуласу, медиация сынды ізгілікті заң тетіктері оңтайлы жұмыс істуде. Бұл тұрғыда тиісті заңдар толықтырылып, дауды баламалы түрде шешу тәсілдерінің көкжиегі кеңейтілді. Құқықтық институт дүниежүзінде кеңінен қолданылады. Билер институтының басты мақсаты дауласқан тараптарды татуластырып, залалдың орнын толтыру, яғни, келіспеушілікті ушықтырмай шешу. Медиация институтының дамуына Жоғарғы Сотта айрықша басымдық берілуде. Төрағаның бастамасымен республикамыздың бар өңірінде татуласу орталықтары ашылды. Оларда арнайы мамандар жұмылдырылып, халықтың құқықтық сауатын арттыруға белсенді атсалысуда.

Жоғарғы Соттың «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасына сай жүзеге асып жатқан «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының нәтижесі бұл күнде жоғары. Әсіресе, дау шешудегі таңдау тараптарға  берілуі өзін-өзі ақтауда. Мәселен, талап арыз қабылданғаннан кейін судья, яғни, талап қою соттың іс жүргізуіне алынғанға және істі қозғағанға дейін тараптарды татуласу рәсіміне қатысуға шақырады. Келіскен жағдайда тараптар татуласу рәсімінің түрін таңдап, ол туралы өтінішхатта көрсетеді. Бұдан соң судья азаматтық істі қозғау, істі сот талқылауына дайындау, тараптың өтінішхаты болған жағдайда қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы ұйғарым шығарып, татуласу рәсімін өткізеді.

Медиациялық келісімде судья-татуластырушы тараптарға қойылған талаптардың шегінен шығу құқығын, жауапкердің қарсы шарттар қоюға мүмкіндігін жан-жақты түсіндіреді. Нәтижесінде өзара тиімді шарттар бойынша келісім жасалады. Өз кезегінде бұл тараптардың алаңдаушылық сезімін басып, ризашылыққа әкеледі. Мұндай жағдайда ұйғарымға шағым келтірілмейтіні анық. Медиацияның ең тиімді тұсының бірі соттар жүктемесінің азаюына оң әсер етуде. Сотқа даусыз істермен жүгінетіндер де жетерлік. Сондай кезде тараптардың өзара келісімге келуінде татуласу рәсімдерінің маңызы зор. Мемлекеттік баждың қайтарылуы да азаматтар мен заңды тұлғалардың дауды бітімгершілік жолымен шешуге ынталандырады. Әсіресе, жоғарыда аталған жоба аясында дау-дамайлар тез арада шешімін табуда. Жобаның басты артықшылығы да осында.

Татуласу рәсімдерінің нәтижесінде  талапкерлер құқықтары екі аптада қалпына келтірілді. Мұның өзі сотқа жүгінушілердің медиацияға деген оң көзқарасын қалыптастыруда. Бүгінде жобасы аясында соттарда медиация кабинеттері ашылып, судья медиторлар жұмыс істейді. Судья-татуластырушы медиациялық  келісімінің құқықтық күші сот  шешімнен  кем болмайтынына тараптар көзін жеткізеді. Егер екі жақтың  біреуі  келісімді  орындамаса, екінші жақ  оны  мәжбүрлеп орындату  үшін  сотқа  жүгіне  алады. Экономикалық соттарда жеке және заңды тұлғаларға қатысты күрмеуі көп күрделі даулар жиі қаралады. Сондықтан, дауларды медиациямен шешудің маңызы зор. Бітімгерлікке келетін кезде сот ешкімнің құқығына нұқсан келмеуін қарайды. Тараптар өзара келіскенімен, заңсыздық орын алса сот оны бекітпейді. Заңның жүзеге асуының өзі оны азаматтарға жеткізе, түсіндіре білумен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, даулардың бейбіт жолмен реттелуіне көмектесу судьялар қызметінің бір саласы.

Құқықтық саясат тұжырымдамасында көрсетілгендей, халықтың құқықтық сауатын арттыруда заңдар нормаларын түсіндіру БАҚ-пен тығыз байланысты қажет етеді. Сондықтан, медиацияның тиімділігін үздіксіз насихаттау оның дамуына жаңа қуат береді.

 

Гүлнар Бектұрғанова,

Алматы облысының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Комментарий