Құқық | Право

Қазақ-қытай шекарасын кесіп өткен қандастарымыздың ісі бойынша бірқатар басшы жазаланады

Қазақ-қытай шекарасын кесіп өткен қандастарымыз Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханның ісі бойынша Зайсан шекара жасағында бірнеше басшыға қатысты шара қолданылмақ. Бүгінгі таңда бөлім командирін қызметтінен шеттетіпті, деп хабарлайды Stan.kzақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсахан ШҚО-ның Зайсан, Шілікті, Маңырақ ауылдарының тұсынан  қазақ-қытай шекарасын кесіп өткен. Ендігі шекарашылар қос азаматтың жолын кесе алмағаны үшін айыпты болып отыр.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов бірқатар басшының тәртіптік жазаға тартылатынын айтты.

«Олар сөзсіз тәртіптік жазаға тартылады. Әңгіме қарапайым сарбаздар емес, үлкен қызметтік тұлғаларға қатысты. Зайсан шекара жасағы, Комсомол заставасының бастығы мен комендантына шара қолданылады. Ал бөлім командирі қызметінен шеттетілді», – дейді Ділманов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өттік деген қытайлық азаматтар Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханға қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторында отыр.

Күні кеше қорғаушы Бауыржан Азанов қос азаматқа «Пана іздеуші тұлға» куәлігі берілетінін айтқан-ды.

Комментарий