Құқық | Право

Қытай азаматтары Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті: кім жауапқа тартылады?

Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан заңсыз өткен. Бұл оқиғаға қатысты шекара қызметінде тергеу жүргізіліп, кінәлілер анықталды

 Қытайдың екі азаматы Қазақстанға заңсыз өтті. ҰҚК шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов бұған жол бергендер жауапқа тартылатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстантілшісі.

“Мемлекеттік шекара сенімді қорғалады, жабық. Алайда адам факторы бар. Бұл мәселені талдап жатырмыз. Жан-жақты зерттеп, мемлекеттік шекараны қорғаудың кейбір тұсын өзгертеміз”, – деді Дархан Ділманов мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, бұл факті бойынша шекара қызметінде тергеу жүргізілген. Кінәлілер анықталды.

“Тәртіптік жаза қолданылатыны анық. Әрине, сарбаздар емес, лауазымды тұлғаларға жауапқа тартылады. Бөлім командирі қызметінен босатылды”, – деді шекара қызметінің басшысы.

Қытай азаматтарына қатысты іс Қылмыстық кодекстің 392- бабы (“Мемлекет шекарасын қасақана кесіп өту”) бойынша қарастырылады. Заңға сәйкес, кінәлілер бір мың айлық есептік көрсеткіш (2 миллион теңгеге жуық) айыппұл төлейді немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылып, елден қуылады. Бес жыл бойы Қазақстанға кіре алмайды.

“Олар қазір тергеу изоляторына қамалды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, екі ай тергеу жүргізіледі. Бұдан соң мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге қатысты сот отырысы өтеді. Оларға өзге айып тағылып отырған жоқ”, – деді Ділманов.

Шекараны заңсыз кесіп өту

15 қазан күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі шекараны заңсыз кесіп өткен екі Қытай азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған болатын.

Олар Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан шекара жасағының учаскесі арқылы Қазақстанға өткен. Ұсталғандардың бірі бұған дейін де қазақстандық шекарашылардың назарына ілінген. 2016 жылы мал ұрлады деген күдікке ілініп, Қытай тарапына тапсырылды.

Комментарий