Қоғам | ОбществоҚұқық | Право

“Күнделікте” діни насихат жүргізіледі: депутат үкіметке сауал жолдады

Мәжіліс депутаты Кеңес Әбсәтіров “Күнделік” жүйесінің ақпараттық қауіпсіздік деңгейіне күмән келтірді

 Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Кеңес Әбсәтіров “Ақжол” фракциясының атынан үкіметке сауал жолдады. Фракция депутаттары “Күнделік” ақпараттық жүйесін тоқтатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

“Білім және ғылым министрлігі “Күнделік” жүйесін уақытында толтыруды талап етеді. Ал сайттың өзі дұрыс істемейді. Министрлік бір маңызды мәселені ескерген жоқ – мұғалімдердің барлығы бірдей “Күнделікті” толтырғанда сайт істемей қалады. Жүйе ондай жүктемені көтере алмай қалады. Бұлай болса, оны республика бойынша енгізудің қажеті қанша?”, – дейді Әбсәтіров.

Депутаттың айтуынша, ақпараттық жүйедегі ақау салдарынан мұғалімдер күні-түні отырып, “Күнделікті” толтыруға мәжбүр. Ал ауыл мұғалімдері интернет іздеп қалаға барады, я болмаса ұялы телефонына шұқшиып біраз уақыт отырады. Ата-аналар да өз балаларының сабақ үлгерімін уақытында көре алмайды.

“Бүгінде “Күнделікке” 500 сұрау түскенде ақау шыға бастайды. Ал республика мектептерінде 2 миллион 800 мың оқушы бар. Демек қазірдің өзінде ақпараттық жүйе барлық сұрауларды қабылдауға дайын емес”, – деп атап көрсетті Әбсәтіров.

Мәжілісмен ақпараттық жүйеде шығатын жарналамарды да сынға алды. Мәселен, 22 қыркүйекте “Күнделікте” емтиханды сәтті тапсыруға арналған христиан дұғасының жарнамасы жарияланды. Бұдан бөлек, киелі кітап, сөз дұғасы, иконалар, шіркеу мейрамдарының күнтізбесі және тағы басқа жарнама болды.

“Осының өзі білім туралы заңға қайшы. Оған сәйкес, діни насихат пен коммерциялық жарнамаға тыйым салынады. Бұны хакерлер жасаса да, “Күнделіктің” ақпараттық қауіпсіздік деңгейі қандай екенін осыдан-ақ көруге болады”, – деді Әбсәтіров.

Комментарий