Құқық | Право

Туыстары жылап жіберді: Ақтөбеде ер адамды азаптағаны үшін сотталған полицейлер ақталып шықты

Ақтөбеде адам азаптағаны үшін сотталып кеткен полицейлер ақталып шықты. Істі болған төртеудің туысы «балаларымыз сүттен ақ, судан таза» деп апелляциялық шағым түсірген еді. Соттың үкімді өзгертуіне не себеп болды? Жәбірленушінің жанайқайы неге ескерілмеді? 52 күн абақтыда үрмеде отырып шыққан полицейлер енді жұмыстарына қайта орала ма?

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.

Төрт полицейдің ісі 9 ай тергеліп, үкім қыркүйекте шыққан болатын. Сотта оларға «жәбірленушіні азаптады» деген айып тағылып, 4 және 5 жылға дейін соттаған еді. Тәртіп сақшыларының ағайындары сол кезде олардың кінәлі екеніне сенбей, сот шешіміне наразылықтарын білдіріп, облыстық прокуратурасының алдына жиналды. Сот үкімімен келіспейтіндіктерін айтып, апелляциялық шағым түсірді.

«Апелляциялық үкіммен аталған тұлғалар қылмыстық құқықбұзушылық жасағандары дәлелденбегендеріне байланысты ақталды. Ақталғандардың қылмыстық процесті жүргізген органның заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтетуге құқықтары танылды. Апелляциялық үкім заңды күшіне енді», – дейді облыстық соттың баспасөз хатшысы Анар Айтжанова.

52 күн бойы тергеу изоляторында отырған төрт полицей шешім жария бола салысымен, сот залынан босап шықты. Полицейлердің жақындары үшін де бұл күтпеген жаңалық болған сыңайлы. Үкімді естігенде қол шапалақтап, бірін-бірі құттықтап, көздеріне жас алғандары да бар.

Әсия Мырзабекова әлі күнге өңім бе, түсім бе деп сене алмай жүрмін дейді. Ұлы абақтыда отырғанда ішкені ірің, жегені желім болғанын айтты. Ұлы Руслан Есанов ішкі істер органдарында 16 жыл қызмет еткен. Шені – майор. Істі болғанға дейін Ақтөбе қаласындағы №4 полиция бөлімі басшысының орынбасары болған. 2016 жылы теракт кезінде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты. Соттың үкімімен ол 5 жылға сотталған болатын.

«Маған қазір айту да өте қиын. Оның бәрін қайталағым келмейді. Әйтеуір, әділеттік орын алып, қуанып отырмын. Жалғыз мен емес, қасындағы үш баланың ата-анасы бар. Бәрімізге өте қиын күндер болды. Әрбір ана өзінің баласын біледі ғой. Мен де өз баламды білемін», – дейді ақталған полицейдің анасы Әсия Мырзабекова.

Полицейлер неге ақталды? Істің мән-жайын тексерген сарапшылар жәбірленушінің денесіндегі жарақаттар басқа жағдайда пайда болуы мүмкін деген ұйғарым жасаған. Өйткені «мына жерімнен ұрды» деп көрсеткен жерде жарақаттың ізі болмапты. Алайда жәбірленуші тәртіп сақшыларынан таяқ жегенім рас деп отыр. Алдағы уақытта қайта шағым түсірмекші.

«Мені азаптады, оның бәрі тергеу барысында дәлелденді де. Қаншама айғақтар болды. Оларды соттады, енді кеше ақтап шықты. Мен қазір өз өмірім үшін алаңдаймын. Сондықтан, мұнымен тоқтап қалмаймын. Мен де шағымданамын. Әділдік орнауын талап етемін», – дейді жәбірленуші Руслан.

Ақталып шыққан полицейлерге майор, аға лейтенант, лейтенант шендері де қайтарылатын болды. Ал Руслан Есанов «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне қайта тағады.

Комментарий