Аптадағы сұхбат | Интервью неделиБас тақырып | Тема дня

Нариман БЕКНАЗАРОВ, Нұр-Сұлтан қалалық тергеу сотының төрағасы: «ШВЕЦИЯ СОТЫ – АДАЛДЫҚТЫҢ, ӘДІЛЕТТІЛІКТІҢ АЙНАСЫ»

– Нариман Бектасұлы, жуырда қазақстандық делегация құрамында Швецияға барып қайтыпсыздар. Бүгінде тұтас әлемге үлгі болып отырған бұл елден үйренеріміз көп екені ақиқат. Сапардан не түйдіңіз?
– Иә, қазан айының 8-11-і аралығында USAID, Internews халықаралық ұйымдары және Жоғарғы Соттың бірігіп ұйымдастырған жобасы аясында Швецияға стади-тур жасап қайттық. Сапардың мақсаты – осы елдегі мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат өкілдері арасындағы қарым-қатынасты зерделеп, тәжірибе алмасу. Бағдарлама өте ауқымды болды. Өздеріңізге белгілі, Швеция өзінің дамуы бойынша Еуропа халықтарының арасында ең алда тұрған мемлекеттің бірі. Экономикалық жағынан да, жалпы қоғамның дамуы жағынан да көш басында. Қоғамдық ұйымдар жұмысына көзқарас, олардың белсенділігі бойынша алатын үлгі көп. Бұл елде, сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенділігі өте ерте қалыптасқан. Мұның
бір мысалы онда жұмыс істейтін Швеция пресс омбудсмен деген ұйымы. Ол 1916 жылы құрылған. Яғни, Швецияның қоғамы, халқы бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекет өмірінде елеулі рөл атқаратынын сол кезден бастап зерделеп, ұққан. Бұл ұйым мемлекеттік тұрғыдан реттелмейді. Мемлекет оның қызметіне
араласпайды. Бұл өзін-өзі басқару қағидатына сай жұмыс істейтін ұйым.
– Ол сонда бұқаралық ақпарат өкілдерінің мүддесін қорғай ма?
– Жоқ. Пресс омбудсмен азаматтардың белгілі бір БАҚ-тың немесе онда қызмет істейтін журналистің өзіне қатысты жалған ақпарат таратқаны, іскерлік беделі, абырой-беделіне нұқсан келтіргендігі жөніндегі шағымын қарайды. Бұл ретте пресс омбудсмен екі мәселені анықтап алады. Олар журналистің шынымен сондай жарияланым жасағаны және оның шынында да азаматтың абырой беделіне нұқсан келтіргендігін дәлелдейтін айғақтар. Егер осы жағдайлар ақиқатқа сай болса, онда шағымды өндіріске алады. Мәселе Журналистер одағы қабылдаған, журналистердің Этика кодексінің нормалары бойынша қаралады.
– Пресс омбудсмен сот жүйесінің өкілі ме?
– Жоқ, пресс омбудсмен арнайы сайлау тәртібімен журналистер арасынан сайланады. Швецияда журналистердің үлкен төрт құрылымы бар екен. Пресс омбудсменге үміткер осы ұйымдар ішінен таңдалады. Мұндай ұйым журналист үшін этикалық нормалардың қажеттігін көрсетеді. Екіншіден, журналистерге
қатысты шағымды басқа біреу емес, журналистердің өз одағының қарауы – мәселенің әділ, сауатты шешілуінің кепілдігі болып саналады. Бұл – жалпы қоғамның, журналистік қызметтің биік дамығанын
көрсететін фактор. Шағымды судья емес, журналистердің өзі қарағандықтан онда заңның емес, Этикалық кодекстің нормалары қолданылады. Олар декларивтік сипаттағы өлшемдер. Негізінен журналистер өз қызметінде азаматтардың құқықтарын сақтап, жеке өміріне қол сұқпауы, жалған ақпаратты қолданбай, оларды тексеріп, дұрыстығына көз жеткеннен кейін ғана жариялау сияқты қағидаттарды басшылыққа алады.
Шағымды осы нормаларға сәйкес қарап, тиісті шешімін шығарады.
– Оның шешімімен азамат келіспесе қайтеді?
– Иә, пресс омбудсменнің шығарған шешімімен азаматтың келіспеуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда ол келесі
саты ретінде Швецияның пресс кеңесіне шағымданады. Бұл 28 мүшеден тұратын ұйым. Олардың ішінде журналистер, қоғамдық ұйым өкілдері және Жоғарғы Соттың 4 судьясы бар. Пресс кеңес те өзін-өзі басқаратын ұйым. Оған мемлекеттің қатысы жоқ. Бұл кеңес те жарияланымда келтірілген ақпарат дұрыс
па, ол азаматтың абыройына шынымен нұқсан келтірді ме, соны ғана қарап, заң нормаларын қолданбай тиісті шешім шығарады. Бұдан түйгенім, жалпы қоғам өзі ұйымдасып журналистерге азаматтардың мүддесіне нұқсан келтірмеуі үшін, журналистиканың бұл тұрғыда белгілі талаптарға мойынұсынуы үшін осы ұйымды құрып, оның жұмысын реттеп отыр. Ол тек журналистердің өзіне ғана емес, жалпы қоғамға арналған. Яғни, ар-намысыма нұқсан келді деп санаған азамат сотқа барып, уақытын босқа өткізбейді. Соттың алдына барып оны дәлелдемейді. Тек қана пресс кеңеске барып шағым беріп, тексеріп, өзін мазалаған ойлардың анық-қанығына жетеді. Сондықтан осындай үрдісті бізге жақсы тәжірибе ретінде қабылдауға болады деп ойлаймын.
– Олай болса Жоғарғы Сот судьяларының бұл ұйымдағы құзыреті қандай?
– Жоғарғы Соттың судьялары бұл кеңесте өз миссиясын қоғамдық қызмет ретінде атқарады.
Шағымданушылар көп пе және олар қандай мәселелер бойынша арызданады екен? Қолданылатын шаралар қандай?
– Жылына алты жүздей адам арызданады екен. Көбіне айтып кеткеніміздей, жеке өміріне қолсұғушылық мәселелері бойынша шағым жасалады. Олар тек кеңес береді. Яғни, олардың шешімі соттың шешімдері секілді орындалмайды. Бірақ, журналиске қатысты осындай шешімнің шығуы оның біліктілігіне көлеңке түсіретін жағдай. Ол бір, екіншіден мұндай шешім шағымданған азамат арызының қанағаттандырылғанын білдіреді. Шағымданушы үшін де, журналист үшін де бұл фактінің анықталғаны болып табылады. Егер бұған қанағаттанбаса, онда сотқа барады. Онда пресс кеңес шешімі мен соттың шешімі екі бөлек болуы мүмкін. Өйткені, сот заңның нормаларын қолданады.
– Жалпы бұл елде сөз бостандығы қандай деңгейде екен?
– Швецияның мемлекеттік басқару үлгісі – конституциялық монархия. Яғни, бұл ел республика емес, монархия ретінде құрылған мемлекет. Оның 1949 жылы қабылданған Конституциясы төрт құқықтық актіден тұрады. Оның біреуі баспаның еркіндігі туралы акт. БАҚ өкілдеріне қатысты актінің Конституцияның бір бөлігі ретінде болуы Швецияның БАҚ еркіндігіне, сөз бостандығына ерекше көңіл бөлетіндігінің, оларды ерекше құндылық ретінде танитындығының көрінісі болса керек. Меніңше, бұл да біздің ел үшін қажет тәжірибе. Біздің де Конституцияда сөз еркіндігі жайлы жазылған. Бірақ, Ата Заңда оның арнайы акт ретінде тұруы мемлекеттің жалпы БАҚ-қа ерекше көңіл бөлуінің белгісі.
– Бұқаралық-ақпарат құралдарының жұмысы қалай реттеледі? Олар қаржыны қайдан алады?
– Бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын ешбір ұйым реттемейді. Олар жұмыстарын ешбір ұйымға бағынышты болмай, өз саясатын өзі құрастырып, дербес жұмыс жүргізеді. Құзырлы орындар ішінде Мәдениет министрлігімен тығыз байланыста болады. Бұл ұйым, бірақ, БАҚ-тың саясатына араласып, жұмысына
баға бермейді. Олар тек БАҚ-пен мемлекеттің өкілі ретінде қарым-қатынаста болуды, қаржылай қолдауды көздейді.
– Сонда бұқаралық ақпарат құралдарына қаржы бөле ме? Егер солай болса біздегідей өздерінің медиажоспарларын орындататын шығар?
– Мұны біз де сұрадық. Олардың айтқаны: БАҚ әртүрлі болады. Ірі БАҚ жарнама арқылы қомақты қаржы табуы мүмкін. Ал, аудандарда, аймақтарда жұмыс істейтін ұсақ БАҚ үшін мұндай мүмкіндік жоққа тән. Сондықтан, олар қаржы тапшылығына ұшырап, жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болуы мүмкін. Осындай жағымсыз салдарларға ұшырамау үшін мемлекет оларға қаржы бөледі. Бұл субсидия ретінде жасалады. Бірақ. ақшаны қалай пайдаланады, неге жұмсай ды, оны өздері шешеді. Ондай жоспар да, талап та жоқ. Қай БАҚ-қа қаржы керек, соған қолдау жасап отырады. Бұл ретте мемлекет үшін маңыздысы жергілікті халық үшін ақпараттың қолжетімді болуы. Қаражатты бөлетін арнайы комиссия бар. Бұл да қоғамдық өкілдерден, журналистерден құрылады. Оның басшысы – Жоғарғы Соттың судьясы. Ол ауыстырылып отыруы мүмкін. Негізінде бұл қызметке БАҚ-пен тұрақты байланыста болатын, олармен жұмысқа иекемі, ынтасы бар судьялар ұсынылады.
– Судьяның қаржыға қандай қатысы бар?
– Бұған біз де таңғалдық. Сондықтан, олардан «Пресс омбудсмен мен пресс кеңестің жұмысына судьяны тартасыздар. БАҚ-қа қаржы бөлу кезінде тағы да судьялардың құзырына жүгінесіздер. Бұл жауапты міндетті неге министрліктің бір шенеунігіне немесе өзге де лауазымды тұлғаларға, журналистердің өздеріне
емес, судьяға жүктейсіздер?» деп сұраған едік. Бұған «Бұл мәселелерді шешу үшін ерекше қабілет керек. Судья өз жұмысында тәуелсіз, объективті, адал. Бізге олардың осы қабілеттері мен қасиеттері керек» деген жауап алдық. Бұдан менің түйгенім, Швеция қоғамында судьяның рөлі өте жоғары. Яғни, судья ондағы қауымның түсінігі бойынша адал әрі таза адам. Ол ешкімнің мүддесін көздемейді. Қоғам оны өз жұмысында тек қана дұрыс, әділетті шешім қабылдап үйренген адам деп біледі. Демек, Швецияда судьяның келбеті – адалдықтың келбеті, әділеттіліктің айнасы. Мұны судьялардың жеткен жетістігі деп түсінуге болады. Өйткені, судья өзінің барлық іс-әрекеті бойынша адал болуы керек. Күнделікті атқаратын қызметінде оның дұрыстығы парасаттылығы, заңға деген құрметі көрініп тұруы керек. Осы қасиет керек болғандықтан аталмыш мәселелерде судьяға жүгінеді. Ал басқа прокурор, өзге де шенеуніктер өз жұмыстарында белгілі бір ведомствоның, белгілі бір тұлғаның мүддесін қорғайды. Яғни, өз мақсатына сай келмейтін мәселелер бойынша әділетті шешім қабылдамауы мүмкін. Журналистердің судьяға жүгінуі бұл жалпы журналистиканың да, сот жүйесінің де өте жоғары деңгейде дамып, бір-біріне бәсекелес ретінде емес, мүдделес ретінде бірлесіп жұмыс істеуге ынтасын көрсетеді. Өзім соған сүйсіндім. Өйткені, жасыратыны жоқ, бізде БАҚ-пен
етене араласатын қазылар аз, судьялар қоғамда осындай деңгейде абыройлы деуге әлі ерте. Мұндай деңгейге жету үшін әлі көп еңбектеніп, өзімізді жетілдіруіміз керек. Бір шешім болса да әділ, заңды
қабылдау керек. Судьяның осындай келбетінің үлгісі қалыптасуы керек. Швеция бұған жетіп қойған. Ондағы қоғамның судьялықты адал кәсіп ретінде қарауы үлкен жетістік.
– БАҚ-та еркіндікті пайдаланып, рейтингті көтеру үшін қоғамға жат ақпараттар, туындылар таратылатын жағдай бола ма екен? Егер бар болса, оған қарсы күрес қалай жүзеге асады? Осы мәселені сұрастырып көрдіңіздер ме?
– Ең негізгі мәселе барлық ақпарат шындыққа сай болуы керек. Мұны редактор қадағалайды. Келісімшарт арқылы жұмыс істейтін журналистер де, фрилансерлер де бар. Журналист әртүрлі ақпарат алып келуі мүмкін. Бірақ, шындыққа сай болуын қадғалау БАҚ-тың міндеті. Мемлекеттік қызметте жүрген адамдарға ерекше көңіл бөлінеді. Олар жеке өмірінің ашықтығына дайын болуы керек. Егер лауазымды тұлға жайлы жазылса, ол тек шындыққа сай болуы тиіс.
– Жалпы сот жұмысы қалай ұйымдастырылған, бізден несімен ерекшеленеді?
– Үш жүз мың адам тұратын бір аймақтың сотына бардық. Онда жұмыс қызық ұйымдастырылған. Мысалы, аудандық сот қылмыстық істер мен азаматтық істерді қарайды. Біздегідей олар да үш сатыдан тұрады. Яғни, бірінші сатыда қарап, шешім шығарады. Одан кейін апелляциялық сот және Жоғарғы Сот. Жоғарғы Сот төмендегі соттар қараған азаматтық және қылмыстық істер бойынша шығарылған шешімдердің заңдылығын тексереді. Ал, әкімшілік істер бойынша жеке дара соттары бар. Ол да аудандық, апелляциялық, Жоғарғы Соттардан тұрады. Біз қылмыстық және азаматтық сотына бардық. Ондағы ерекшелік – соттың ашықтығы. Онда кез келген адам мемлекеттік құпиялылықты талқылайтын, адамдардың жеке өмірін қарайтын сот отырысынан өзгесіне қатыса алады. Негізі бізде де кез келген азамат сотқа қатыса алады. Бірақ, Швеция сотының ерекшелігі, онда кез келген журналист сот материалдарын қарап, бәрімен егжей-егжейлі таныса алады. Журналистер көбіне лауазымды тұлғаларға, резонансты істерге қатысты істер бойынша сотқа
бармайды. Электронды пошта арқылы сұрайды. Сот келісіп жібереді. Бізде материал тек іске қатысушыларға беріледі. Олардың істері біздікіндей том-том емес, кішігірім ғана тергеудің шешімі. Азамат қылмыс жасады ма, жасамады ма? Соны дәлелдейтін құжаттардың жинағы десе болады. Бізде ол айыптау актісі деп аталады. Тоқ етерін айтқанда, Швецияда сот ештеңені құпия ұстамайды. Қажет деп тапқандардың бәрі істің мазмұнымен танысып, соттың шешімінің әділдігін өз бетінше саралауы мүмкін. Маған бұл елдің сот жүйесі осынысымен ерекше болып көрінді. Оның тағы бір ерекшелігі – адам бейнекөрінісінің жариялылығына шек қойылуы. Швецияның сот залдарының есіктерінде фотоға түсіруге болмайды деген жазу бар. Оған кірген адам тек тыңдауға, жазып алуға құқылы. Мұның себебін сұрағанымызда «Соттағы болып жатқан жағдай адамның елеулі кезеңдерінің бірі. Бұл жерде азамат неше түрлі күйде болады. Егер сол сәттер БАҚ арқылы
көрсетіліп жатса, олар адамның өміріне кері әсер беруі мүмкін» деген жауап алдық. Бұл талап талқыланбайды. Ал, бізде бәрі ашық. Түсіруге де, жазуға да болады. Оған тек соттың рұқсаты керек.
Біздің тағы бір ерекшелігіміз судьялардың өз шешімдерін түсіндіретіні шығар…
– Иә, бізде судья кеңесу бөлмесіне барып, үкім шығарады, жариялайды, қазіргі талап бойынша оны халыққа түсіндіреді. Швецияда осылармен қатар судья пресс релиз жазады. Оны судья кеңесу бөлмесінде шығарған үкімімен бірге дайындайды. Ол жерден осы екі құжат бірден шығады. Судьяның неліктен пресс релиз жазу
себебін де сұрадық. Пресс релиз соттың неге мұндай шешім қабылдағаны жайлы түсіндірмесі. Бұл БАҚ өкілдерінің, бүкіл халықтың шешімді дұрыс түсінуі үшін қолға алынған, қалыптасқан үрдіс. Бізде, өкінішке қарай, мұндай талап жоқ. Бізде талқыланады, шешіледі, түсіндіріледі. Сонымен іс бітеді. Бізде мұның барлығы сотқа қатысушылар үшін ғана жасалады. Ал Швеция соты тек сотқа қатысушыларды ғана емес, бүкіл қоғамды ойлайды. Судьяның шешім шығарудағы ойын, ұстанымын дұрыс түсінуді көздейді. Осы мақсатта, сонымен қатар, резонанс тудырған істер бойынша судья соттың шешімінен кейін арнайы БАҚ өкілдеріне конференция өткізеді. Осылайша судья маман ретінде өз шешімінің әділдігін жеткізіп, БАҚ-тың, тұтас қоғамның оны дұрыс түсінбеуі немесе әдейі бұрмалауының алдын алады. Бұл да өз кезегінде судьяның абырой-беделін көтеріп, халықтың сотқа деген сенімін арттыруға қызмет етеді. Менің ойымша, бізде де шешімдер заңды қабылданады. Судьялардың заңсыз шешімге баруы өте сирек кездесетін жағдай. Бірақ, біздің проблемамыз, өз шешімдерімізді дұрыс түсіндіре алмаймыз. Соның салдарынан шешімге байланысты
адвокат өз ойын айтады, прокурор өз пайымын жеткізеді. Журналистер өз көзқарасын тәпсірлейді. Ал, ең негізгі тұлға – судья үнсіз қалады. Сондықтан, әділет өз шыңына жетпейді. Қағаз жүзінде бәрі дұрыс. Бірақ, оны ешкім түсіне алмайды. Сосын теріс ұғымдар туып, теріс ақпарат тарайды. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар өте көп. Кейде сотта қаралған басқа істерді, сотталушылардың өздерін бір-бірімен салыстыру орын алады. Олардың істеген әрекеттері әр бөлек қой. Біреудің істегені үшін емес, әркім өз әрекеті үшін жауап береді. Сондықтан, бір іс бойынша квалификацияның да, тағайындалған жазаның да әртүрлі болуы заңды. Ал, мұны дұрыс жеткізу судьяның, жалпы, сот жүйесінің міндетіне айналуы керек. Осыған көңілді көбірек бөлсек, біздің қоғамда сот әділдігіне қатысты сенім деңгейі артар еді.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий