Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

АБЗАЛДЫҚ ӘЛІППЕСІН ТУ ЕТКЕН ЖАН

Дүниеде «Ай – ортақ, күн – ортақ, жақсы – ортақ» дейді бабаларымыз. Сот саласындағы үлкен мен кішіге, аға мен ініге ортақ бір жақсы адам болса, ол Әбдірашид Төлегенұлы Жүкенов деп батыл айтуға болады. «Биікке шықсаң көзің ашылады, Жақсымен сөйлессең көңілің ашылады» дегендей, Әбдірашид Төлегенұлымен тілдескен сайын парасат пайымына, кісілік келбетіне еріксіз таңданасың. Мұндай биікке Жүкенов тынымсыз еңбек пен толағай ізденістің арқасында жетті. 60 жасты бағындырған мерейтой иесі бүгінде Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасы қызметін үлкен абыроймен атқарып келеді. Оның қызметке адал, төрелікке шын берілгеніне халық – қазы, көңіл – таразы.

Алтын қазық
Ұстаным болашаққа бағдар берер алтын қазық. Адамның арманынан алыстамауы, мақсатына адаспай жетуі осы қазықтың мықтылығына тікелей байланысты. Өзі қалаған мамандықтың маңында жүргендер көп, бірақ, өзін мойындатқандар санаулы. Біздің кейіпкеріміз де сол санаулылардың бірі. Бүгінде қызмет бабында Эверестің көз жетпес шыңын бағындырған Әбдірашид Төлегенұлының өмір жолы ғибратқа толы. Оның көп жылғы еңбек жолына үңілген сайын таланты мен тағылымы әсерлі кітап тәрізді ашыла түседі. Әбдірашид Төлегенұлы 1959 жылы 27 қазанда Талдықорған облысының Герасимовка ауылында дүниеге келген.
«Әркімнің туған жері өзіне Мысыр шаһары». Оның үстіне, табиғат бұл өлкені сұлулықтан кенде қылмаған. Көздің жауын алатын Жетісу жері Қазақстанның сұлу тәжі секілді. Бұл өңір Балпық би Дербісәліұлы, Ескелді би Жылгелдіұлы, Қарасай Алтынайұлы, Наурызбай Құтпанбетұлы, Сара Тастанбекқызы, Қадырғали Қосымұлы Жалайыри, Тезек төре және Бөлтірік шешен, қазақтың көрнекті жазушысы, қасиетті қара жырдың құлагері атанған Ілияс Жансүгіров сынды танымал тұлғаларды өмірге әкелген, талантын шыңдаған өлке. Осындай дара тұлғаларды тәрбиелеген өңірдің тумасы бола тұрып талантыңды мойындатпау, табанды болмау мүмкін емес. Алғырлығы мен зеректігі жастайынан байқалған Әбдірашид Төлегенұлы кез келген ортада өзінің үздік екенін көрсете білді. Тіпті, Отан алдындағы борышын өтеуге барған ол қатарластарының алды екенін алғашқы сәттен байқатты. Соның арқасында көп кешікпей бөлім командирі болған жас жігітке бұдан артық не керек дерсіз. Алайда, арманы асқақ бозбаланың жүрек қалауы басқа еді. Сол құштарлық оны Алматыдағы білім ордасына жетелеген. Қазақстандағы көрнекі заңгерлердің қара шаңырағына айналған С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университет талапты баланың бетінен қақпады. Талапкерлер арасындағы конкурстың жоғарылығына қарамастан Әбдірашид Төлегенұлы құқықтану мамандығына бірден оқуға түсті. Талай қазақтың марқасқа ұстаздарынан білім алған маманның бұл оқу орнына айтар алғысы шексіз.

Жақсы маман бағалы

Өзінің алғашқы еңбек жолын 1985 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Сот отырысының хатшысы, одан соң шағымдар бөлімінің бас консультанты болып бастаған кейіпкеріміз 1988-1994 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облыстық сотының мүшесі болып жұмыс жасайды. «Болам деген баланың көзінде оты болады» дейді Сырым Датұлы. Сол айтпақшы, өзі сүйген, жүрегі қалаған іспен айналысқан адамда ерекше ынта, ықылас болады. Мұндай жандар алдынан кездескен қиындыққа мұқалмайды, кедергіден қаймықпайды. Керісінше, сынақ оларға күш береді. Талай талантты жасты биік тұғырға жетелейтін де осы күш болса керек. Қызметке жаңа араласқан Әбдірашид Жүкеновті де өзгелерден даралаған, қатарының алды болуға итермелеген негізгі себеп – мамандыққа деген сүйіспеншілік десек, қателесе қоймаймыз. Өмірдің тақтайдай түзу болған кезі жоқ. Ақ пен қараның қатар жүретіні секілді, жетістік пен кемшіліктің де кезек жүруі табиғаттың заңы. Жетістікке тасымаған, жеңілістен мұқалмаған жандар ғана мұндайда мақсатына жететінін көзіміз көріп жүр. Ол үшін адамға табандылықтан бөлек, отбасылық тәрбиенің де көмегі көп. Әбдірашид Төлегенұлы оның бойындағы бауырмалдық, кішіпейілдік, қамқорлық, қайсарлық сияқты асыл қасиеттердің бәрі киелі шаңырақтан бастау алса керек. Ата-анасынан ерте ажырау жас жігітке оңай соққы болған жоқ. Бірақ, қиындық қатайтты, егіліп жүріп есейді. Өмір тауқыметін тарта жүріп, болаттай шыңдалды. Осылайша небәрі 29 жасында Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы атанды. Ал, 1994 жылы Шығыс Қазақстан облыстық соты төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Жақсы маман қай ортада да бағалы. Тәуелсіз сот жүйесіне заңды жетік білетін кәсіби судьялар қажеттігі туындағанда таңдаудың бірден Әбдірашид Төлегенұлына түсуі де сондықтан. Соның нәтижесінде 1995 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы болып тағайындалды.

Бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастырушы бірегей тұлға

Өзі жас әрі бастамашыл Ә.Жүкенов көп ұзамай Жоғарғы Сот Пленумының хатшысы болып сайланады. Сот жүйесінің қалыптасу, өрлеу жылдарында заңдарды қолдану практикасына қатысты қорытулар мен талдауларды қарап, сот практикасы мәселелері бойынша түсініктеме беретін нормативтік қаулыларды қабылдады.
Жоғарғы Соттың судьясы Төлебай Қожан әріптесінің осы бір сын сәттердегі еңбегі туралы айта келе: «Мен тағдырыма ризамын. Себебі сот саласының саңлағы, қызметіне адал, достыққа берік, білікті де білімді Әбдірашид Төлегенұлымен бірге жұмыс жасау үлкен бақыт! Өте қарапайым отбасынан шығып, осындай
биікті бағындыру кез келген адамның пешенесіне жазылмаған дүние. Жалпы сот саласында қылмыстық құқыққа қатысты жазылған заңнама болсын, іс-шаралар болсын, Әбдірашид Жүкеновтің қатысуынсыз өткен емес. Яғни, бұл өз мамандығының кәсіби шеберлігін көрсетсе керек» дей келе, Әбдірашид Төлегенұлының
жанкешті еңбегіне жоғары баға берген болатын. Шындығында, тәуелсіз сот құрылымының іргетасын қалауға атсалысқандар бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастырудағы Жүкеновтің еңбегін ерекше атайды. Өйткені, Әбдірашид Төлегенұлы бірыңғай сот практикасын қалыптастыру жөніндегі негізгі нормативтік қаулылардың қабылдануына тікелей қатысқан тұлға. Сол қаулылар әлі күнге дейін өз маңызын жоймай, сот практикасында
қолданылып келеді. Алысқа бармай-ақ,«Қазақстан Республикасында сот билігі туралы заңдарды қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1998 жылғы 14 мамырдағы № 1 және «Есірткі, психотроптық және улы заттарды заңсыз айналымға түсіру жөніндегі істер бойынша заңдарды қолдану туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1997 жылғы 18 шілдедегі № 10 нормативтік
қаулыларын атап өтсек жеткілікті.

Жемісті еңбек

Адамның қызметіне бір ауыз сөзбен баға беру әсте қиын. Жүкеновтің өмір жолына үңілгенде бірден байқалатыны – әділдікке, тазалыққа деген адалдығы. Өз қызметіне адал берілген азамат прокуратура саласында да бағын сынап көрген. Бұл ортада да Жүкеновке көрсетілетін құрмет бөлек. Бұл құрылымда да кішкентай ғана ауылдан шыққан қара домалақ бала өзінің білім жағынан
мықты, тәжірибелік жағынан шебер екенін күштік құрылымдағы қызметкерлерге дәлелдей білді. Соның нәтижесінде 2001 жылы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары қызметін ойдағыдай атқарды. Өмір белестерін сенімді бағындыру дегеніміз де осы шығар, бәлкім… Жетістікпен тоқтамаған Жүкеновтің жемісті еңбегі әрі қарай сотта жалғасты. Осылайша 2005-2010 жылдар аралығында Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, 2014 жылы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясының) төрағасының орынбасары қызметін атқарады. 2019 жылдың шілде айынан бастап Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін атқарып жүрген Әбдірашид Төлегенұлының екінші мәрте осы лауазымға келуі кездейсоқтық емес. Мұндай тағайындаудың артында Ә.Жүкеновтің жан әлемі, парасат болмысы, дегдар қасиеті, сөзге беріктігі, антына адалдығы жатыр. Бүгінде әділетті қоғамның кепіліне айналған қазақстандық сот жүйесі осындай тұлға, ел тізгінін қолға алған басшыларымыздың арқасында үлкен биікке жетті. Әсіресе, Әбдірашид Төлегенұлының қылмыстық құқық, қылмыстықпроцестік құқық саласына орасан зор еңбегі сіңді. Сот жүйесінде қылмыстық құқыққа қатысты еңбектерді ақтара қалсаң көз алдыңа бірден Әбдірашид Жүкенов келеді. Себебі қазақстандық сотта жасалған қадау-қадау істердің басында Әбдірашид Төлегенұлының тұрғанын әріптестері жақсы біледі.

Тұлға қоғамнан тыс өмір сүрмейді

Жүкеновтің әріптесі әрі шәкірті, Жоғарғы Соттың судьясы Лаура Ағыбаеваның айтуынша, «Әбдірашид Жүкенов қылмыстық құқық, сондай-ақ, қылмыстық-процестік құқық бойынша құқық қолданушыларға, әсіресе, судьяларға бағдарланған құнды монографиялар жазған. Олар: «Қылмыстық істер бойынша сот практикасы», «Қылмыстарды саралау», «Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік кодексін қолдану практикасы», «Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық және Қылмыстықпроцестік кодекстерін қолдану мәселелері және сот практикасы». Олар нақты қылмыстық іс материалдарына негізделген әрі қылмыстық құқықты қолданудың даулы мәселелерін, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстердің енгізілуіне байланысты туындаған жаңа институттарға түсіндірмелерді және басқа да жарияланымдарды қамтиды». Расында, қылмыстық құқық тақырыбына кез келген заңгердің тісі бата бермейді. Ал, осы тақырыпты тереңнен қаузап, тәптіштеп түсіндіріп берген Ә.Жүкеновтің монографиялары заңгерлердің ең керекті кітабына айналғалы қашан. Осы құнды еңбектерден судьялардың қаншама буыны білім алуда. Оның кітаптары судьяларға материалдық және процестік құқықтың нақты бір салаларын зерделеуге, сот актілерін жазып үйренуге мүмкіндік береді.
Әбдірашид Төлегенұлы заңгерлер қауымдастығында танымал және үлкен беделге ие. Өз ісінің нағыз маманы ретінде оның пікірі – білімнің қайнар көзі. Сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуына Әбдірашид Төлегенұлының қосқан үлесі өлшеусіз. Әділдік пен ақиқатты өз өмірінің мәніне айналдырған Әбдірашид Жүкенов қоғамның сұранысына орай заң тетіктеріне енгізілетін өзгерістерді қолдайды. Осы ретте автордың өзіне сөз
берсек: «… Қылмыстық заңға өзгерту енгізу және Қылмыстық кодекстің зорлауға жауаптылықты көздейтін санкциясын заң арқылы күшейту туралы қоғамдағы пікірлермен келісемін. Бұдан бөлек, қылмыстық заңда Қылмыстық кодекстің 55-бабы ережелерінің жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстарды, сыбайлас
жемқорлық және бірқатар қоғамға қауіпті қылмысты жасаған адамдарға қолданылмайтындай етіп қайта қараған жөн. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы
шеңберінде дәл осы жұмыстарды жүргізіп жатыр. Егер барлық даусыз және айқын істерді алып тастасақ, онда ақтау үкімдері 2016 жылы – 0,6%, 2017 жылы – 1,4%, 2018 жылдың 1-жартыжылдығында –
2,5%, 2018 жылдың 2-жартыжылдығында – 5,5%, ал 2019 жылдың 1-жартыжылдығында – 6% құраған», – дейді. Жалпы, кез келген тұлға қоғамнан тыс, жаңашылдықтардан сырт өмір сүре алмайды. Жұмысының қауырттығына, қызметінің қиындығына қарамастан олар айналасындағы бастамаларға ой қосып, пікір білдіруді өздеріне парыз санайды. Бұл түсінікті де. Сондықтан, тәжірибелі заңгер ретінде Жүкеновтің қауіпсіз қоғам қалыптастыруға қатысты айтқан ойлары қашанда құнын жоғалтпақ емес.
 

Табыстың кілті
Әрине, бүгінгі кейіпкеріміздің еңбек жолы, жалпы адамдық қасиеті туралы көп айтуға болады. Дегенмен, шағын ғана мақала оған тарлық етеді. Адамның табысын өмірде қолы жеткен жетістіктерімен емес, табысқа жетудегі кедергілерімен өлшеу ләзім. Кішігірім мақаламызда біз ата-анасынан ерте ажыраса да сынаққа сынбаған, қиындыққа төзе білген Әбдірашид Төлегенұлының сот саласына сіңірген еңбегінің бір парасын ғана сөз ете алдық. Алпыс жасында айналасына ұлағатты аға, кейінгілерге дана бола білген ағамыздың өмірлік
тәжірибесі талай кітапқа жүк боларлық. «Еңбектің бағаланғаны жақсы» дейді бабаларымыз. Бұл шағын мақала да сол адал жанның еңбегіне сүйсінуден, табандылығын мойындаудан туған. Ең бастысы, сот-құқық саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Жүкеновтің еңбегі де мемлекет тарапынан елеусіз қалған жоқ.
Оның өңірінде жарқыраған 2-дәрежелі «Даңқ» ордені, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдары сөзіміздің нақты дәлелі. Кейіпкеріміз тек беделді судья ғана емес, отбасында ұлағатты ата, өнегелі әке, адал жар, сенімді дос. Әріптестеріне жасаған қамқорлығы, жас буынға берер тағылымы тіптен бөлек. «Жақсыда жаттық жоқ» дейді қазақ. Сол айтпақшы, жақсы адамды жанына жақын тұтатын жан көп. Біз де айналасына жанашыр болып, үлкен-кішіге жақсылық жасаудан шаршамайтын ақылман аға, білікті судьяға мерейлі жасыңыз құтты болсын дейміз!
Алма ТҮСІПБЕКОВА,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы
Сотының бас консультанты

Комментарий