Құқық | Право

Халықтың құрметінен үлкен марапат жоқ

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Марат Түгелбаевтың атына жолданған хаттар көп. Соның бірінде Қызылжар ауданының полиция қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін мінсіз атқарғаны туралы айтылыпты.
Тарқатып айтар болсақ, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында ауылшаруашылық құрал-жабдықтарын жөндеумен айналысатын Василий Брацун деген азаматтың мекемесіне екі рет ұры түсіп, қаскөйлер ондағы құнды құрылғылар мен автобөлшектерді қолды етеді. Дереу полиция қызметкер леріне хабарласқан хат иесі басында ұрланған дүниелерінің қайтатынына сенбеген. Алайда, жедел қимылдаған сақшылар азаматтың жалпы полицияға деген көзқарасын өзгерткен еді.
Арыз түсісімен Соколов ауылы полиция бөлімінің жедел әрекетінің арқасында ұрылар бір тәулік ішінде қолға түсіп, қолды болған мүліктер түгелдей қайтарылған. СҚО Полиция департаменті басшысының атына жазылған хатта «Ұрыларға ізін суытуға мүмкіндік бермеген полиция инспекторы мен жедел уәкілдерге, Э.С.Аллахверанов, З.Ж.Рахметоваға, сондай-ақ, Өзіңізге және әріптестеріңізге алғыс айтамын» – деген хат иесі қылмыстың ашылуына ауылдық полиция бөлімінің басшысы тікелей атсалысқанын айрықша атап өтіпті. Полиция майоры Эльдар Аллахверанов ішкі істер саласында 13 жылдан бері қызмет етеді екен. Оның жеті жылын Соколов ауылдық округінде өткерген ол кейінгі төрт жылдан бері аталған ауылдың полиция бөлімін басқаруда. Үш мыңға жуық халқы бар Соколов ауылының әр тұрғынын танитын оның қызметіне жергілікті тұрғындар да дән риза. Ал, халқының ризашылығына бөленген полицейдің өзі: «Мен осы ауылда туып, өстім. Бұл маған екі есе жауапкершілік жүктейді. Өз ауылымның қауіпсіздігін сақтап, жерлестерімнің маған артқан сенімін ақтау қызметтік міндетім ғана емес, азаматтық борышым. Біз әрдайым қырағы әрі ширақ әрекет етуге тырысамыз. Әріптестерім 33 ауылдың 16 мыңдай тұрғыны өздерін қауіпсіз сезінуі үшін барын салып, күн-түн демей жұмыла жұмыс істеуде. Соның арқасында халықтың да полицияға деген сенімі артып келеді. Әрине, ашылмаған қылмыстар да жоқ емес. Десек те, біз ондай істерді «жабулы қазан – жабулы күйде» қалдырмаймыз. Әрқайсысымен табанды түрде жұмыс істеуді тоқтатпаймыз», – дейді.
Үстіміздегі жылы облыстық полицияның жеке блогына тұрғындардан осы тектес ондаған алғыс хат келіп түскен. Онда тұрғындардың бірі дер кезінде ашылған қылмыстар үшін ризашылықтарын білдірсе, келесілері жақындарының табылуына себеп болған сақшылардың қызметіне алғыс жаудырған. Әрине, ішкі істер саласында қызмет етіп жүрген азаматтар үшін халықтың осындай игі тілектері мен шынайы ризашылықтарынан артық марапат жоқ. Бұл оларға жігер беріп, өз қызметіне деген қызығушылығын арттыра
түсері де анық. Жалпы жыл басынан бері СҚО бойынша төрт мыңға жуық қылмыстың беті ашылыпты.
Камила ЫСҚАҚОВА,
«Заң газеті»

Комментарий