Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Нұрлан ҚАЙЫРБЕКОВ, Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы:«КҮНДЕЛІКТІ ІС ҚАРАМАҒАН ТӨРАҒАНЫҢ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІГІ ТӨМЕНДЕЙДІ»

– Жоғарғы Соттың бастамасымен медиацияны дамыту бойынша кешенді шаралардың қолға алынғанына біраз уақыт болды. Алайда, тараптардың бәрі бірдей бітімге келе бермейтінін көріп жүрміз. Тіпті, судьялардың татуластырмақ болған ізгі ниетін қате түсінетіндер де кездеседі.
– Сөзіңіздің жаны бар. Медиацияның екі жаққа да тиімді болатынын, бітімге келудің пайдалы екенін түсіндіріп жатсақ та татуласудан қашатындар баршылық. Енді, «Бес саусақ бірдей емес» қой. Бастаманың жақсы екенін түсіндіру үшін де уақыт, күш-қайрат керек. Көзі жетпеген дүниеге азаматтардың сенім артпайтыны белгілі. Бұл дұрыс та. Оның үстіне, бүгінге дейін «барлық даудың түйінін сот шешеді» дегенді көпшіліктің санасына құюмен келдік. Дау-­жанжалды сот арқылы салиқалы түрде шешіп жүрген жұртшылық бірден медиацияны мойындай қойсын ба? Ол үшін медиацияның не екенін, медиатордың кім екенін, қандай жұмыстар атқаратынын таныстыру маңызды. Осы мақсатта бүгінге дейін қаншама насихат жұмыстары жүргізілді, қаншама іс-шаралар ұйымдастырылды. «Жан қиналмай жұмыс бітпес, талап қылмай мұратқа жетпес» дейді мұндайда қазақ. Нәтижесі жаман емес. Шығыс Қазақстан облысының соттары медиативтік келісім жасаудан республика бойынша алдыңғы орында келеді. Бұл – ұжымның жанкешті еңбегінің жемісі. Егер тараптар медиациялық келісім жасаудан бас тартты деп тежеліп қалсақ, мұндай нәтижеге қол жеткізбес едік.
– «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасы үшінші биліктің жұмысын жүйелеудің алғышарты десек, қателесе қоймаспыз. Жоғарғы Соттың бастамасымен қолға алынған бұл бастама аймақтарда қаншалықты сапалы жүзеге асырылуда?
– Сот жүйесін дамытуға бағытталған жоба «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Сотсыз татуласу орталығы» деген негізгі 7 бағыттан тұрады. Мұның барлығы қарапайым халықтың талап-тілегін, ұсыныс-лебізін тыңдап, саралағаннан туындаған жобалар. Азаматтар ойындағы мінсіз судья қандай болуы керек? Халық қалауындағы «Үлгілі соттың» өлшемі не? «Әділ процеске», «Сапалы нәтижеге» қалай қол жеткіземіз? Осының бәрі аталмыш жеті жобаға негіз болды. Ал тұтастай алғанда, аталған жобаларға жүктелген ортақ міндет – қоғамның соттарға деген сенімін арттыру.
Мысалы, қазір қашықтықтан сот отырысына қатысу қалыпты жағдайға айналды. Тіпті, шетелде жүрген азаматтар қолындағы смартфонына арнайы бағдарлама жазу арқылы қазақстандық соттарда куәлік ете алады. Жаңа технологияның пайдалы тұсы осы. Мұндай жаңашылдықты аймақтардағы халық тұрмақ, астаналықтардың өзі армандайтын. Ал қазір шалғай аудандағы жұртшылықтың өзі сот саласындағы жаңа жобалардың тиімділігіне көз жеткізе бастады. Соттағы оң өзгерісті байқамау, бағаламау мүмкін емес. Алысқа бармай-ақ, сот ғимаратына табаны тиген жандардың өзі жаңашылдықты бірден аңғарады. Мысалы, бұрын оймақтай терезенің арғы жағынан құжаттарды қабылдаған қыздың бет-жүзін көру тұрмақ, дауысын естудің өзі мұң еді. Ал қазір сотқа бағытталған хатты интернет арқылы электронды түрде жолдауға болатынын әркім біледі. Енді тіпті сот мамандарымен тілдесудің де қажеттілігі жоқ. Өйткені, соттарда арнайы фронт-кеңселер ашылған. Онда сот қызметкерлерінен бөлек, адвокаттарға, медиаторларға орын бөлінген. Бұл ортадан нотариус, психологтарды да табу оңай. Біз жоғарыдағы мамандарға орын ұсына отырып, азаматтардың құқықтық, психологиялық тұрғыдан тегін кеңес алуына, жұмысын жеңілдетуге қол жеткізіп келеміз.
– Ал осындай ұжымдық жұмыстағы төрағаның рөлі қандай? Жалпы, төрағалардың екі реттен артық тағайындалмауы керек деген пікірге қалай қарайсыз?
– Төраға деген төрде отыру дегенді білдірмейді. Бұлай қысқа ойлау қате. Төраға – ұжымды ұйыстырушы. Сондай-ақ, сот жұмысын үйлестіруші, аға буын мен жас буынның арасын жалғаушы да төраға. Сот пен басқа құзырлы орындардың арасындағы алтын көпірдің рөлін де осы төраға атқарады. Керек десеңіз, сот төрағасының беделіне, кісілік келбетіне, парасат-пайымына қарап өңірдегі бүкіл судьялар қауымына баға беріледі. Сондықтан, төраға болудың үлкен жауапкершілік екенін түсінуіміз керек. Төрағаларға талаптың жыл өткен сайын жоғарылауының сыры осында. Жалпы, кәсіби біліктілік үлкен тәжірибенің нәтижесінде қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда екі сотқа төрағалық ету арқылы мен көп нәрсені үйрендім. Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың да көздегені облыстық соттар басына тәжірибелі, бәсекеге қабілетті мамандарды әкелу болса керек.
– Төрағаның жұмысы шашетектен. Өзіңіз судья ретінде сот процестерінде төрелік етесіз бе?
– Күнде қалам ұстамаған суретшінің салғаны қисық болады. Күнделікті жазу жазбаған қаламгердің ойы шашыраңқы шығады. Бұл нені білдіреді? Қаншалықты кәсіби маман болсаң да, өз салаңды күнделікті қадағалап, күнделікті саралап отырмасаң, қабілет-қарымыңды жоғалтасың. Яғни, күнделікті сот отырысына
қатысып, судья ретінде істі таразыламаған төрағаның да кәсіби шеберлігі төмендейді. Шеберлік деген не? Ең алдымен, судьяға шешен сөйлеу, тараптарды өз сөзіне ұйыта білу, ойын түсінікті жеткізу тән. Үнемі адамдармен араласып, процеске қатысып отырмасаң осы қабілеттен алыстайсың. Тараптармен тілдесіп,
ойын тыңдап, құжаттарға тіл бітіру үшін де судьяға біліктілік керек. Ал бұл тек тәжірибемен, күнделікті дайындықпен келетін қабілет. Сондай-ақ, төрелік етпесең, күнделікті заңдарды оқуға, таразылауға уақыт бөлмейтінің де ақиқат. Судьяның сүйенері – заң. Бізді «сөйлейтін заң» дейтіні де сондықтан. Сол заңды қайталап оқып, іс жүзінде қолданбаған судья да кәсіби машығын жоғалтады. Сондықтан, процеске қатысу міндетті. Оның үстіне, қазір ақпараттар заманы. Қоғамның талап-тілегі күн санап емес, минут, секунд санап өсуде. Үдерістен қалмау керек, жаңалыққа ілесу шарт. Сот отырысына қатысқан судья заңды қолдануда, сөз
саптауда қателеспейді. Азаматтармен қоян-­қолтық араласқан сайын сөйлеу мәдениеті шыңдалады, әртүрлі істерді қараған сайын заңгерлік сауаттылығың артады. Ендеше, процеске қатысу жай қадам емес, қажеттілік!
– Судья – тәуелсіз деген сөзді жиі айтамыз. Кез келген қаулы, шешім мен үкімді шығарарда әр судья өзінің ішкі пайымына, заң баптарына сүйеніп қорытынды жасайды дегенді де көп естиміз. Ал сол судьялар қателігіне төрағалар қаншалықты жауапты?
– Судья шығарған шешімнің өз гертіліп, үкімнің бұзылуы сот ұжымына сын. Өйткені, қате шешімді шығарған кім дегеннен гөрі, қай сот шығарды деген сұрақ алдымен қойылады. Сондықтан, шешімді шығарарда судья тәуелсіз болғанымен, ондағы қателікпен ұжым болып күресеміз. Судья – мәртебелі мамандық. Ел президенті тағайындайтын жауапты маман. Бұл лауазымға тек мықтының мықтысы, білімдінің білімдісі іріктеледі. Солай болуы тиіс! Бірақ, сотқа кімдердің судья болып келетінін таңдау төрағаның құзырындағы шаруа емес. Біз тек сот ұжымына қосылған жаңа кадрды жұмысқа үй­ретуіміз, біліктілігін шыңдауымыз керек. Осыған орай жас судьяларға тәжірибелі судьялардан тәлімгерлер бөліп, біліктілігін көтеруге атсалысамыз. Судья – үнемі ізденісте жүруі шарт. Сондықтан, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясына судьяларды жіберіп, шеберлігін жетілдіру де үнемі назарымызда. Өзге өңірлердегі әріптестерімізбен тығыз байланыс орнатып, тәжірибемен бөлісу әдемі дәстүрге айналған. Бұған әлеуметтік желінің де көмегі көп болып отыр.
– Әлеуметтік желі демекші, бүгінде облыстық сот төрағаларының да өз парақшалары бар екенін байқап жүрміз. Жалпы, судьялар әлеуметтік желіде қойылатын сұрақтарға жауап беріп, пікір жазуға қалай уақыт табады?
– Әлеуметтік желі – ашық пікір алаңы. Қазір әр саланың жетістіктері ең алдымен осы жерде таныстырылып, кемшіліктері осы ортада сынға ұшырап жатады. Өйткені, ақпарат алмасу жеңіл, жедел. Сот саласы да бұл жаңашылдықты өз игілігіне пайдаланып отыр. Қазір Жоғарғы Соттан бастап, облыстық, аудандық соттарға дейін өз сайттарын жүргізіп, арнайы парақшаларын ашып, халықпен етене араласуда. Қай сотта қандай іс-шаралар атқарылып жатқанын, төрағалардың қашан қабылдайтынын қазір жұртшылық осы жерден біледі. Жаңа технологияның бір тиімді тұсы бұл. Заманауи қажеттілік болған соң сот төрағалары да арнайы парақшаларын жүргізіп жатыр. Әрине, төраға жұмысының күрделі екені де, бос уақытының жоқ екені де рас. Бірақ, әлеуметтік желі қазір халық пен бізді жалғап тұрған ашық диалог алаңы десек, ақиқаттан алыстай қоймаймыз. Сондықтан, бұл жерге уақытты өткізу үшін, болмаса жаңа суретімізді жүктеу мақсатында емес, азаматтармен тікелей байланыс орнатып, талап-тілегін тыңдау үшін отырғанымызды жұртшылық түсінсе дейміз. Біздің парақшалар халықтың лебізін арадағы делдалдар арқылы емес, өз ауыздарынан естуге мүмкіндік береді. Азаматтардың парақшада қалдырған лебіз, пікір, сын-ескертпелері жұмысты тиімді ұйымдастыруда, кемшілікпен күресуде үлкен көмек. Өкініштісі, әлеуметтік желіде жарияланған ақпараттың шын, өтірігін ажырату оңай емес. Өйткені, компьютердің ар жағында отырған адамдардың білімі ғана емес, түсінік, танымы да әртүрлі. Сауаттылығы, көрген-түйгені де біркелкі дей алмаймыз. Әсіресе, жалған атпен парақша ашқандардың жауаптылығы сын көтермейді. Ойына не келсе, соны жазатындар өзі қаралап, мансұқтап отырған адамның жақындары, балалары бар екенін қаперіне алмайтын секілді. Қоғамдық пікірді түзеу үшін біздің де әлеуметтік желіде тіркеліп, жауаптылықты арттыруға үлес қосуымыз керек. Осындайда америкалық жазушы Дейл Карнегидің «Өз кемшіліктерімізді көре білейік. Жетістікке жетудің басты
жолы осы» деген сөзі еріксіз ойға оралады.

– Ғабит Мүсірепов айтқандай «Өз мініңді көруден, басқаның мінін көру оңай». Сот жұмысына сын айтып, судьялар қызметіне шағымданатындар көп пе?
– Біреудің жұмысына сын айту қашанда оңай. Жалпы, орынды айтылған сыннан қорықпау керек. Ол өсіреді, шыңдайды, кемшілікті жояды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нағыз патриот – өз елін мақтайтын емес, нағыз патриот кемшіліктерді байқап, оларды түзеуге ықпалдасатындар» деген тағылымды сөзі бар. Сол айтпақшы, сот саласы жаңа биікке көтерілсе деген ізгі ниетпен кемшілігімізді көрсеткен жандардың ескертпесін елеусіз қалдырмаймыз. Ол үшін сот ғимаратында сенім жәшігі тұр. Көңіліне жақпаған, жұмыста байқаған олқылықтарды жазып, сол жерге қалдыруға болады. Сондай-ақ, әлеуметтік желідегі парақшаларымыз да азаматтардың пікірі үшін әрдайым ашық. Үнемі қабылдаулар өткізіп, аймақтарды
аралаған кезде де көпшіліктің пікіріне құлақ түруді дағдыға айналдырғанбыз. Өйткені, кемшіліксіз адам болмайды. Ал, күнде қаншама іске төрелік жасап, қаншама тағдырға таразы болатын сотқа кез келгеннің көңілі толады десек, қате болар. Әр істе екі тараптың мүддесі қозғалатындықтан, судьяның шығарған
шешіміне біреуі риза болса, екіншісі ренішін ішіне бүгіп кетеді. Жеңілген тараптың түрлі қитұрқылыққа барып,
себепсіз сын айтатынын да көріп жүрміз. Тіпті, соңғы жылдары әлеуметтік желіні, бұқаралық ақпарат құралдарын сын айтуға мінбер ететіндер қатары көбейді. Сот шешімін шығармай жатып байбалам салатындар да кемімей отыр. Осының барлығы құқықтық мәдениеттің толық қалыптаспағанын көрсетеді. Құқықтық сауатты азамат шешім шықпай іске қатысты пікір айту судьяға жасалған қысым екенін түсінер еді. Бұдан бөлек, қазір ақпараттың, электрондық технологияның мүмкіндігі кеңейген заман. Жалған айыптаудың дәурені өтті. Кімнің ақ, кімнің қара екенін анықтау үшін сот отырысы ның таспаларына көз жүгіртіп шықсаң
жеткілікті. Сот отырысы залдары толық дыбыс-бейнежазу құрылғыларымен жабдықталғандықтан, жалған айыптауды анықтау жеңіл. Ал, сын дұрыс болса, оны ешқашан жауапсыз қалдырмаймыз. Сыннан нәтиже шығарамыз.
– Шығыс Қазақстан облысы өндіріс орындарына, ірі кәсіпорындарға бай аймақ. Мұндай ортада еңбек даулары да аз кездеспейтін шығар?
– Адам жүрген жерде келіспеушіліктің, даудың болатыны қалыпты жағдай. Біздің міндетіміз сол дауларды әділ, заңды шешу. Еңбек даулары бұрын да болған, қазір де бар. Олардың көбі азаматтардың құқықтық сауатының кемдігінен орын алып жатады. Әлі күнге дейін еңбек келісімшартын жасаспай жұмыс істейтіндер азаймай келеді. Сот тарапынан үнемі басқосулар ұйымдастырып, ашық есік күндерін өткізіп, еңбек дауларына қатысты түйткілдерді тарқатуға, азаматтардың сауатын көтеруге тырысамыз. Әрбір мекемені өз ішінен келісім комиссиясын құруға үндейміз. Себебі, қазір еңбек қатынастарына қатысты түсініспеушіліктер алдымен осы келісу комиссияларында қаралады. Мәселе комиссияда шешілмеген жағдайда ғана, іс сотта таразыланады. Аймақта ірі өндіріс ошақтары көп. Алайда, даудың көбі мұндай үлкен жұмыс орындарына емес, шағын мекемелердегі заңсыздықтарға байланысты түседі. Өйткені, аты қалыптасқан, елге танымал компаниялар өз беделіне нұқсан келтіргісі келмейді. Оларға ірі көлемде айыппұл төлеп, абыройын аласартқаннан гөрі, қарауындағыларға қолайлы жағдай жасап, заңды талаптарды сақтап, еңбек өнімділігін арттырған тиімді. Ал, шағын жұмыс орындарында еңбек заңнамасын белден басатын жағдайлар баршылық. Осыған орай Өскемен қалалық сотында еңбек дауларының алдын алуға бағытталған арнайы пилоттық жоба жүзеге асуда. Соның нәтижесінде жұмыс берушілермен, кәсіподақ өкілдерімен пікірлесіп, еңбек дауларына жол бермеуге қадам жасалуда. Биылғы жылдың 4 наурызынан басталған бұл пилоттық жобаның қазіргі нәтижелерінің өзі жаман емес. Тоғыз айда еңбек даулары былтырғы жылмен салыстырғанда 48 пайызға азайып, соған сәйкес татуластыру арқылы шешілген даулар 33 пайызды құраған.
Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын!
Айнұр СЕМБАЕВА,
«Заң газеті»

Комментарий