Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Еркектер белсіздігі демография үшін өте қауіпті

Алматыда өткен І Орталықазиялық урологтар конгресіне әлемнің 20-ға жуық елінен мамандар келді. Дәрігерлер медицинаның бұл саласында әлі де науқастар санының өсіп, кемімей отырғанын сөз етті. Ұлттық қауіпсіздікке, оның ішінде демографияға әсері өте жоғары бұл ауру түрлерін анықтау мен емдеуде ғалымдар бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенімен, оның нәтижесі әлі де төмен.
«Жаппай диагностикалау өте күрделі мәселе. 2006 жылы Алматыдағы Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы өз күшімен барлық облыста скрингтік тексеру өткізген болатын. Оның қорытындысына қарағанда еркектер белсіздігі 50-52 пайызға жетсе, бедеулік 15 пайыздан асып отыр. Бұл демография үшін өте қауіпті. Халық өсуі үшін ол 15 пайыздан төмен болуы керек. Ал, бізде керісінше болып отыр. Қазір әр облыс орталығындағы емханаларда Еркектер денсаулығы деген бөлімдер ашылған. Барып, сол жерден тексеруден өтуге болады, оған үкімет қаржы да бөліп отыр. Тексерудің көбі ақысыз. Еркектердің белсіздігі Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында және Қарағанды өңірінде басқа аймақтарға қарағанда жоғары. Алайда, бұл нақты көрсеткіш деуге болмайды. Осы өңірлерде тексеруге келетін адам саны көп болғандықтан, ондағы ауру саны жоғары болып тұр», – дейді Алматы қаласының бас андрологы, Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы андрология бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Марат Мақажанов.
ҚР Клиникалық және іргелі медицина академиясының академигі Марат Абзалұлының айтуынша, еліміздегі қазіргі белсіздік пен бедеулікке қатысты мәліметтің өзі Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығына тексеруге келген адамдардың көрсеткіші. Ал елдегі жалпы ахуалды әлі ешкім нақты айта алмайды. Жалпы статистика бұдан көп болуы да, аз болуы да әбден ықтимал. Сондықтан, облыс орталықтарында ғана емес, өзге де түрлі деңгейдегі емханаларда урологиялық қызметке көңіл аудару қажет. Қазір урологиялық ауруларды емдеу бағасы өте төмен болғандықтан, мекемеге табыс әкелмейтін урологты штатқа алып, жалақы төлеп отыруға емхана басшылары аса құлықты болмай тұр. Урологиялық аурулар бұрын көбіне егде жастағылар арасында болса, қазір жас балаларда да кездесуде. Оны ерте анықтау үшін мектептерде балалар дәрігерлері тексеру жүргізуі керек қой. Егер ол туабіткен ауру болса мұның бәрін туғаннан кейін 3 жылдың ішінде операциялар арқылы емдеуге болатынын көбі білмейді. Сондықтан, олар өз шама-шарқына қарай мектептерге, кәсіпорындарға барып лекция оқып отырады. Онда қалай қаралу керектігін айтып, түсіндіреді.
Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының (ДДСҰ) мәліметтері бойынша, экономикалық жағынан дамыған елдер тұрғындарының өлім құрылымында несеп-жыныс жүйесі аурулары 7-ші орын алады және өлімнің барлық себептерінің 2,5-3 пайызын құрайды. Өлім-жітімнің аздығына қарамастан, бұл аурулар еңбекке қабілетті халықтың көпшілігінің уақытша еңбекке жарамсыздығы мен мүгедектегінің себебі болып табылады, осылайша елге үлкен экономикалық зиян келтіреді.
Мамандардың сөзіне қарағанда, халық арасында жаппай диагностикалауды енгізу өте күрделі мәселе болып отыр. Ер адамдар көп жағдайда ауруын жасырып, ол қатаң түрге өткен кезде ғана маман көмегіне жүгінеді. Бұл қоршаған ортаның ластануы мен ішетін күнделікті тамағымыздың сапасына да байланысты орын алуда. Сосын шылым тарту, сыра мен өзге де спирттік ішімдіктерді көп тұтыну, артық салмақ пен қант диабеті және холестериннің ұлғаюы, дене шынықтырумен шұғылданбау урологиялық аурулардың көбеюіне басты себеп.
Ауруларды дәрежесіне қарай жеңіл, орташа, қатаң деп бөлуге болады. Қатаң түріне операция жасайды. Орташа, жеңіл түрлерін жай ғана дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын ұстану арқылы 75 пайызға дейін емдеуге болады. Урологиялық ауруларды анықтау мен емдеудің бүкіл әлемде өзектілігін жоймай келе жатқанын, сондай-ақ, адамдардың жұмысы қазір көбіне компьютер алдында атқаратын және бір жерде отырып істейтін істермен байланысты болуынан деуге де болады. Өкінішке орай қыздар 12-13 жастан бастап гинекологқа барып қаралып жатса, ер адамдар жасөспірім шақты былай қойғанда, ақыл тоқтатып, орта және егде жасқа жеткен кездерінде де емханаға барып, урологқа қаралудан қашқақтайды. Тек ауруы қатаң түрге өте бастаған кезде ғана ғылыми орталыққа келеді. Сондықтан Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығына келушілердің арасында белсіздік 30-40 жас арасындағыларда 15 пайыз, 40-60 жас арасындағыларда 25-30 пайыз, 60 жастан жоғары жастағыларда 70-80 пайызға дейін барады. Белсіздікпен келгендерді 90-95 пайыз емдеуге болады. Атап айтқанда 10 пайызын операциямен, қалғанын операциясыз және дәрі-дәрмекпен де емдейді.
Дәрі-дәрмек демекші, Марат Абзалұлы қазір АҚШ пен Еуропа елдерінің реестрлерінде 4-5 мың дәрі, ал біздің елімізде 25-30 мың түрлі дәрі барын айтып, олардың саны жылдан жылға ұлғайып келе жатқанын алға тартуда. Сондықтан, мамандар білмеген заттарды іш-ішпе деп айта алмайтын жағдайға жеткен. Өкінішке қарай, жарнамаға сеніп сапасыз дәрі-дәрмекті пайдаланудан кейін емделудің орнына, ауруын одан ары асқындырып алатындар да кездесуде.
Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының басқарма төрағасы Ануар Амановтың пайымдауынша, урологиялық ауруларды егер тек дәрі-дәрмектің көмегімен ғана емдей аламын деген дәрігердің сөзіне сенуге болмайды. Жан-жақты және терең ойластырылмаған іс-шараларсыз тек дәрімен емдеудің соңы нәтижесіз. Тіпті урологиялық аурулар кейбір жағдайда жыныстық қатынас мәдениетін сақтамаудан да болуы мүмкін. Сондықтан, Алматыда өтіп жатқан І Орталықазиялық урологтар конгресі бізге көптен жетіспей келе жатқан пікірталас алаңын құруға мүмкіндік беріп отыр.
Швеция, Нидерлданды, Болгария профессорлары арасында болған пікірталастан ең алдымен біздің урологиялық қызметіміз және конгреске келген өзге меймандар өзіне пайдалы көп нәрсені алып отыр. Сондай-ақ, Түркия елімен арадағы келісім бойынша енді біздің жас мамандарымыз бұрынғыдай тек екі аптаға ғана емес, жарты жылға дейін онда іс-тәжірибеден өтіп, білікті кадр болып оралуға мүмкіндік алуда. Өйткені конгресс кезінде простатит рагына операция жасауда кейбір елдер роботтардың көмегіне жүгіне бастағаны айтылды. Мәселен, Швециядан келген медицина ғылымдарының докторы, Еуропалық урологтар қауымдастығының бұрынғы бас хатшысы Пер Андерс Абрахамссонның сөзіне қарағанда, робот техникалардың кейбір операцияларды дәрігерлерден де тиімді орындайтыны анықталған. Сондықтан болашақта операция алаңынан роботтарды көрсеңіздер, таңғалмаңыздар!

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий